Соңғы кезде Ресейде және Арменияда есепте тұрған көлік құралдарын пайдалануға байланысты мәселе қызу талқылануда. Көпшіліктің көкейіндегі осы сұраққа “Жолда қабылдау” акциясы аясында өңір полицейлері жауап берді. Иван Шматов Ресейдегі туысының атына ресімделген машинамен сенімхат бойынша жүріп жүргенін айтты. “Енді не істеуім керек? Қазақстанда жүре аламын ба, әлде көлікті елден шығаруым керек пе?” – деген сұрақ қойды. Полицейлер оның автокөлігі халықаралық жол қозғалысына қатысушы болып табылатынын, яғни Қазақстанда бір жыл бойы пайдалануға болатынын түсіндірді. “Заңнамаға сәйкес бір жылдан астам уақыт бойы Қазақстан аумағында жүрген көлік халықаралық жол қозғалысына қатысушы болып есептелмейді”, – деді облыстық әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Жасұлан Оспанов. “Мен Ресейге бір жылдың ішінде жиі-жиі барып тұрамын, сондықтан менде ешбір мәселе туындамас деп ойлаймын”, – деп петропавлдық өз ойымен бөлісті. Процессингтік орталық қызметкерлері түсіндіргендей, қазіргі уақытта өзге елдерде тіркелген көлікпен жүргендерді әкімшілік жазалау көзделіп отырған жоқ. Түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, оның барысында әр азаматтың сұрағы жеке тыңдалуда.
Жол қозғалысына байланысты сұрақтарын солтүстікқазақстандықтар әлеуметтік желілердегі парақшалар арқылы да қойды. Заңгер Сәуле Баймағамбетова департамент бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаевқа жүгініп, аудандарда көлік ресімдеу кезінде кездесетін қиындықтар жайлы айтып берді.
Солтүстікқазақстандықтарды сондай-ақ мас жүргізушілерге қатысты жазаны қатаңдату және көші-қонға байланысты өзгерістер де толғандырады екен. Көші-қон басқармасы қызметкерлерінің айтуынша, шетелдіктерді қабылдайтын тарап үш күн ішінде қонақтардың келгені туралы көші-қон қызметін хабардар етуі тиіс. Біздің елдің аумағында 30 күннен артық мерзімге қалғысы келетін барлық шетелдіктер елімізде уақытша болуға рұқсат алуы қажет. Бұл құжат Қазақстан аумағында бір жылға дейін жүруге мүмкіндік береді. Мұндай мүмкіндікті білім алуға, отбасымен қосылуға, еңбек шартымен жұмыс істеуге келгендер немесе Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға қалатын азаматтар пайдалана алады.
Бірнеше сағаттық акция кезінде полицейлерге 122 сұрақ келіп түсті.