«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖОСЫҚСЫЗ БӘСЕКЕГЕ ЖОЛ ЖОҚ

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті “RMS Business Group” ЖШС-нің монополияға қарсы заңдылықты бұзғанын тексеруді тамамдады.

“RMS Business Group” серіктестігі линолеум сатып алу бойынша мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын өткізген мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысқан. Конкурс талаптарына сәйкес мемлекеттік сатып алуға тек отандық тауар өндірушілер ғана қатыса алады. Ал “RMS Business Group” ЖШС линолеумның отандық тауар өндірушісі болып табылмайды. Алайда, мемлекеттік сатып алу қорытындысында аталмыш серіктестік жеңімпаз атанып, мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынға Ресейде өндірілген линолеум жеткізілді. Нәтижесінде олар отандық кәсіпорындарды байқауға қатысу мүмкіндігінен айырды.  

Серіктестіктің осы мемлекеттік сатып алуға қатысуы жосықсыз бәсекелестік ретінде танылады. Тұтынушыға тауардың сипатына, өндірілу тәсілі мен орнына, тұтынушылық қасиеттеріне, сапасы мен санына қатысты, сондай-ақ, оның өндірушілері жөнінде толық ақпарат берілмеген.

“Бәсекелестік туралы” Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 1-тармағына сәйкес заңсыз артықшылықтарға қол жеткізуге немесе ұсынуға бағытталған, сондай-ақ, тұтынушылардың заңды құқықтарын бұзатын бәсекелестіктегі кез келген іс-әрекет жосықсыз бәсеке болып табылады. Жосықсыз бәсекеге тыйым салынады.

Жүргізілген тергеу нәтижесі бойынша департамент айыппұл салып, әкімшілік іс жүргізуді қозғау туралы шешім қабылдады.

Алмагүл БАЙГҮЛБАЕВА,

Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті СҚО бойынша департаментінің

тергеу және құқықтық қамтамасыз ету

 бөлімінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp