“Петропавл ауыр машина жасау зауыты” акционерлік қоғамының 55 жылдығы ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық және облысымыздың 80 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Кәсіпорын жарты ғасырдан артық белестерінде республикамыздың экономикалық-әлеуметтік дамуына сүбелі үлес қосып келеді. 1961 жылы құрылған зауыт кезінде КСРО-ның іргелі өндіріс орындарының бірі болды. Мемлекеттің қорғаныс саласына қызмет көрсетті. Зауыт зымыран кешені мен метеорологиялық ракета сияқты күрделі өнімдер шығарып, дүние жүзіне танылды. Мыңдаған адамды жұмыспен қамтыды.
Қазақстан егеменді ел болған кезде кәсіпорынымыз дамудың жаңа сатысына көтерілді. Бүгінде бағыты әртараптандырылған кәсіпорын – жыл өткен сайын қуаттылығы артып, өнімділігі өсіп келе жатқан республиканың ірі компанияларының бірі. “Қазақстан инжиниринг” Ұлттық компаниясының құрамына кіретін кәсіпорын бүгінде еліміздегі мұнай өңдейтін және мұнай шығаратын өнеркәсіптер үшін жабдықтар мен қосалқы бөлшектер шығарады. Сондай-ақ, мұнда энергетикалық, жүк көтергіш техникалар, темір жолды жөндеу және қызмет көрсету үшін жабдықтар, халық тұтынатын тауарлар жасалады.
Машина жасау өндірісі ел экономикасында маңызды сала болып табылады. Біз Павлодар мұнай-химия, Атырау мұнай өңдеу зауыттарымен тығыз байланыс орнаттық. Энергетика саласына қосқан қомақты үлесіміз Екібастұз қаласындағы “ГРЭС-1”, “ГРЭС-2” кәсіпорындарының берген тапсырыстарынан-ақ аңғарылады. 2012-2013 жылдары тереңнен алынатын мұнайды өңдеу кешені мен хош иісті көмірсутегін өндіру жобалары үшін Атыраудағы мұнай өндірісіне қажетті техникалық құрал-жабдықтар мен құрылғыларды жасап бердік. Қазақстан темір жол тасымалына арнап шығарған өнімдеріміз де бір төбе. Қазақстан мен Түркіменстан, Қазақстан мен Қытай арасындағы темір жолға қатысты бағдарламаларды жүзеге асыру ісінде кәсіпорынның үлесі бар. Зауыттың 5 бөлімнен тұратын өндіріс аумағының 30-40 пайызы мұнай-газ өнеркәсібіне, тағы осынша мөлшері мұнай-газ өңдеу өндірісі және мұнай-химия өндірісіне, 10-15 пайызы энергетикаға, 5-10 пайыз теміржолға, қалғаны басқа өнімдеріне бағытталған.
Зауыт 2007 жылдан бастап еліміздің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына қатысуда. Осы бағытта жоспарлаған жобаларды жүзеге асыру арқылы кәсіпорынның қуаттылығы артып, өнімдерінің сапасы жоғарылай түсті. Петропавл ауыр машина жасау зауыты көпбейінді өндірістік және сынақ базасымен, заманауи өндіріс құрал-жабдықтарымен және жоғары білікті мамандармен қамтамасыз етілген. 2008 жылдан былтырға дейін зауыттың техникалық паркі 1 миллиард теңгеге жаңартылды. Одан кейін де жоғары технологиялық құрал-жабдықтар сатылып алынуда. Зауытта бір мың адам еңбек етеді.
Зауыттың конструкторлық-технологиялық бюросында жоғары білікті инженерлер, конструкторлар мен технологтар қызмет етеді. Онда ауыр машина жасау саласында жаңа өнім түрлерін ойлап табатын, бар технологияны түрлендіретін, тапсырыстар бойынша жұмыс істеп, зауыттың болашақтағы міндеттерін белгілеп отыратын ойлары ұшқыр 80 адам жұмыс істейді.
Барлық өндірілген тауарлар зауыттың техникалық регламенттері мен конструкторлық құжаттары бойынша дайындалады. Бүгінгі таңда зауыт мұнай өндірушілер үшін ғана 100-ден артық өнім түрін жасайды. Тапсырыс берушілер зауыт тауарларына “қарапайым, сапалы, сенімді” деген баға береді. Кәсіпорынның аккредиттелген сынақ, сынамалық зертханасында зауыттың өндірген барлық өнімдері тексеріледі. Олардың жұмысы плазмамен пішінделіп, автоматтандырылған станоктарда жасалады.
