Отыз жылдан астам уақыт өтсе де Желтоқсан оқиғасының ызғары естен кетпейді, сол кездегі қазақ жастарының ерлігі замана көші алға жылжыса да ұмытылмақ емес. Алматының Орталық алаңын бір күнде қызыл қанға бояған оқиға коммунистік партияның өрескел озбырлығы, өктем саясаты еді. Олар қазақтар айтқаннан шықпайтын, айдағанға көне беретін, жуас, жігерсіз халық деп ойласа керек.
Өткен ғасырдың басында дүниеге келгендерді қорқытып-үркітіп, бас көтергендерін қырып-жойып, қалғандарын жасытып, екінші сортқа айналдырғаны аздай, олар басынғанның үстіне басына берді. Халқымызды тілінен, дінінен айыруға шақ қалды. Қазақ шыдамды халық болғанымен, жылдар бойғы кемсіту ұлтын сүйген өрімдей қыз-жігіттерінің намысын қайрай түсті. Өздері осы елдің, жердің иесі болғандықтан, Мәскеудің әрекетін қателік деп түсініп, оған қарсылығын білдіргілері келді. Осылайша, жастар “Елім-ай!” әнін күңіренте шырқап, Алматыдағы Орталық комитет ғимаратына бет алды.
Мәскеудің қолдауымен келген Колбин алаңды лық толтырған адамдарды көріп, “Мына тобырды жойыңдар, қиратыңдар”, – деп бұйрық бергені аян. Жаңа басшының түр сипаты да, сөйлеген сөзі де зиялы адамға ұқсамайды екен. Шашы қысқа, тікірейген, күжірейген, түрмеден жаңа шыққан кісідей, айтқанына көнбегенді өрескел жазалауға дайын болған. Тез арада Мәскеудің рұқсатын алып, олардан қосымша күш сұрап, жазалау ісіне кіріседі. Суыт хабар жерде жатушы ма еді? Алматыда болып жатқан жағдайдың шет жағасы Қызылжарға да жетті: “Қазақтың ұлтшыл жастары криминалдық топтармен қосылып, бастықты орыс ұлтынан қойды деп бұзақылық жасап жатыр. Тобырды таратуға келген милиция машиналарын аударып, үйлерін, балабақшаларды қиратып, орыс балаларын ұрып-соғуда”.
Бұл күні өзім қызмет атқаратын Киров атындағы зауыттың күнделікті ырғақты тыныс-тіршілігі бұзылып, әр жерде бір-бірімен кездесіп қалғандар арасында “Алматыда не болып жатқанын естідіңдер ме? “Бізге де келіп жүрмесін” дегендей, әңгіме өрби бастады. Осындай үрейлі жағдай көпшіліктің санасын әп-сәтте жайлап алды. Мен бұл сөздерге алғашында сенерімді немесе сенбесімді білмедім. Орыс ұлтының кейбір өкілдері қазақтарға қырын қарай бастады. Бұл ұжымда 16 жылдан бері әртүрлі басшылық қызметтерді атқаратынмын, жұмысшылар мені ерекше сыйлайтын еді. Социалистік жарысты басқарған жылдары арнайы ереже жасадым. Жеңіп шыққандарға табыстарына қосымша қаражат берілетін. Жарыстың бөлек қоры болды: 120 мың рубль, ұжымға тиісті машина, мотоцикл, жиһаз, кілем, сауықтыру орталықтарына жолдама, тағы да сол сияқты басқа да сый-құрметтің бір бөлігі жарыстың жеңімпаздарына тиетін болды. Әріптестерім менің айтқаныма сенетін. Ол кезде директордың азаматтық қорғаныс жөніндегі орынбасары болатынмын. Мені парткомға шақырды. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы біздің зауытқа келіп, Алматыдағы жағдайды түсіндірмекші. Олар сол жиында менің пікір айтқанымды дұрыс көріпті. Ешқандай қарсылық танытпастан, бірден келісімімді бердім.
Айтқандай, түс ауа зауытқа облыстың сол кездегі бірінші хатшысы келді. Клубқа халық лық толып, отыратын орын жетпей көп адам аяғынан тік тұрды. Зал тып-тыныш, жұрттың құлағы түрік. Зауыттың директоры М.Сүтішев, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы В.Степанов, парткомның хатшысы В.Лебедев, кәсіподақ комитетінің төрағасы А.Карабашев төрдегі орындықтарға жайғасқан. Жиынды А.Карабашев басқарды. Сөз бірінші хатшыға берілді. Оның бұл лауазымға келгеніне көп уақыт өте қойған жоқ еді. Бұрынғы бірінші хатшы В.Демиденко басқа жұмысқа ауысқаннан кейін орнына обкомның ауыл шаруашылығы жөніндегі хатшысы отырған. Көз тартатын адам емес, сөйлеу мәнері де ұнамады. Көңілім толмай отырды. Бар болғаны 7-8 минуттай сөйледі. Ешқандай жаңалық айтқан жоқ. Жұрттың осыған дейін естігендерін қайталады. Отырғандар қозғалақтай бастады. Хатшының соңғы сөздері ғана жұртты елең еткізді. “Петропавлдық оқу орындарында қазақ жастары мол, соларды байқаңдар. Көшеге шығып жүрмесін. Зауыттың жатақханасына күзет қойыңыздар”, – деп тағы да соған ұқсас тапсырмалар берді.
Хатшы “қазақтың ұлтшылдары”, “маскүнем”, “наркомандары” деген сөздерді жиі-жиі қайталады. Әсіресе, қазақтарға сенімсіздік танытқаны менің ызамды әбден келтірді. Жоспар бойынша мен төртінші болып сөйлеуім керек еді, қолымды көтеріп, кезек сұрадым. “Алматыда болып жатқан жағдайды біз әлі терең түсінген жоқпыз, өз басым мүлде қабылдай алмаймын. Осында тағдырдың жазуымен ата-бабалары жер аударылған жандардың ұрпақтары отыр. Әзірбайжандар, шешен-ингуштар, қырым татарлары, немістер, украиндар және тағы басқалары. Осылардан сұраңыздаршы, қазақ ұлтшыл халық па? Олар бірауыздан қазаққа ризашылық айтады. Өйткені, қазақтар өздерінің көсегесін көгертіп отырмаса да, жалаңаш келгендерге аяушылық білдіріп, бір тілім нанымен бөліскен жоқ па еді? Қазақтардың осы ізгі қасиетінің арқасында талай ұлт өкілдері жаппай қырылудан аман қалған ғой!”. Залдан “Солай болған”, “Бәрі рас”, “Қазақ ең бауырмал халық” деген дауыстар естіліп жатты. Жүргізуші “регламент” деп бірнеше мәрте қайталаса да залдағылар “Сөйлесін”, деп айғай салды. Маған да керегі сол болатын.
“Қазақ – ежелден толерантты халық. Ол алғаш көрген адамын “қандай ұлтқа жатады?” демейді, “қандай адам?” деп сұрайды. Ол ежелден қазақтың қанында қалыптасқан қасиет.
Біздің ұжымда әлденеше ұлттың ұрпақтары жемісті еңбек етіп, зауыттың гүлденуіне өздерінің үлестерін қосуда. Зауыттың директоры – М. Сүтішев татар, парткомның хатшысы В.Лебедев орыс, директордың орынбасары Б.Васербаум еврей, бір цехтың бастығы О.Жамалединов қырым татары, осылай жалғаса береді”. Менің бұл сөзіме олардың бірі қалмай ду қол шапалақтады. Кейін білдім, үндемес менің аты-жөнімнің жанына “неблагонадежный” деген белгі қойыпты.
…Құдайға шүкір, бүгінде егемен елміз. Ол күндер артта қалды. Менің айтпағым, егемендіктің арайлы таңының шуағына шомылып өмір сүріп отырған әрбір қазақ азаматы азаттық үшін бастарын бәйгеге тігіп, небір қилы замандарды өткерген, соның ішінде қанды желтоқсанда қаймықпай алаңға шығып, теңдік сұраған боздақтарды ұмытпаса екен!
Шериаздан БАШЕЕВ, еңбек ардагері.