Кеше Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев халыққа есеп беру кездесуін өткізді. Астанадан онлайн режімінде өткен бұл шараға “Қазмедиа орталығының” киноконцерт залына жиналған және барлық облыстардан бір мыңға жуық адам қатысты. Былтыр Елбасының Жарлығымен құрылған министрліктің басшысы осы уақыт ішінде атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
– Бүгінгі күні министрлік қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі “Рухани жаңғыру” бағдарламасының аясындағы жобаларды жүзеге асыруға айрықша күш сала кірісті. Соның ішінде өзінің талантымен және қажырлы еңбегімен жетістікке жеткен табысты азаматты анықтайтын “100 жаңа есім” арнайы жобасы жүзеге асырылуда. Кандитаттарды іріктеу аясындағы жұмысты біз сарапшылармен, түрлі салада еліміздің дамуына еңбек сіңірген қайраткерлермен жүзеге асыруды жоспарлаудамыз. Осы мүмкіндікті пайдаланып, баршаңызды жобаға қатысуға, айрықша жетістіктерімен, бірегей қасиеттерімен тәнті еткен адамдарды таңдауға үлес қосуға шақырамын, – деді Дәурен Абаев.
Үстіміздегі жылдың соңына дейін еліміздің 51 аудан орталығында 4G қосылады.
Министр телекоммуникация саласында ауыл тұрғындарын қоса алғанда халықтың басым бөлігін сапалы байланысты Интернет желісімен қамтамасыз етуді мақсат етіп отырғандығын баса айтты. Заманауи телекоммуникациялық инфрақұрылым құрудың нәтижесінде Интернет пайдаланушылардың саны 2016 жылы 77 пайызды құрады. Халықтың 94 пайызы 2G стандарттағы ұялы байланыспен, 87 пайызы – 3G, ал 69 пайызы 4G стандартты қызметпен қамтамасыз етілген.
Министрліктің негізгі мақсаттарының бірі халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру болып саналады. Осы бағыт аясында азаматтарды базалық цифрлық дағдыға оқыту үшін жағдай жасалады. Жүргізілген жұмыстардың, сонымен бірге ақпараттық-коммуникациялық бағыттарды дамытудың арқасында халықтың цифрлық сауаттылық деңгейі бүгінде 76 пайыздан асып отыр. 2021 жылға дейін цифрлық дағдыға шамамен бір миллион адам оқытылып, 100 мың ІТ-маманы дайындалмақ. Сонымен қатар министр жаңадан әзірленіп жатқан “Цифрлық Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасы жайында да сөз қозғады.
Онлайн режімінде өткен халыққа есеп беру кездесуі барысында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев барлық облыстардан және ведомствоның блогына түскен сұрақтарға жауап берді. Бүгіндері министрлік Қазақстан Республикасының “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы” Заңына өзгерістер мен толықтырулар әзірлеп жатыр. Онда бұқаралық ақпарат құралдарының, журналистердің құқықтары мен міндеттері айқындала түсетін болады. Үстіміздегі жылы министрлік өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін тәжірибе алмасу мақсатында екі семинар-тренинг өткізбек. Петропавл қаласындағы муниципалды телеарнаның директоры Евгений Сазановтың сұрағына министр келесі жылдың соңына дейін елімізде цифрлық телевидениеге көшу аяқталатынын атап көрсетті.
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.