Зауыт экспортқа өнім шығарады. Кәсіпорынның заманауи технология мен құрал-жабдықтар арқылы шығарған өнімдері халықаралық стандарттарға сай. Өндіріс орнының тауарлары тапсырыс берушінің талабымен ГОСТ, ОСТ, СТРК, ТЕМА, ASME және АРІ стандарттарына сай орындалады. Осы уақыт ішінде мұнай-газ өндіру және мұнай-газ өңдеу салалары бойынша көптеген жобалар жүзеге асырылды. Олардың біразы алдыңғы қатардағы шетелдік компаниялардың көмегімен атқарылды. Мәселен, АҚШ-тың “Tengizchevroil”, Жапонияның “JGC Corporation” және “Marubeni Corporation”, Германияның “Bentec”, Ұлыбританияның “PFD International”, Голландияның “Frames”, Қытайдың “Sinopec Engineering” компанияларын атауға болады.
“Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ-ы шығаратын барлық өнімдер лицензияға ие. 2003 жылдан бері TUV CERT компаниясының сертификатын алса, көп ұзамай зауыт халықаралық DIN EN ISO 9001 және мемлекеттік СТ РК ИСО 9001 стандарттарына сәйкестенген өнімдер шығара бастады. Сондай-ақ, ASME (Американың инженер механиктері қоғамы) нормалық стандарттарына сәйкес келетін жүйені енгізді.
2014 жылы зауыт Қазақстанның қуат өндіретін компанияларының сұранысын қанағаттандырып, жылына 1,5 мың тонна өнімділігі бар энергетикалық қазандықтарды жасау жобасын жүзеге асырды. Аталмыш жоба қазақстандық өнім қатарын көбейтіп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына серпін берді. Осы жүйе еліміздің энергетиктерін сапалы жабдықтармен қамтамасыз етті. Бұл бағыт зауыттың ішкі нарықтағы беделін арттырумен қатар, экспорттық ахуалын кеңейтуге жол ашты. Осы жылы мұнай өндіру бұрғыларына қажет жаңа агрегаттар шығарып, олар тұтынушыларын тапты. Оның басқарылуы оңай, сондай-ақ, апаттық жағдайларға аса бейімді. Сапасы халықаралық стандарттардың талаптарына жауап береді.
Былтыр өңіріміздегі машина жасау өндірісінің көлемі 18,4 пайызға өсті. Онда Петропавл ауыр машина жасау зауытының да көрсеткіші бар. Бүгінде зауыттың ішкі және сыртқы саудасы артып келеді. Былтыр “Теңізшевройл” сияқты ірі компанияның тапсырысын орындаса, үстіміздегі жылы жапондық “Maru-beni Corporation” компаниясымен 509,2 миллион теңгенің келісімшартын жасады. “Қазақмыс Смэлтинг” компаниясы 267,5 миллион теңгеге тапсырыс жасады. Энергетиктермен жасалған келісімшарттар да зауыттың жұмысын жандандыра түсуде. Сондай-ақ, ресейліктердің тапсырыстары зауыттың сыртқы нарықтағы беделін асыра түсуде. Биыл “Уралмаш НГО Холдинг” компаниясы бұрғылау платформалары үшін көтеру қуаттылығы 116 тонна гидроцилиндрлерге тапсырыс берді. Бұл құрылғы Ресейдің солтүстік аймақтарындағы кен орындарында 5000 метрлік тереңдікте бұрғылау жұмыстарын жүргізуге арналған жабдықтың маңызды бір бөлшегі. Мұндай жоба бірінші рет қолға алынып отыр. Жоба құны – 100 миллион теңге. Ресей зауытының мамандары бұл өнімді тексеріп, жұмысына өте жоғары баға берді. Үстіміздегі жылдың мамыр айында өнім толық сынақтан өтіп, сатып алушы ризашылығын білдірді. Осындай ірі жобалар зауыттың ішкі және сыртқы нарықтағы беделінің жоғары екендігін айғақтай түседі.
“Петропавл ауыр машина жасау зауыты” акционерлік қоғамы 2015 жылы “Алтын сапа” байқауына қатысып, Президент сыйлығының “Өндірістік бағыттағы үздік кәсіпорын” аталымы бойынша лауреат атанды.
Қуаныш БИШІМОВ,
“Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ-ның
бас директоры.