Облыстық әкімдікте жылыту маусымына дайындық барысы талқыланған кеңес өтті. Биыл желілерді жөнге келтіруге 44 млрд. теңге жұмсалады. Бұл қаржының 33 млрд. теңгеден астамы – жеке инвестиция.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, жөндеу науқаны кестеге сай жүріп жатыр. «Севказэнерго» акционерлік қоғамы жөндеуге биыл 27 млрд. теңге жұмсайды. Соның ішінде Петропавлдағы 2 жылу-электр орталығында қазандық агрегаты мен турбоагрегат қалпына келтіріледі, 3 қазандық пен 2 турбоагрегат күрделі жөнделеді, 8 қазандық агрегаты мен 4 турбоагрегатқа ағымдағы жөндеу жүргізіліп, түтін мұржасының құрылысы аяқталады.
«Петропавл жылу желілері» жөндеу жұмысына 1,5 млрд. теңге бөлді. Бұл қаражатқа 6,37 км жылу желілерін жөндеу, 0,9 км-ды жаңарту, 4 км жылу оқшаулауышын қалпына келтіру жоспарланған. Облыстың электр желілік кәсіпорындары суық түскенше 1,5 км электр беру желілерін және 221 қосалқы стансаны жөндеп, 201 км желі тартпақ.
Аудандарда жылыту маусымы басталғанға дейін 484 қазандықты, 636 білім беру нысанын, 364 денсаулық сақтау, 162 мәдениет нысанын және 1,5 мың көпқабатты үйді дайындау міндеті тұр. Сондай-ақ 11 жаңа қазандық сатып алынып, 6,3 км жылу желілері жөнделеді.
Жалпы облыс бойынша жөндеу науқаны кестеге сәйкес жүргізілуде, жаңа түтін мұржасын қосу жұмыстары белгіленген мерзімнен алда келеді.
Кеңес қорытындысы бойынша облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов тұрғын үйлер мен нысандарды жылумен үздіксіз қамтамасыз етуге бағытталған алдағы жылыту маусымына дайындық бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».