«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕКЕ ЖҰМЫС ҚАБІЛЕТТІ АШАДЫ

“Мұғалім – өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім. Оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі жойылады”, – деген белгілі педагог К.Ушинскийдің қағидасын мен де берік ұстанамын. Сабақтарымда тиімді әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып, оқушылардың пәнге деген қызығушылықтарын арттыруға баса мән беремін. Бұл ретте “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ Солтүстік Қазақстан облыстық педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты филиалында үшінші деңгейлік курстан өткенімнің көп пайдасы тиді.

Өзімнің 10 жылдық тәжірибемде оқушыны біліммен қаруландырғаннан гөрі, проблеманы шеше білуге үйреткен тиімді екеніне көзім жетті. Сабақ қызығушылықты оятатын, пән мен топтық жұмысты ұштастыратын, оқушының толық ашылуына мүмкіндік беретін тұрғыда құрылуы қажет. Оқушылар топта бірлесе жұмыс істегенде әр сабаққа белсене қатысып, өздерінің болжамдары мен сұрақтарын құрастырады, бір-біріне кеңес береді, алдарына мақсат қояды, нәтижелерін қадағалайды, пікірлеріне тәжірибе жасайды, қорытынды шығарады.

Оқу үдерісінде шығармашылық тапсырмаларға, өздік жұмыстарға мән беремін. Бұл оқушының бойындағы қабілетті аша түседі. Жұмыс арасында ретімен пайдаланған сергіту сәттері, ойындар, тренингтер балалардың сабақтан жалықпауына, көңілдерінің көтеріңкі болуына, тез шаршамауына көмектеседі. Шәкірт оқу үдерісіне белсенді қатысқанда ғана материалды терең меңгеруге қол жеткізетінін байқадым. Оқушыларымның ағылшын тілі пәніне деген қызығушықтарын арттыруға, тақырыпты игеру барысында оларды ұйымшылдыққа тәрбиелеуге, ынтымақтастықта болуға, бірлесе отырып жұмыс істеуге назар аударып келемін. Нәтижесінде шәкірттерім аудандық олимпиадаларға, әртүрлі конкурстарға қатыса отырып, өз білімдерін жетілдіру үстінде.

Зерттеушілік әңгіме кезінде оқушыларды шағын топтарда жұмыс істеуге үйретемін. Сонда олар ортақ мәселе төңірегінде пікір алмасып, бір-бірінің идеяларын талқылап, баға береді, ұжымдық білім мен түсінікті бірге қалыптастырады. Балаларды зерттеушілік әңгімеге тарту барысында олар өз ойларын дауыстап айтып, болжамдар ұсынып, топта талқылайды. Заман ағымына сай күнделікті сабаққа видео, аудио қондырғылар мен компьютерді, интерактивті тақтаны қолданамын. Мұндай қондырғылар оқушылардың қызығушылығын арттырып, зейін қойып тыңдауға және алған мәліметті нақтылауға мүмкіндік береді.

Мақсатыма жету үшін өзімнің кәсіби біліктілігімді дамытуға, байқауларға қатысып, әріптестеріммен тәжірибе алмасуға, интернеттен ақпараттар алуға, ғылыми-әдістемелік журналдарды оқып, білімімді толықтырып отыруға баса назар аударамын. Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына орай қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген қабілетті жастарға қолдау көрсету, қазақстандық рухани бірлікті нығайту мақсатында өткізілген облыстық “Тіл шебері” байқауына қатысып, дипломмен марапатталдым.

Ағылшын тілі пәні білім, тәрбие берумен қатар жасөспірімдердің жеке қасиеттерін тұлға ретінде қалыптастырып, олардың қоғамдағы өз орнын табуына ерекше ықпал етеді. Сондықтан оқушыларды бәсекеге қабілетті болып, өзара қарым-қатынас жасай білуге дайындауда ағылшын тілі пәні мұғалімдерінің берген білімі сапалы болуы керек.

Әсел МОЛДАБАЕВА,

Есперлі негізгі мектебінің

ағылшын тілі пәнінің мұғалімі.

Жамбыл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp