«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА МҮМКІНДІК

Облыстық “Даму” қорының кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында “Мүмкіндігі шектеулі әйелдердің кәсіпкерлік қабілетін дамыту” тақырыбына арналған семинар өтті. Шараның өтуіне “Шырақ” мүгедек әйелдер қауымдастығы” қоғамдық бірлестігі және “Даму” қоры мұрындық болды. Екі күндік семинарға жиырмаға жуық қыз-келіншек қатысып, сертификат алды.

Алматы қаласынан арнайы келген “Шырақ” қауымдастығының ақпараттық менеджері Мария Тарасова мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау мен көмек жайында айтып, туындаған сұрақтарға жауап берді. Айта кету керек, “Шырақ” мүгедек әйелдер қауымдастығы 2001 жылы қимыл-қозғалыс мүшелері зақымданған он әйелдің бастамасымен құрылған. Бүгінгі таңда қауымдастық республикалық мәртебеге ие, еліміз бойынша 8 филиалы, құрамында 2000-нан аса мүшелері бар ұйым болып отыр. Қауымдастық 15 жылдық жұмысы барысында өзін Қазақстандағы мүгедектер мен гендерлік мәселелер бойынша жұмыс жасайтын және үнемі дамушы қоғамдық ұйым ретінде танытып үлгерді.

Бизнес-сауаттылық бағытының қыр-сыры, сонымен қатар психологиялық тосқауылдарды жеңу сияқты маңызды тақырыптар әңгіме өзегіне айналған семинарды облыс әкiмiнiң мүмкiндiгi шектеулi жандармен жұмыс жөнiндегi кеңесшiсi Светлана Бусыгина жүргізді.

– Мен Алматы қаласында болып, арнайы курстан өттім. Ендігі мақсатым – облысымыздағы мүгедек әйелдерді өмірге жаңа көзқараспен қарауға үйрету. Шара арнайы жасалған бағдарлама бойынша жүргізілді. Яғни, ең бастысы өздеріне деген сенімді арттыру. Семинар-тренинг барысында қатысушылар кәсіпкерліктің негіздерін оқып, бизнес-жоспар жасауды үйренді, – дейді Светлана Анатольевна.

Мүмкіндікті мүлт жібермей, кәсіпкерлікте бағын сынап көруге бел буғандардың бірі – облыс тұрғыны Алма Қожабаева. Туа біткен сал ауруына шалдыққан қайсар бойжеткен осы бағдарлама бойынша дәріс тыңдап, жаңа жұмыспен айналысуға ниетті.

Бүгінде жоба аясында Қазақстанның 16 қаласында 180 мүмкіндігі шектеулі әйелді оқыту жоспарланған және соның ішінен 90-ны келесі кезеңде қайта оқыту мен біліктілікті арттыру курстарына іріктеліп алынады.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp