Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров Мамлют ауданы активіне жаңадан тағайындалған аудан әкімі Руслан Аңбаевты таныстырды.
– Мамлют аудандық мәслихатының депутаттары аудан әкімінің лауазымына ұсынылған Руслан Аңбаевтың кандидатурасын бірауыздан қолдады. Руслан Әкімжанұлы осы уақытқа дейін бірқатар жауапты қызметтерді ойдағыдай атқарып, өзіне көрсетілген сенім үдесінен шыға білді. Тәжірибелі маман әрі білікті басшы ретінде өзін тек жақсы жағынан танытты. Алдағы уақытта тұрғындармен бірлесіп, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев алға қойған міндеттер мен тапсырмаларды сәтті жүзеге асырады деп сенемін, – деді Айдарбек Сейпілұлы.
Еңбек жолын Тимирязев аудандық салық комитетінде бастаған Руслан Аңбаев Есіл, Тайынша аудандарында да жауапты қызметтер атқарды. 2015 жылы облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары болып тағайындалды.
Айдарбек Сапаров жаңа басшының Мамлют ауданының экономикасын көтеру, тұрғындардың табысын арттырып, әл-ауқатын жақсарту бағытында тынбай еңбек ететініне сенім білдіріп, қызметіне сәттілік тіледі. Сонымен қатар аудандағы агроөнеркәсіп кешеніне “ақылды технологияларды” енгізу және оны жаңғырту, шағын және орта бизнестің әлеуетін арттыру бойынша кешенді жұмыстар қолға алынғанын, оны жалғастыру қажеттігін айтты.
Руслан Әкімжанұлы өз кезегінде сенім үдесінен көрініп, адал қызмет етуге бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.
– Маған сенім артқандарыңызға зор алғысымды білдіремін. Білімім мен жігерімді, тәжірибемді ауданның көркеюіне, тұрғындардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына арнаймын, – деді ол.
Осыған дейін Мамлют ауданының әкімі қызметін атқарған Жастілек Сыздықов былтыр кәсіпкерлердің бірінен 185 мың Ресей рублі көлемінде пара алып жатқан жерінде ұсталған болатын. Жақында сот оған 22 млн. теңге айыппұл төлету жөнінде үкім шығарды.
Жанар АЛДИЯРҚЫЗЫ.