Еліміздің Ата Заңына сәйкес жер қойнауы Қазақстан халқына тиесілі. Ал оның атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Жер қойнауын пайдалану дегеніміз – бұл мемлекеттік геологиялық зерттеуге, пайдалы қазбаларды барлауға және өндіруге қатысты жұмыстар. Қазіргі уақытта елімізде жер қойнауын пайдалану жөніндегі қызмет еліміздің “Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы” кодексімен реттеледі.
Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 16-бабына сәйкес жер қойнауын пайдалану мақсаттары үшін жер учаскелерін беру облыстың жергілікті атқарушы органының құзыретіне жатады. Бүгінгі таңда облысымыздың аумағында жер қойнауын пайдалану мақсаттары үшін 58 заңды тұлғаға жалпы ауданы 24,7 мың гектар жер учаскелері берілді.
Жер пайдалану құқығын беру Жер кодексінің 43-бабына сәйкес және Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 1 қазандағы №301 бұйрығымен бекітілген “Сауда-саттықты (аукциондарды) өткізуді талап етпейтін, мемлекет меншігіндегі жер учаскелеріне құқықтарды сатып алу” мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларында белгіленген тәртіппен веб-портал арқылы жүзеге асырылады.
Бұл мемлекеттік қызметтің бірінші кезеңін қарау мерзімі 12 жұмыс күнін құрайды. Осы мерзімге сұралып отырған жер учаскесін мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкіндігін қарау және жер учаскесіне құқық беру мүмкіндігі (немесе одан бас тарту) туралы шешім қабылдайтын жер комиссиясының отырысында өтінішті қарау кіреді.
Бас тартуға көрсетілетін қызметті алушы ұсынған құжаттардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) дәйексіздігін анықтау, көрсетілетін қызметті алушының және (немесе) мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті ұсынылған деректер мен мәліметтердің қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі негіз болып табылады.
Сондай-ақ Жер қойнауы туралы кодекстің 25-бабының 1-тармағында санамаланған жағдайлар жер қойнауын пайдалану үшін жер учаскесін беруден бас тартуға негіз болып табылады. Комиссияның оң шешімінің мерзімі бір жылды құрайды. Осы мерзімде жер қойнауын пайдаланушы жерге орналастыру жобасын әзірлеуді орындайды.
Жерге орналастыру жұмыстарын азаматтар мен заңды тұлғалар орындайды. Жоба Ауыл шаруашылығы министрінің 2022 жылғы 3 маусымдағы №180 бұйрығымен бекітілген жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобасын жасау қағидаларына жауап беруге тиіс.
Жерге орналастыру жобасын облыстың уәкілетті органы – облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы электрондық форматта электрондық үкімет порталы арқылы 4 жұмыс күні ішінде бекітеді. Бекітілген жерге орналастыру жобасының негізінде жер қойнауын пайдалану мақсаттары үшін жер учаскесіне құқық беру туралы Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қаулысы қабылданады. Жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығының мерзімі лицензияның (келісімшарттың) қолданылу мерзімі негізінде белгіленеді.
Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің жер учаскесіне жер пайдалану құқығын беру туралы қаулысы қабылданғаннан кейін өтініш берушімен жер учаскесін пайдалану жөніндегі тараптардың құқықтары, міндеттері белгіленетін жер учаскесін жалға алу шарты жасалады.
Бұдан әрі жер учаскесінің шекараларын белгілеу жүзеге асырылады. “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы” АҚ жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын дайындайды. Содан кейін тіркеу органында құқықтарды (жер пайдалану құқықтарын) мемлекеттік тіркеу жүзеге асырылады. Жер учаскесіне құқық белгілейтін құжаттарды ресімдеуді аяқтағаннан кейін жер қойнауын пайдаланушы нысаналы мақсатқа және лицензияға (келісімшартқа) сәйкес учаскені пайдалануға кірісе алады.
Берілген жер учаскесінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі қызметті жүзеге асыру кезінде жер пайдаланушы Жер кодексінің 65-бабында белгіленген талаптарды сақтауға міндетті. Аталған талаптарды бұзу жер учаскесін жалдау туралы шартты бұзуға негіз болып табылады.
Сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылар (жер пайдаланушылар) жер учаскесіндегі жұмыстар аяқталғаннан кейін жер қойнауын пайдалану үдерісінде бұзылған жерлерді қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қажет екенін есте ұстағаны жөн.
Ольга ДОНЧЕНКО,
облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының маманы.