Жуырда“Береке” шағын ауданындағы мектептердің қасына екі жаңа бағдаршам орнатылмақ. Бұл жөнінде «Жолда қабылдау» акциясы барысында айтылды. Солтүстікқазақстандықтардан келіп түскен сұрақтардың басым бөлігі жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты болды. Сұрақтарға облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Думан Таев, жергілікті полиция қызметі, әкімшілік полиция, көші-қон қызметі басқармасы және процессингтік орталықтың басшылығы жауап берді. Қабылдаудың алғашқы сәттерінде-ақ 100-ге жуық сұрақ келіп түсті. Тікелей көрсетілім облыстық полиция департаментінің “Инстаграм” және “Фейсбук” әлеуметтік желілеріндегі ресми аккаунттарында жүргізілді.
Петропавл қаласының тұрғындарын жол қозғалысы реттелмейтін жаяу жүргіншілер өтпесі бар Назарбаев көшесіндегі Чкалов аялдамасының маңы толғандырады екен. Қала тұрғындары бұл жерге басатын түймешегі бар бағдаршам орнатуды өтінді. Бұл мәселе әкімшілік полиция басқармасы басшылығының бақылауына алынды. Сондай-ақ, петропавлдықтар балалардың мектеп маңайындағы қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдірді. “Береке” шағын ауданындағы жаңа мектептің жанына бағдаршам орнатылатын болды. “Берекедегі” тағы бір мектептің қасына да бағдаршам орнату жоспарлануда.
Полицияның №1 аймақтық қосынына мото және автоклубтардың өкілдері де келді. Олар өздері өткізетін спорттық іс-шаралар жоспарымен бөлісіп, ең алдымен барлық қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүдделі екендерін атап өтті. Бұған қоса олар өздерін тәртіпті жүргізушер қатарына жатқызатынын және түнгі уақытта қала көшелерінде тыныштықты бұзбайтынын мәлімдеді. Ал қала тұрғындарының наразылығын туғызатын мотоцикл жүргізушілері байкерлер клубына кірмейді.