Соңғы жылдары құрылысы енді басталған тұрғын үйлерден бөліп-бөліп төлеу арқылы пәтер иеленетіндер қатары көбейген. Сатып алушы үшін мұндай тәсілдің тиімді екені белгілі, бірақ алданып қалмаудан сақтану жолдарын білгім келеді.
Жақсылық БАЯЗИТОВ,
Петропавл қаласының тұрғыны.
Оқырман сауалына Петропавл қаласының жеке нотариусы Әсел Тастемірова жауап береді:
– Бөліп-бөліп төлеу арқылы пәтер сатып алу үшін құрылыс компаниясы алдыменен бастапқы жарнапұлды енгізуді талап етеді, содан кейін қалған соманы дәл нақтыланған мерзімде төлеуді ұсынады. Бүгінгі таңда көптеген құрылыс компаниялары кейінгі төлеммен пәтерлерді тікелей емес, тұрғындық-құрылыс кооперативтері арқылы сатып ала алады. Осындай тәсілден қауіптенудің қажеті жоқ, ол заңды («Тұрғындық құрылысқа үлестік қатысу туралы» және «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңдарда қарастырылған). Бұл – тұрғындық-құрылыс кооперативінің пайшылары мен мүшелерінің қаражаттары есебінен көппәтерлі үйлерді ұстауға және салуға құқы бар ерікті адамдардың бірлестігі. Тұрғын үй құрылыс кооперативі бекітілген заңның тәртібіменен тіркелуден өткен соң заңды тұлға болып табылады. Ол мердігердің үстінен қарайды, үйді пайдалануға беру барысын бақылайды.
Дегенмен, бөліп-бөліп төлем жасауға көптеген тұрғындар сенімсіздікпен қарайды. Өйткені, ипотекалық несие арқылы пәтерге бірден қол жеткізуге болса, ал бөліп-бөліп төлеу арқылы бірнеше жыл күтуге тура келеді. Сатып алушы алдымен пәтердің құрылысына ақшаны салмастан бұрын алдымен құрылыс фирмасының нарықтағы тарихын, салмағын, пайдалануға берген нысандарының нақтылы санын, банктердегі аккредитациясын жан-жақты білу керек.
Құрылыс компаниясының мынадай құжаттары болуы тиіс: жер учаскесіне құқығы, жобалық-сметалық құжаттаманың сараптамалық қорытындысы, құрылыс жұмыстарын жүзеге асыруға құқық беру лицензиясы.
Сізге қол қоюға берілген келісімшартпен алдымен толық танысып алғаннан кейін құжатты заңгерлерге көрсетіп, талаптарын түсінген жөн. Сатып алушы осы жайттарды ескергенде ғана түрлі келеңсіздіктердің алдын алуға болады.