Халқымыз “Бір жол бар жақын, жақын да болса алыс. Бір жол бар алыс, алыс та болса жақын” деп бекер айтпаған. Мұның бір мағынасын қазіргі жолдардың сапасымен байланыстыруға болатын сыңайлы. Яғни, жол сапалы жөнделсе, жолаушы жолдың азабын тартпай, айшылық алыс жерлерге тез жете алады. Ал керісінше жолдың сапасы сын көтермеген жағдайда жүргізушілерді әбден әбігерге салады.
Менің айтпағым, көп жыл бойы Саумалкөл – Қаратал бағытындағы аудандық маңызы бар жолдың азабы қараталдықтарды шаршатқаны баршаға аян. Кеңес заманында салынған асфальт жолдың тозығы жетіп, аудан орталығына қатынау қиындай түскен болатын. Жыл сайын қаңтар-ақпан айларында барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындар алдындағы есепті кездесулерінде жол мәселесі күн тәртібінен түспеуші еді. Алайда, бұл мәселе қаражаттың бөлінбеуі салдарынан кейінге шегеріле берді. Ауылымыздың ақсақалы Айтмағанбет Дауылбаев аудан әкімінің есепті кездесуінде жол мәселесін бірінші болып көтеретін. Ақыры не керек, ол Парламент сенатының депутаты Ерік Сұлтановтың атына хат жазып, жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан Саумалкөл – Қаратал бағытындағы жолдың жөнделуіне қаражат бөлуге ықпал етуін сұрады. Арада көп уақыт өтпей-ақ жобалық-сметалық құжат әзірленіп, Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы аясында “Саумалкөл – Новоукраинка – Қаратал – Казанка” бағытындағы жолды жөндеуге бюджеттен 1 млрд. 288 млн. теңге қаржы бөлінді.
Шілде айынан бастап жолымызды жөндеу жұмыстары қарқын ала бастады. Қаратал мен Саумалкөлдің арасындағы жолға асфальт төселуде. Бүгінгі күні жол жөндеу жұмыстары аяқталуға да жақын. Қаратал ауылының тұрғындары осы жолмен аудан орталығына қатынауда. Бұрындары шұрық-тесік жолмен ауданға әрең жететін болсақ, енді, міне, жаңа асфальтпен тез арада діттеген жерімізге барып жүрміз.
Біздер жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы аудан орталығының да жолдарына асфальт төселіп жатқаны жайында біліп, қуанудамыз. “Ауыл – ел бесігі” жобасы аясында ауданымызды көркейту бағытында қыруар жұмыстар жүзеге асырылуда. Ауданымыздың орталығы – Саумалкөлдің де ішкі жолдары жөнделуде.
Осындай көңіл орнықтырар жұмыстардың жүзеге асып жатқаны барлық саланың керегесін кеңейте түсетіні анық. Ең бастысы, жолдарды көзбояушылық үшін жамаумен шектелмей, сапалы салса екен дейміз.
Ақанбек ЖАҚСЫБАЕВ,
Қаратал ауылының тұрғыны.
Айыртау ауданы.