Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында ақын, жазушы-журналист, жерлесіміз Владимир Щукиннің 75 жылдығына арналған “Березовый свет откровения” атты көрме өтті.
Шара барысында М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Зинаида Табакова талантты ақынның өмір жолы, шығармашылық мұрасы жайлы баяндап, көрменің маңыздылығына тоқталды.
Қаламгер көзі тірісінде бірнеше кітап шығарған. Оның жанды баураған жырларының басты тақырыбы – махаббат, туған жерге деген сүйіспеншілік. Саналы ғұмырының басым бөлігін Жамбыл аудандық газетіне арнаған Владимир Данилович көптеген жастарды өзінің сүйікті ісіне баулыды.
Көрмеге ақынның әр жылдары жазған, газет-журнал беттерінде жарияланған өлеңдері, отбасылық суреттері, қолжазбалары қойылды. Қаламгердің шығармашылығын есте қалдыру мақсатында ұйымдастырылған көрмені тамашалағандардың қатары қалың болды.
Ирина МАТВЕЕВА,
облыстық тарихи-өлкетану
мұражайы әдебиет бөлімінің маманы.