XXI ғасыр жастары бұрынғыдан еркін, білімге құштар, ақпаратқа қанық. Бірақ осы артықшылықтардың көлеңкесінде олардың психикалық саулығына төнген қауіп те күшейіп барады. Әлеуметтік қысым, оқу жүктемесі, өз-өзіне деген сенімсіздік, жалғыздық – мұның бәрі көпшілік көзінен тыс қалып жатады. Әсіресе, мектеп түлектері, оқу орындарына жаңадан қабылданғандар мен мансап жолын енді бастағандар қиындықпен күресудің жолын біле бермейді.
«Бізге өтініштердің басым бөлігі – ата‑аналармен түсініспеушілік, үлкендердің қолдауынан айырылу тақырыптарында түседі. Өкінішке қарай, бұл – кең тараған, бірақ еленбей отырған мәселе. Жыл өткен сайын жүйкесі жұқарған жастардың қатары артып келеді. Олар өзгелермен қарым-қатынас барысында қиындыққа тап болады. Сондықтан да аға буын өкілдері жастарды қолдап, оларды түсінуге тырысуы керек», – дейді психолог Сайран Шөкімов.
Жүйкесіне салмақ түскен жастардың еңбекке деген ынтасы азаяды, оқу үлгерімі нашарлап, жұмысы кері кете бастайды. Бір қарағанда мұның бәрі сырттан білінбейтіндей болып көрінгенімен, ауыр салдарға әкеп соғуы ғажап емес.
19 жастағы студент Айгерім (аты өзгертілген) университет қабырғасында жүргенде өзінің ішкі күйзелісімен бетпе-бет келгенін айтады.
— Жатақхана, жаңа орта, өз бетіңше өмір сүру… Алғашқыда бәрі қызық болды, бірақ уақыт өте келе жалғыздық пен ішкі бос кеңістік жайлап алды. Түнде ұйықтай алмай, күндіз сабаққа зауқым болмай кетті. Психологқа баруға ұялдым. Мен сияқты қаншама адам осындай күйде жүрген шығар деп ойлаймын, – дейді студент.
Студенттерден бөлек жасөспірімдер күйзеліске түсуі мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек ,19 жасқа дейінгі әр жетінші жасөспірім жүйкеге салмақ түсуден зардап шегеді екен. Күйзеліс, қорқыныш пен күн тәртібінің бұзылуы жасөспірімдер дертіне себеп болуда. Бала есейген сайын оның көңіл күйі де өзгереді. Назар жетіспеушілігі мен гипербелсенділіктен қиналатындар да көп екен.
Қоғамда жастардың психикалық денсаулығы әлі күнге дейін жабық тақырып болып келе жатқаны жасырын емес. Сондықтан бұл мәселені қоғам талқысына салып, кейінгі буынға назар аударуымыз керек. Мектеп пен оқу орындарындағы жүйелі жұмыс, тиімді шаралар ұйымдастыру жастардың ертеңіне оң әсер етері анық.
— Ұлым биыл 2-курста оқиды. Былтырдан бастап біртүрлі тұйықталып кетті. Үйге сирек келетін болды, телефон соқсақ қысқа жауап береді. Басында «ер жетіп келеді ғой» деп мән бермедік. «Шаршадым», «көңіл күйім жоқ» деген жаттанды сөздерін естігенде оның ішкі халіне бірден назар аудардым. Психологпен сөйлесуге көмектестік. Содан кейін барып, шын мәнінде қаншалықты көп уайымдап жүргенін білдік. Ата-ана ретінде біз тек тамақ беріп, киіндірумен шектелмеуіміз керек. Баланың ішкі әлеміне үңілу – үлкен жауапкершілік. Қазір үнемі «қалың қалай?», «не мазалап жүр?» деген сұрақтарды жиі қоямын, – дейді Майра Сатыбалдиева.
Жыл өткен сайын жастарға қойылатын талап күшейіп келеді. Мектеп пен оқу орындарында оқу жүктемесі ауыр. Оның үстіне толық емес отбасылардың саны артып отыр. Кедейлік пен әлеуметтік теңсіздік жағдайында өмір сүретін қаншама жас бар. Мұның бәрі олардың психикалық саулығына кері әсер етуде. Бұдан бөлек, еңбек нарығындағы жоғары бәсеке мен әлеуметтік желілер де жастардың санасына салмақ салуда.
Аружан ҚҰРЫМБАЙ,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті.