Жалпы білім беретін пәндер бойынша өткен облыстық олимпиаданың қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды. 15 пән бойынша білім додасына түскен 568 оқушының 225-і жүлделі орындарға ие болды. Оның 104-і – үшінші, 80-і – екінші және 41-і бірінші орындарды иеленді.
Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерін, пән мұғалімдерін құттықтаған облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Каринова балалардың білім додасындағы үлкен жетістіктерін атап өтті.
“Бүгінгі күні облысымыздың жарық жұлдыздары – сіздерсіздер. Қазіргі заманда білімді адам ғана биік белестерді бағындырады. Еліміз алдына әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің құрамына ену міндетін қойып отырған шақта өздеріңіздей білімді жастарға зор сенім артылады”, – деген облысымыздың бас педагогі білім жүйесін дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі екендігіне тоқталды.
– Бәйгеде Петропавл қаласының білім беру ұйымдарының 84 оқушысы жүлдеге ие болып, олардың 18-і жеңімпаз атанды. Әдеттегідей дарынды балаларға мамандандырылған білім мекемелері көш басында тұр. Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған облыстық гимназия-интернатының 53 оқушысы жүлделі орындарды иеленсе, 13-і әртүрлі пәндер бойынша жеңіске жеткен. Дарынды балаларға мамандандырылған облыстық қазақ-түрік лицейінің оқушылары да жоғары нәтиже көрсете білді. Бұл білім мекемесінен 37 оқушы жүлделі орындарға ие болса, соның 7-еуі – жеңімпаз, – дейді облыстық білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының директоры Шарғия Мұқышева.
Ауылдық мектептерге 12 жүлделі орын тиесілі. Есіл ауданының сайыскерлері көш бастады. Қызылжар, Шал ақын аудандарының нәтижелері де жаман емес.
Олимпиадаға физика пәнінен 13 оқушы қатысқан. Солардың ішінде Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған облыстық гимназия-интернатының 11-сынып оқушысы Ақжол Қайырбеков жеңіске жетті.
– Бағым жанып, бірінші орынды жеңіп алдым. Бұл жеңісім үшін өзімді бірнеше жылдан бері осындай білім сынына дайындаған жетекші-ұстазым Бекет Мұстафинге алғысым шексіз, – дейді Ақжол Қайырбеков.
Жүлделі орындарға ие болғандарға I, II, III дәрежелі дипломдар, медальдар және сыйлық сертификаттары табысталды. Жүлделі орындарға ие болмаса да, білімдерімен көзге түскен 21 оқушы мен олардың ұстаздары мақтау грамоталарына ие болды.
Сайыс жеңімпаздары 2017 жылдың наурыз айында өтетін республикалық кезеңде облыс намысын қорғайтын болады. Жаратылыстану-математикалық бағыттағы республикалық кезең Павлодар, қоғамдық-гуманитарлық циклдегі сынақ Ақтау қалаларында өтеді.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.