«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗЕЙНЕТКЕРЛІК ЖАРНА МЕН ТАБЫС

Былтыр көктемде еліміздегі 10 жинақтаушы зейнетақы қорының активтерін біріктіру шарасы аяқталып, бір жерге шоғырландырылған капиталмен жұмысты “Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры” акционерлік қоғамы жүргізіп жатқандығы белгілі. Аталмыш қордың солтүстікқазақстандық филиалы өз салымшыларына бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жаңа механизмнің қалай жұмыс істеп жатқанын жеткізу мақсатында бір жылғы жұмысын қорытындылаған брифинг өткізді.

Қор филиалының директоры Рамазан Мұқановтың жасаған ақпараттық хабарламасына сүйенсек, 1 маусымға дейін елімізде 10014027 жеке зейнетақы шоты ашылып, ондағы қаржы 4,85 триллион теңгеден асқан. Солтүстікқазақстандық салымшылардың үлесіне 354383 шот тиесілі болса, онда 131 миллиард теңгеден астам қаржы жатыр.

E-gov порталы биылғы жылдың ақпан айында іске қосылса, 15251 солтүстікқазақстандық электрондық қызмет желісі арқылы өзінің шотын бақылауға мүмкіндік алып отыр. Оның ішінде 7178 адам есебін электронды пошта арқылы жүргізсе, 8073 салымшы қордың веб-сайты арқылы ақпарат алған.

Баяндамадан кейін қор филиалының әкімшілік құрамы журналистердің сауалдарына жауап берді. Ең көп зейнетақы алу үшін ерлердің – 40 жыл, әйелдердің 35 жыл еңбек өтілі болуы керек, сондай-ақ, 81263 теңгенің 75 пайызы есептеледі. Қайтыс болған адамның мұрагері оның зейнетақы шотындағы ақшасын толықтай ала алады. Салымшылардың зейнетақы активтерінен дивиденд алу үшін түрлі қаржы құралдарына, әсіресе, мемлекеттік құнды қағаздарға салу жөніндегі инвестициялық саясатты “Қазақстанның Ұлттық банкі” АҚ жүргізеді. Сондай-ақ, әкімшілік шығындар азайып, зейнетақы жинағының қалыптасуы мен қозғалысының ашықтығына қол жеткізілді. Зейнетақы жүйесін жаңғырту жұмыстарын жалғастыру тұрғысында бүгінде тиісті заң жобасы әзірленген. Бұл құжатта базалық зейнетақы тағайындау тәртібін өзгерту қарастырылған. Осы орайда 2017 жылғы 1 шілдеден бастап оның мөлшері зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты анықталады. Зейнеткер әйелдер қатары көп. 2013 жылы әйелдердің зейнеткерлікке шығу мерзімі 63 жас деп белгіленді. 2018 жылдан бастап бұл жүйе біртіндеп енгізіле бастайды. Салымшы басқа мемлекетке тұрғылықты жерін ауыстырған кезде біздегі жинақталған зейнетақы қаржысын еш қиындықсыз аудара алады. Ешқандай еңбек өтілі жоқ адам 11182 теңге базалық зейнетақы төлемін алады.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp