«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ЕЛБАСЫ Қоғам қайраткері, академик Ғарифолла Есіммен сұхбат

– Қазақта ертеден келе жатқан, заманға қатысты айтылған “Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған” деген сөз бар. Әрлі-берлі тарихты ақтарар болсақ, “мың өліп, мың тірілген” қазақтың қай кезде осындай мамыражай ғұмыр кешкенін біле алмай дал болатынымыз рас. Тіпті, еліміздің бақ жұлдызы жарқыраған бүгінгі таңда да өзіміз өмір сүріп жатқан уақытқа қатысты сөз қозғала қалса, “алмағайып”, “күрмеуі қиын” деген сияқты терең ойларға жетелейтін ұғымдарға шырмалып қалатынымыз бар. Осы тұрғыдан алғанда, сіз бүгінгі заман сипаты, жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан туралы не айтар едіңіз?

– Кезінде Қазбек бабамыз айтқандай, біз қырда қой баққан, жүйрік жаратып, қымызға бие байлатқан, тыныш жатқан қазақ деген ел едік. Ұйтқи соққан замана желі Дешті Қыпшақ даласына да алуан-алуан өзгерістер әкелді. Сан ғасырлық тарихында мың өліп, мың тірілген қазақ не көрмеді дейсіз?! Өзінің азаттығы үшін күресе жүріп, бәріне төзді, бәріне шыдады. Тәуелсіздік – соның қайтарымы. Міне, осы кезде біздің алдымызда “Заманды қай жан билемек?” – деген сауал тұрды. Халық таңдауын жасады, ел тізгінін Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа ұстатты. Содан бері жиырма бес жыл өтті. Жиырма бес жыл – жігіт жасы, көп уақыт емес. Ал енді осы кезеңде тындырылған істерді таразы басына тартсақ, оның ғасырға пара-пар жол екеніне көз жеткіземіз. Бәрін тізбелемей, негізгілеріне ғана тоқталайық. Тәуел­сіздіктің алғашқы жылдарын­дағы экономикалық-әлеуметтік жә­не саяси қиыншылықтарды еңсере білген Қазақ елі мемлекет­тілік­тің бар­лық институттарын құрып, нарықты біршама меңгеріп алды. Сөйтіп, халықтың әл-ауқаты жаңа дең­гей­ге көтерілді. Мем­лекеттік шекарамыз айқын­далып, елдің тұтас­тығы, жердің бүтіндігі қамта­масыз етілді. Атап айтуымыз керек, осының бәрі Елбасы­ның көре­ген­дігі мен ерік-жігерінің нәтиже­сінде мүмкін болды.

Елбасы бүгінгі заманның сипаты туралы сөз қозғағанда, біз өмір сүріп отырған кезеңнің қиыншылықтарын орап өтпейді. Заманның алмағайып екенін, күрмеуі қиын істердің күн сайын дерлік алдымыздан шығып жататынын айтып, ел-жұртын босаңсымауға, дағдарыстарға төтеп беруге шақырып отырады. Есіңізде шығар, өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан 2000 жылға дейін жағдайымыз өте ауыр болды. Бәріміз де сол кезде өмір сүрдік, көрдік, қиналдық. Осындай күрделі кезеңде бәрін саяси жаңғырудан бастаймыз деген көптеген елдер сау бастарына сақина тілеп алып, дүрбелеңге түсіп кетті ғой. Сол кезде Елбасы экономикалық мәселелерге басымдық беретінін ашық айтты. Халыққа ең бірінші нан керек, осы мәселені шешуіміз керек деді. Осындай батыл ойларын жүзеге асыру үшін Президент Парламент қызметін тоқтатып, бар жауапкершілікті өз мойнына алып, қаншама заңдар қабылдағаны да есте.

– Елбасымыз мемлекет өміріндегі күрделі кезеңде ұлы бабамыз Әбу Нәсір әл-Фарабидың: “Дұрыс әрекет – мақсатқа жеткізер жолды дұрыс таңдаудан басталады” деген ұлағатты сөздерін ескерді дейсіз ғой.

– Экономиканы бірінші орынға қою қазіргі күнгі жағдайымыздың іргетасы болды. Ел тұрақтылығының негізін қалады. Бұл айтуға жеңіл сөз. Мұндай қадамға өзіне сенімді, рухы мықты адам ғана бара алады. Заманды билейтін адамның рухы биік болуы шарт. Рух биіктігі, қазіргі тілге салсақ, инновациялық идеялармен және нақтылы істермен көрінбек. Демек, Қазақстан үшін қазіргі заман Елбасының рухымен, ерік-жігерімен сипатталады. Мысалы, Астана салу бұл тек технологиялық процесс болған жоқ. Бұл рухани құбылыс болды. Қала – рух, қала – идея, қала – болашақ, қала – ізгілік мекені. Бұл – жаңа қала. Жаңа мемлекетке жаңа қала керек. Жаңа қала – жаңа идея, инновация. Бұл заманды билеудің керемет технологиясы. Қала – өркениет, урбанизация. Бұл бір десек, екінші жағы – Қазақ елінің тұтастығы, болашағы. Сіз жақсы білесіз, кезінде біздің жерімізге көз алартушылар болған. Сол әңгіме Астананың салынуымен тоқталды. Өз заманында орыс патшасы Петр І Санкт-Петербургтей қала салып, елінің қауіпсіздігін қамтамасыз етсе, біздің Президентіміз қазақтың солтүстік шекараларын мәңгілікке бекітті. Бұл, міне, ерлік болды.

Мен сізге айтайын, он жылдан сәл асқан уақыттың ішінде Астанаңыз аймақтық шағын қаладан әлемдік басқосулар өтетін мегаполиске айналды. Астанамен бірге халықтың рухы, қазақтың рухы асқақтады. Қазақ елінің рухын асқақтатқан адамның өзінің де рухы биік болатыны сөзсіз. Егер тұлғалық биіктік болмаса, биіктікке ұмтылу қайдан болмақ? Бәйтерек – биік идея. Үнемі биіктікке ұмтылу Рух қуатын қажет етпек. Сондықтан бұның бәрі әншейін мәселелер емес. Рух биіктігі деген жаңа философия, ол – Елбасының философиясы. Меніңше, Қазақстан үшін жаңа заманның басты сипаттары өсу, өркендеу, өрлеу. Оны бүкіл әлем мойындап отыр.

Осы ойлардан туындайтын әңгімені тарқата түсер болсақ, біз аграрлық елміз. Кең даламыз бар. Кең даланы тауарға айналдыру керек. Бұл – бірінші саясат. Оны жүргізіп отырмыз. Өйткені, қазір халал, таза тамақ керек. Таза тамақ біздің далада. Азық-түлік деген әлемдік мәселе. Оны шешу жылдан-жылға күрделілене түседі, азық-түлік қымбаттай береді. Сол кезде біздің даламыз нағыз нарық майданына айналады деп ойлаймын. Екінші мәселе – ол инновациялық-индустриялық бағыт. Инновациялық-индустриялық бағыт ғылымды, технологияны, олардың қажеттілігін бірінші орынға шығарады. Ғылым жетіліп, технология дамиды. Индустриялды-инновация деген, жаңалық деген сөз. Жаңалық деген, жаңа технология, жаңа ғылыми тәсілдер, жаңа кадрлар, жаңа бағыттар. Бұл баяғы кеңестің индустрияландыруы емес, ол заманға сай кадрлар даярлауды, ғылымды дамытуды, технологияларды өзгертіп, жетілдіруді талап етеді. Осы мәселелерді шешкенде ғана біз бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосыла аламыз. Сондықтан осы бағытта жұмыс істеуіміз керек. Бұлар қазіргі заманның басты сипатын айшықтайтын негізгі бағыттар.

– Ұлы Абайдың дара тұлғалар туралы “единица” дегені бар. Осы ұғымның мағынасын тара-тыңқырап жіберсеңіз.

– Жаратушы өзінің рақымы түскен кей адамға асыл қасиеттерді молынан беретінге ұқсайды. Сондай адамның бойында керемет қуат, сарқылмас күш-жігер болады. Бірақ, ол қуаттың қайнар көзі халықта. Көсемдікке, көшбасшылыққа ұмтылған адам осыны ескерсе, небір биіктерді бағындырады. Міне, Нұрсұлтан Назарбаевтың бойындағы, яғни жалғыз адамның бойындағы қуат туған халқының бойындағы қуатын іске асыру мүмкіндігінен көрініп отыр. Халықтың бойындағы мүмкіндікті іске асыратын тұлғаның шығуы деген халықтың бақыты. Қай халықтың бойында сондай қуат жоқ дейсіз, барлық халықтың бойында бар. Бірақ сол халықтың бойындағы бар қуатын іске асыратын, оны бақытты етер басшысы табыла бере ме, мәселе осында. Абайдың “единица” деп отырғаны осы. Нұрсұлтан Назарбаев – осындай единицалардың бірі.

– Ағылшын қаламгері Джонатан Айткен “Н. Назарбаев және Қазақстанның жасампаздығы” деп аталатын еңбегінде Елбасы туралы “Көшпелінің киіз үйінде туып, биік шыңға қол жеткізді… Назарбаев тарихы – жоғары драматизм мен тағдырлы істерге толы жарқын жол”, – дейді. Президент туралы өз елімізде де пікір білдірушілер аз емес. Солардың барлығы дерлік, Нұрсұлтан Әбішұлының көрегендігіне, қажыр-қайратына, даналығына, осы сияқты басқа да қасиеттеріне тәнті екендерін дәттейді. Дегенмен, оның бейнесі мен болмысы жоғарыдағы сөздерге симай жататын сияқты. 1979-1990 жылдары Англия үкіметін басқар­ған және кезінде “Темір Леди” атан­ған Маргарет Тэтчердің де: “Мем­лекеттердің іргесін салған не­гізін қалаушылар әрдайым дерлік қа­лыпқа сыймайтын тұлғалар болып келеді, ал Нұрсұлтан Назарбаевты толық мәнінде осы санатқа жат­қызуға болады”, – деуі де осындай ойға жетелейді. Сіз қалай ойлайсыз?

– Бұл арада мәселе Қазақ елінің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың шын мәнінде тұлға екендігінде болып отыр. Тұлға деп кімді айтамыз? Осы арада ойлануға тура келеді. Қай қоғамда болмасын, өзіне тиесілі міндеттерді ғана атқарып, соған сай жалақысын алып, тыныш өмір сүріп, зейнетке шығатындар аз емес. Бұларды біз тұлға дей алмаймыз. Өз лауазымының мүмкіндіктерін пайдаланып, елдік, халықтық мүдделерге сай қызмет ететін, биік нысаналы идеяларды көтерген және оларды іске асыратын адам ғана Тұлға атанбақ. Ондай адамдар тарихта аз. Солардың бірі және бірегейі – Нұрсұлтан Назарбаев. Ойланып көрейік. Әлемде қанша мемлекет болса, сонша президент бар. Бірақ солардың бәрі тұлғалық қасиеттерін танытып, елін бақытқа бастай алды ма? Жоқ. Міне, мәселе қайда жатыр. Ал Нұрсұлтан Әбішұлына келетін болсақ, ол кісінің атқарған істерін санап шығудың өзі үлкен жұмыс, ол жөнінде айтылып та, жазылып та жүр. Сондықтан мен әңгімені көп созбай, Президенттің тұлғалық қасиеттерін айғақтайтын үш мәселеге тоқталайын. Бірінші, Астанада дәстүрге айналған әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері туралы. Бұл былай қарағанда, тікелей Президенттің жұмысына қатысты мәселе емес. Бірақ, Нұрсұлтан Назарбаев әлемде шешімін таппай тұрған дін және діндер арасындағы мәселеге ерекше ынта қойған. Діндер арасындағы келіспеушіліктен тарихта талай қырғын қантөгістер болды, әлі де дін мәселесінде түсініспеушіліктер көп. Діни экстремизм деген бар. Сондықтан әлемдік және дәстүрлі діндердің көшбасшыларын шақырып, әңгімелессе, олар не айтады екен? Адамзаттың мүддесі ортақ емес пе бәріне? Егер адамзаттың мүддесі барлық діндердің бәріне ортақ болатын болса, сол діндердің көшбасшылары да ортақ әңгіме айтпай ма деген ниетпен Астанада бірінші съезін өткізді. Одан кейін екінші, үшінші, төртінші съездер өтті. Өткен жылы діндарлар Астанада бесінші рет тоғысты. Әдетте, діннің көшбасшылары бір-бірімен көп келісе бермейді. Өйткені, әрқайсысы өзінің дінін нағыз ақиқат діні, ақиқат жолы деп есептейді. Басқа дінді олар мойындамайды. Міне, осындай ымыраға келіспейтін дін басшыларын Елбасы Астанаға жинап, бір үстелдің басына отырғызып, адамзатқа ортақ құндылықтар туралы ой бөлісуге мүмкіндік ашты. Бұл деген керемет шара ғой. Байқасақ, әрбір дінде адамзаттың ортақ құндылықтары туралы айтатын сөздер бар екен. Діндер бұрын ел мен елді, халық пен халықты бір-бірінен ажыратып тұратын мәселе болса, енді ел мен елді, халық пен халықты біріктіретін “көпірге” айнала бастады. Міне, осы іске бастамашы болған адам – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.Тұлғалық қасиет пе? Тұлғалық қасиет.

Екінші мәселе, ЕҚЫҰ-на қатысты. Есімде жақсы сақталыпты, 1975 жылы Хельсинкиде ЕҚЫҰ-ның бірінші жиналысы өтеді дегенде, көптің көкейінде сол кездегі КСРО-ның басшысы Леонид Брежнев жиынға бара ма, жоқ па деген сауал тұрды. Хельсинкиде өткен отырысқа ол қатысты, ЕҚЫҰ-ның он принципін қабылдап, қол қойды. Бұл жаңалықтың басы еді. Бұрын капиталистер мен социалистер бір үстелдің басында отырмайтын. Енді олар ортақ келісімге келе бастады. Демек, жаңа заман басталды дей бер. Дегенмен, сол кезде әлемдік деңгейде “қырғи қабақ соғысты” тоқтатқан осы құбылыс отыз бес жылдан кейін Қазақ елінде, Астанада жалғасын табады деп кім ойлаған. Түске кірмейтін нәрсе. ЕҚЫҰ саммиті Астанада өтті, Астана декларациясы қабылданды. Бұл тұлғалық жұмыс па? Әрине! Осындай аса маңызды әлемдік деңгейдегі іс-шараларға бастамашы болудың жауапкершілігі зор, тіпті, қауіпті де дер едім. Ондай қадамдарға сын көзбен қарайтындар жетіп артылады. Егер бастама өз мақсатына жете алмаса, әңгіменің қай арнада өрбитіні белгілі. Сондай қауіптерге қарамай тәуекелге бел буу ол адамның тұлғалық қасиетін көрсетеді.

Нұрсұлтан Назарбаев табиғатынан, болмысынан, тумысынан – алып тұлға. Үлкен адамның қызметі өскен сайын тұлғалық қасиеттері өсе береді. Біз Президенттің өмір жолынан осыны анық аңғарып отырмыз. Қызмет баспалдақтары Нұрсұлтан Назарбаевтың тұлғалық қасиеттерін бүкіл әлемге паш етті. Нәтижесінде әлем таныған Көшбасшыға айналды.

– Нұрсұлтан Әбішұлының бойында ел билеуге қажетті қасиеттердің бәрі – ақыл да, жүрек те, ой да бар, ол өзінің еңбегімен, жеке үлгісімен “Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады” деген Абай тағылымын бүкіл әлемге танытып келе жатыр дейсіз ғой.

– Әлбетте. Елбасының тұлғалық қасиетіне қатысты тағы бір қадамына тоқтала кетейін. Ол ядролық қарудан бас тарту мәселесі. Қалыптасқан түсінік қолыңда ядролық қаруың болса, сен күшті елсің, ядролық клубқа кіресің, сөзіңді өткізе аласың. Тұлғалық қасиетіндегі ізгілік табиғаты оны бейбітшілік мәселесіне тура бастап алып келді. Бейбітшілікке қару арқылы емес, қарусыз бару деген – бұл биік философия, ізгілікті дүниетаным. Бұл Махатма Ганди, Мандела секілді тұлғалар қарекетін еске салады. Бейбітшілікке қару арқылы емес, қарусыздандыру арқылы жету деген ол идеяны Нұрсұлтан Назарбаев дер кезінде түсінді. Қазір осы қадам әлемдік қарусыздану мәселесінде бірінші қағида. Сонда бейбітшілікке қарусыздану арқылы жету деген философияның ең басында Қазақ елі, соның Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тұр. Сөйтіп, ол елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, беделін биік сатыға көтерді. Сол арқылы өзінің де абыройы асқақтады. Қазіргі кезде әлемдік көш басында тұрмыз біз. Қарусыздандыру мәселесінде Нұрсұлтан Назарбаевқа әлемде тең келетін тарихи, әлемдік тұлға жоқ. Мұны Барак Обама да, Пан Ги Мун да, бәрі де мойындап, қолдап отыр. Бүкіл әлем қолдауда. Міне, тұлға биіктігі деген осы. Ол – қазақ мемлекетін құрған, қала салған, ел бірлігін нығайтқан, елді әлемге танытқан Тұлға!

– Дұрыс айтасыз, ұзақ уақыт патшалық Ресейдің және қызыл империяның құрсауында болып келген елдің жаңа мемлекет­тігінің іргетасын қалау және оны мызғы­мастай етіп, әлемдік қоғам­дастық мойындайтын дәреже­ге жеткізу екінің бірінің қолынан келетін оңай шаруа емес. Мемлекеттің пайда болуы, оның қалыптасуы, нығаюы бар жерде Мемлекет басшысының да орны айқын көрінеді. Өйткені, мемлекеттің пайда болуы немесе тәуелсіз ел атануы, әлемдік қоғам­дастық тарапынан мойындалып, өркениет қата­рына қосылуы көп жағдайда осы кездегі сол елді басқаруға тәуекел еткен, бар жа­уап­кершілікті мойнына алған ел басшысының көреген саясат­керлігі мен білікті ұйымдастыру­шылы­ғына, қа­рым-қабілеті мен қай­сар­лығына тікелей байла­ныс­ты екен­дігі айдай ақиқат. Олай болса, халқымыздың өз Президентін “Елбасы” деп тануы осы ерен еңбекке берілген жоғары баға, еліміздің барлық саладағы толағай табыстарындағы Нұрсұлтан Назарбаевтың зор рөлін танығандық, елдің, халықтың сенімі десек, қателеспейтін шығармыз? Президент. Елбасы. Осы екі ұғымда айырмашылық бар ма?

– Былай алып қарағанда, Президент пен Елбасы деген екі ұғымның айырмашылығы жоқ сияқты. Олай емес. Айырмашылық бар. Айталық, президент болып сайланған адамның табиғи тұлғалық қасиеті болмаса, ол ел басы бола алмайды. Мәселен, екіауыз сөздің басын қосып, дұрыс сөйлем құрай алмайтын, жұрт алдына шыққанда қағаздан басын көтермейтін президенттер де болғанын білеміз. Ондайларды ешкім ел басы демейді. Ал Нұрекеңе келсек, халықтың өзі осылай атай бастады. Мысалы, мен өзім Елбасы деген сөзді 2000 жылдан бері қолданып келемін. Ол кезде Елбасы туралы ешқандай заң да болған жоқ. Неге 2000 жыл? Нақ осы кезде ел ес жинай бастады. Сол жылдары халық та Президенттің тұлғалық қасиетін танып, оған барынша жақындай түсті. Сонда Елбасы деген сөз не? Елді бастаушы адам. Елді қалай бастауды білетін адам. Елді жарға жықпайтын адам. Ғасырлар өтсе де, елдің тарихында қалатын адам. Ғасырлар өтеді, ел санасында Елбасы қалмақ.

Елбасы деген ұғым өмірімізге заңмен енген жоқ, елдің құрметімен сіңді. Ізгі ниетпен, болашаққа деген сеніммен, жақсы болсын деген тілекпен келді. Жақсылыққа әкелетін осы адам деген сенімнен келді. Өйткені, біз мұның алдында әбден басшыға сусындап қалып едік. Алдында мүлдем қиын жағдайлар болды. Кеңес дәуірінде республика басшыларын жоғары жақ тағайындайтын. Мысалы, Қонаевтың еркіндігі болды ма? Мәскеу билеп отырды. Колбинді өзіңіз білесіз. Халық басшыға, Елбасына әбден сусындап қалған. Тереңірек үңілсек, халықтың сусындайтын мәнісі бар. Қазақтың бұрын хандары, билері болған, өзін-өзі басқарған замандар болған. Есім, Қабанбай, Бөгенбай, Сырым батыр, хан Тәуке, Әз Жәнібек, Абылай хан, Кенесары деп түгендей бастадық. Өзімізде басшы болған деген ренессанстық идеяға келдік. Жаңа заман басшысы болып Нұрсұлтан Назарбаев шыққанда халық табиғи түрде қолдады, жүрегі жарыла қуанды. Сондықтан Президентті халық Елбасы деп атай бастады. Кейін халықтық түсінік заңдастырылды. Енді тарихта, мен сізге айтайын, Назарбаев Елбасы болып қалады. Және де бұл Елбасы деген ұғым тек Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа ғана қатысты. Неге? Өйткені, бұл кісі мемлекет құрушы тұлға. Әлемде мемлекет құрушы адамдар өте аз. Қазақ мемлекетін, Қазақ елінің мемлекетін құрушы адам. Сондықтан, бұл Елбасы деген тек қана Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа берілген, халықтың құрметінен туған атақ. Бұл енді егеменді елдің бір атрибуты, символы. Халық санасында осылайша сақталмақ.

– Елбасы туралы әңгіме қозғай отырып, Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі даму стратегиясына тоқталмай кете алмаймыз, әрине.

– “Қазақстан – 2030” деген Стратегиясы – еліміз дамуының ұлттық қауіпсіздік, ішкі саяси тұрақтылық және қоғамның бірігуі, жоғары деңгейдегі шетел инвестициясы мен ішкі қорлар, ашық нарықтық экономикада бағдарланған экономикалық өсім, денсаулық, білім беру, Қазақстан азаматтарының әл-ауқаты, энергетикалық ресурстар, инфрақұрылым, әсіресе, көлік пен байланыс сияқты ұзақмерзімді басымдықтарды қамтитын кешенді құжат. Оның өз кезеңдері бар, онда мақсат-міндеттер айқындалған. Мен бұл арада бағдарламаның жастарға қатысты жағына назар аударғалы отырмын. Жастар – болашақ дейміз, ол әншейін ұран емес, шындық. Міне, сол шындық 2030 жылы айқын көрінбек. Мен сізге айтайын, 30 деген ұрпақ жасы. Ғасырдың басында дүниеге келген сәби 2030 жылы 30-ға келеді. 1991 жылы өмірге келгендер – Тәуелсіздіктің құрдастары, қазір 25-тің ар жақ, бер жағындағылар, енді бес жылда олар да отызға келеді. Қазақ айтады, отызда орда бұзады деп, яғни олар орда бұза алатын қуатқа ие болады деген сөз. Он жылдан кейін, 2030-да олар қырыққа, қамал алатын жасқа келеді. Демек, олардың қамал алатындай қуаттары болмақ. Сонда қараңызшы, орда бұзатын отыздағылар мен қамал алатын қырықтағылардың заманы туады. Нақ сол кезде билікке жаңа ұрпақ келеді. Сөйтіп, отыздағылар мен қырықтағылар бүкіл Қазақ елінің саясатын анықтамақ. Бұлар билікке келген кезде заман қалай болмақ? Тағдыр қандай болады? Қандай құндылықтар болады? Қандай сабақтастық болады? Үлкен мәселе. Өйткені, қазіргі жастар – ертеңгі елдің басшылары. Өз қалауларымен Президенттерін сайламақ. Мәселенің күрделігі, мәселенің әсемдігі де осында. Күрделігі сол, біз осы жастарды қалай, қандай құндылықтарға тәрбиелеп жатырмыз. Әсемдігі сол, бұл жастар, отыздағылар мен қырықтағылар, негізінен, елдегі электоратты құрып, сол кезде билікті қолдарына алып, гүлденген Қазақстанда тұрады, Қазақ елінің жұлдызды сәтіне куә болады. Міне, осы мәселе “Қазақстан – 2030” бағдарламасының мазмұны десе болғандай.

– Мемлекет басшысы өзінің тағы бір еңбегі – “Тарих толқынында”: “Қазақтың сана-сезімі өткендегі, қазіргі және болашақтағы – тарихтың толқынында өзінің ұлттық “МЕН” дегізерлік қасиетін түсінуге тұңғыш рет енді ғана мүмкіндік алып отыр… Бірақ бұл мүмкіндік қана; ол шындыққа, тек қазақтардың ғана емес, барлық қазақстандықтардың жаппай санасына орныққан фактіге айналуы қажет” дегенді айтады және “осы міндет біздің алдымызға тек қана бір ғана ұлы мүмкіндік түрінде ғана емес қатал қажеттілік түрінде де қойылып отыр. Оны шешсек, біз тарихтың өзімізге шақталған мезгіліне сәйкес боламыз, тарихи болымсыздықтың бос қуысында қарманып жүрмейміз”, – дейді. Осы арада Тәуелсіздік жылдары қазақ қаншалықты өзгергенін сұрағым келіп отыр.

– Кейде мен өзіме-өзім сауал қоямын. 2030 жылы отызға, қырыққа толатындардың бізге көз-қарастары қандай болмақ? Президент қоғам алдында биік мақсат қойғанда бұлар не істеген, депутаттар, академиктер, жазушылар, зиялы қауым болған, солар 2030 жылға дейін қандай игілікті, ізгілікті қадамдар жасаған деген сауалға жауап іздесе, қанағаттана ма? Осы жайлар туралы біздер бүгін ойлануымыз керек. Ертең біз туралы не айтпақ? Бәрі алақандағыдай, сөзіміз де, ісіміз де сайрап тұр. Ешқашан еш нәрсе жойылмайды. Айтқан, жазған сөздеріміздің бәрі сақталады. Осы мәселе бізді ойландыруы керек. Біз заман талаптарына икемделіп жатырмыз ба, келешектің сынына ұшырамаймыз ба?

2030 – мемлекеттік құжат. Сонымен бірге философия, дүниетаным. Бұл ұрпақтардың жауапкершілігі деген сөз. Ұрпақтардың тәрбиесі, ұрпақтардың бір-бірінің алдындағы жауапкершілігі. Сондықтан Елбасы бұл жерде де өзінің тұлғалық қасиетін көрсетіп, тек жастарға ғана емес, жастардың жанында жүрген біздерге де зор міндет жүктеп отыр. Тарих таразысы деген бар. Бүгінгі күн ертеңге айналмақ. Сонда не айта аламыз? Қай сөзіміз дұрыс, қай сөзіміз қате болмақ? Соны ойландыратын құжат “Қазақстан – 2030”. Бұл құжаттың күннен-күнге маңызы артып бара жатыр.

– Қазақ елі Тәуелсіздігінің көк байрағын кө­теріп, тәуелсіз Қазақстан мем­лекетін құрған – Елбасымыздың аз жылдың аясында туған елін әлем­дік қоғамдастыққа таныт­қанды­ғына өзгелермен бірге өзіміз де қайран қалып, тамсанамыз. Тарих­тың қилы бір кезең­дерінде Нұрсұлтан Назарбаевтай Көшбас­шының табылуын халқымыздың бағы деп те түсінеміз. 1991 жылы 1 желтоқсан­да қазақстан­дық­тар өз­дерінің Тұң­ғыш Президентін сайлап, сенім артты, ел тәуелсіздігін аманат етті, жауап­кершілік жүгін арқалатты. Халық өздері таңдаған Көшбасшы­сының не істеу керек­тігін білетінді­гіне, елді адастырмайтынына, тура жолға бастайтынына сенді. Еліміз бен халқымыз­дың сол сенімін Ел­басының толық ақтап отырған­дығына да осы күндері көзіміз анық жетті. Әңгіменің ауанын Тұңғыш Президент күніне қарай бұрып отырғанымды өзіңіз де аңғарған боларсыз, осы мереке туралы ойларыңызды да ортаға сала кетсеңіз.

– 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні. Бұл – бүкілхалықтық мереке. Бұл мерекенің мағынасы қандай дегенге келсек, 1991 жылы 1 желтоқсанда қазақ халқы, қазақстандықтар демократиялық, өркениеттік жолмен тұңғыш рет Президент сайлады. Бұл қазақ тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға. Асылы, Тәуелсіздіктің, қазіргі заманның басы осы күн. Неге дейсіз ғой? Сіз білесіз, француздың ойшылдары саяси өмірдегі басты құндылық – халықтың еркі деген. Сол жылы сайлауға қатысқан халықтың 98 пайызы Нұрсұлтан Әбішұлын жақтап дауыс берді. Халықтың еркі деген биік ұғым. Ол осылай халықтың қалауымен Президент сайланды. Ал бұрын жағдай қалай болып еді? Арғы түрік заманына бармай-ақ қояйық. Қазақ тарихында тек Шыңғыс ханның ұрпақтары ғана хан болуы керек деген дәстүр қалыптасқан. Халықтың еркі ескерілмеді. Сол заманда қазақтың неше түрлі маңдайы жарқыраған ұлдарының хан сайлануға құқығы болмады. Билікке қазақтар тегіс қатыса алмады. Ақыры, Болат ханнан кейін қазақ даласында үш би: Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер әкімшілік істерге белсене араласты. Қазақстанның үш аймағы негізінен үш бидің ықпалында болды. Үш бидің билікке тікелей араласуы қазақ халқының өзін-өзі басқаруға деген ынтасы болатын. Биді халық сайлайды. Бидің баласы би болуы міндет емес. Билер Тұлғалар болатын. Бірақ олар хан сайлауына түсе алмайтын. Бұл тарихи әділетсіздік еді. Одан кейінгі кезеңде Ресейдің бодандығында болдық. Ол кезде жағдайымыз мүлдем қиын еді. Бұрынғы хандық билікпен жылап көрісетін болдық. Басқару жүйесі жойылды. Билік жүйесі орыс әкімшілігінің қолында болды. Қазақтардың атқарған қызметі – болыс, ауылнай. Одан жоғары уезде қазақтар жоқ. Көрдіңіз бе, бұл да әділетсіздік. Бодандық кезде елдік ұран тек ауыз әдебиетінде ғана сақталды. Қазақ бір ел болып, бір жұрт болудан қалған заман еді. Бұл ауыр тағдыр. 1917 жылдан бастап қазақ жерінде кеңес өкіметі орнады. Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы толыққанды мемлекет болмады. Бұл биліктің басына келген Шаяхметовті, Қонаевтарды Мәскеу тағайындап отырды.

1991 жылы керемет оқиға болды. Халық өз азаматын Президент сайлады. Ол сайлау менің де, сіздің де есіңізде. Төл басшыны әбден сағынып қалған кез, әсіресе, Колбиннің билігінен кейін. Сайланған Президент ел сенімін, үмітін ақтады. Міне, сондықтан 1991 жылғы 1 желтоқсан Тәуелсіздіктің басы. Халық саяси басшысын өз еркімен сайлап алды. Мұндай жағдай қашан болып еді? Менің пайымымша, жаңа заман өз бастауын 1 желтоқсаннан алады. Қазақтың заманы, қазақ дәуірі басталды. Бұл – ренессанс заманы. Қазақ елінің тарихында алтын әріппен жазылатын күн. Сондықтан бұл күн мейрам. Заң тіліне салсақ, бұл президенттік басқарудың басы. Қазіргі ұғымға салғанда Президенттік институт қалыптасты. Бұл бағытымыз дұрыс болды. Егер заманында кейбіреулер айтқандай, біз президенттік институтқа бармай, парламенттік институтты қаласақ не болар еді? Біз Президентке ерік бердік. Өзіміздің саяси еркімізді бердік, дауысымызды бердік. Бізді ешкім қинаған жоқ. Сөйтіп, президенттік басқарудың негізін қаладық. Президенттік билеу жүйесі деген посткеңестік кеңістіктегі ең дұрыс, елге тұрақтылық әкелетін биліктің жүйесі болып шықты. Әрине, парламенттік жүйені қолдайтындар да аз емес. Оны да уақыт көрсетеді. Бірақ бүгінгі заманға дейін келген президенттік басқару жүйесі Қазақ елінде өзінің нәтижелі жұмысын беріп отыр. Сол президенттік жүйенің басы, басқаша тілмен айтқанда, жалпы егемендіктің басы, жалпы тәуелсіздіктің басы, халықтың өз еркімен өзінің Президентін сайлаған күні 1 желтоқсан 1991 жыл – бұл мейрам. Тарихтың басы осыдан басталады. Сондықтан 1 желтоқсан – халықтық мереке. Халық Президентін сайлады, сондықтан мейрам “Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні” деп аталады. Өте қуанышты сәт.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp