«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жемқорлыққа – берік тосқауыл!

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында пандемия зардаптарын жою жағдайында экономиканы тұрлаулы дамытудың стратегиялық бағыттарымен таныстырды. “Әділетті мемлекет құру” тұжырымдамасын жүзеге асыру, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларын, шағын және орта бизнесті өркендету, әлеуметтік кепілдіктерді күшейту, яғни басты жеті қағидатқа негізделген жаңа экономикалық бағдар жұртшылық тарапынан қызу қолдауға ие болды.

“Мен бүгін бүкіл қоғам алдында дағдарыс жағдайында атқарылатын іс-шаралардың жоспарын баяндадым. Оның жемісті жүзеге асуы әрқайсымызға байланысты. Баршамыз өзөзімізді дамытуға күш салуымыз керек. Заман сынағы бізден үздіксіз қозғалысты, мықты күш-жігерді және табанды еңбекті талап етіп отыр. Сондықтан еліміздің бақытты әрі жарқын келешегі әр азаматтың қажырлы қызметіне байланысты болмақ”, – деді Мемлекет басшысы. Жаңғыртудың негізгі мақсаты тұтас мемлекеттің тиімділігін арттыруға бағытталады. Жолдауда мемлекеттік қызметкерлердің құзыретін күшейту, мемлекеттік аппаратты қысқарту, бизнесті қолдау, цифрландыру шаралары мемлекеттік қызметшілер мен квазимемлекеттік сектор арасында сыбайлас жемқорлық көріністерін жоюға әсер етері даусыз. Мемлекеттік қызметшілердің жалақысын көтеру де соған тікелей байланысты. Төмен жалақы сыбайлас жемқорлықтың негізгі себептерінің бірі екені тәжірибеден белгілі. Мұндай қадамдар адамдарды еріксіз қосымша табыс табуға, түрлі заңсыздықтарға баруға итермелейді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес сыбайлас жемқорлықпен күрес департаментінің сарапшылары “онлайн-режімде” мемлекеттік сатып алуды өткізу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтайды. “Сатып алудың бірыңғай терезесі” порталының басты артықшылығы сол, басқа өңірлермен салыстырғанда тапсырыс берушілердің бағасының қаншалықты жоғары екенін көрсетеді. Орташа, қалыпты бағалардың шағын “дәлізі” басты нысанаға алынады. Осыған қарап-ақ тапсырыс берушіге қандай баға қолайлы екені түсінікті болады. Сондай-ақ, жемқорлықтың пайда болу себептеріне назар аударылып, алдын алу жұмыстары күшейтіледі. Жемқорлыққа апаратын факторларды анықтау үшін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың нормативтік актілері мен жұмыс үдерісіне жемқорлыққа қарсы арнайы талдау жүргізуге тапсырма берілді. Бұл шешім жауапқа тартылудан қорыққан шенеуніктерді дербестік, бастамашылдық және жедел әрекет ету қасиеттерінен айырмауға мүмкіндік тудырады.

Президент сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу үшін қоғамдық кеңестердің рөлін арттыру қажеттігіне де тоқталды. Олар сатып алуды ұйымдастыратын комиссиялардың жұмысына жүйелі түрде тартылады. Квазимемлекеттік секторда қоғамдық кеңес құру мүмкіндіктерін қарастыру ұсынылды. Келесі жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің, депутаттардың, судьялардың шетелдік банктерде шоттар ашуына, қолма-қол ақша мен құндылықтарды сақтауға қатысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында жаңа шектеулер енгізілетін болады. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, судьялардың, пара берушілердің және парақорлықтағы делдалдардың сыбайлас жемқорлық үшін жазалары қатаңдатылады.

Ернар БАЯНҒАЗИН,

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp