
Қиындықтары мен қуаныштары аралас бұл жалған өмірде сабырлық сақтап жүретін, аузын ашса жүрегі көрінетін, маңайындағыларға мейірім-шуағын шашқан жандар көп емес. Бұл қатарға ұлағатты ұстаз, сыйлы әріптесіміз Ләззат Мазинаны қосуға әбден болады. Біздің онымен таныстығымыз 2000-2012 жылдары Айбала Маженова басшылық жасаған облыстық мемлекеттік тілді оқыту орталығында басталған еді.
Ләззат Нұргелдіқызы – Қарағанды облысындағы Қарқаралы ауданының тумасы. Жасынан домбырамен ән айтуға әуес болған ол Қарағанды қаласындағы мәдени ағарту училищесін тамамдаған соң ауылда бір жыл еңбек етеді. Қыз бала жат жұрттық деген ғой, содан кейін дәм тартып Петропавл қаласына келін болып түседі. Мұнда М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығын алып шығады. Жоғары білімді ұстаз Петропавл қаласындағы №40 орта мектепте тоғыз жыл қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ берді. Тәжірибелі маман жиырма жылдан бері облыс орталығындағы “Өнер колледжі – музыкалық – эстетикалық бейіндегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат кешені” мемлекеттік мекемесінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келеді. Жасынан өнерге жақын Ләззат өзінің осы білім ордасында қызмет етіп жатқанын үлкен мәртебе деп есептейді.
Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтіп, мәртебесін көтеруді азаматтық парызы санаған Ләззат облыстық мемлекеттік тілді оқыту орталығында келісімшарт негізінде он жылдай еңбек етті, “Қазақ тілінің үздік ұстазы” конкурсының жеңімпазы атанды. Тапсырылған істе табандылық танытып, сабырлы мінезімен әріптестер арасында үлкен беделге ие болды. Көп жылдар өнері мен білімін ұштастыра жүріп, халыққа асабалық қызмет те көрсетті. Қызылжар өңірінің тұрғындары қолдап, талай келіннің бетін ашып, қаншама тойда халықтың қошеметіне бөленді.
Өнегелі ғұмырында қаншама шәкірттерді білімнің нәрімен сусындатып, бойларына ізгіліктің шуағын дарыта білген Ләззат Нұргелдіқызы оқу ордасында шәкірттерінің сүйіспеншілігіне, әріптестерінің құрметіне бөленіп, жаңа дәуірдің жаңа үрдісіне сай еңбек етіп жүрген ұлағатты ұстаз. Ісімен үлгілі, қарапайымдылығымен құрметті атанып жүрген білікті басшының алға қойған мақсаты мен құрған жоспары ауыз толтырып айтарлықтай. Бүгінде оның шәкірттері түрлі дәрежедегі сайыстарға қатысып, тек биіктерден көрініп, қатарларының алды болып, топ жарып жүр.
– “Ұстаз болу – жүректің батырлығы” демекші, білім саласында аянбай еңбек етіп жүрген мұғалімдер қай уақытта да, қай заманда да болмасын мақтауға лайықты. Ұстаздық – қастерлі де киелі мамандық. Мұғалім көп, ұстаз аз. Ұстаздыққа келіп, ұлы мамандықты таңдау оңай дүние емес. Ұстаздық – өмір бойғы оқуды, ізденуді, тазалықты, мейірімділік пен талап қоя білуді қажет етеді. Мұғалімдік мамандық – адам бойына тек Жаратушы иеміздің қалауымен берілуі қажет, – дейді Ләззат Нұргелдіқызы.
“Адамның бір қызығы – бала деген”, – деп ұлы Абай атамыз айтқандай, әріптесіміз ұлы Жандосты өсіріп, үйлендіріп, немере сүйіп отыр. Екі жасар Айзересін өмірінің мәні мен сәніне балайды. Әріптесіміз, құрбымыз, ақ жүректі Ләззат Нұргелдіқызын мерейтойымен шын жүректен құттықтай отыра, оған зор денсаулық, отбасылық бақыт, ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыстар тілейміз.
Гауһар ТЕМІРБАЕВА,
Петропавл қалалық білім бөлімінің әдіскері.