«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖІГЕР ДЕГЕН БІР КҮШ БАР…

Петропавлдың “Құлагері” 19 желтоқсанда Рудныйдың «Горнягын» 7:1 есебімен ойсырата жеңді.

Кездесу соңында клуб басшылығының команданың қыркүйек, қазан, қараша айлары бойынша ең үздік ойыншыларын анықтау үшін алдын ала сұрау салуына орай ғаламтор арқылы жинаған дауыстарын ең көп алғандар үш шабуылшы – Ильгиз Нуриев, Артем Сенькевич және Владислав Никулин марапатталды.

Сол сияқты, ең белсенді жанкүйер деп танылған Петропавл тұрғыны Бекжан Жамбетовке клубтың арнайы сыйлығы – теледидар тарту етілді.

Алғашқы күнгі көтеріңкі көңіл-күйіміз 20 желтоқсандағы қарымта жекпе-жекте су сепкендей басылды: алғашқы кезеңде қонақтар екі бірдей шайба соғып жіберді. Ол аз болса, екінші кезең басталысымен біздің қақпашымыз тағы да қапы қалды.

Алайда, осы сәтте жігер деген бір күш біздің жігіттерді қамшылады-ау! Бұл кезең аяқталуға небәрі бес минут қалғанда алғашқы, ал арада төрт минут өткенде екінші шайбаны соқты. Есеп 2:3.

Соңғы кезеңде “құлагерліктер” 4:3 есебімен алға шықты. Қонақтар ойын аяқталуға бір жарым минут қалғанда қақпашының орнына алтыншы ойыншыны шығарса да, жігер күшімен жеңіске жеттік.

Осы күнгі ойында “Құлагердің” бастамасымен Спорт сарайында жанкүйерлерге жетім балалар үйлері үшін жұмсақ ойыншықтар сату ұйымдастырылды. Жанкүйерлер мұны қолдап, ойын аяқталғанда мұз айдынының жиегін ірілі-ұсақты жұмсақ ойыншықтарға толтырып жіберді. Бұл – құптарлық қолдау!

Қорыта айтқанда, “Құлагер” 36 ойыннан кейін 59 ұпай жинады. Турнир кестесінде – бесінші орында.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp