Ауыр атлетикадан төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин тағы бір лауазымға тағайындалды. Енді ол Қазақстан спортшылар одағының филиалына басшылық ететін болды. Бұл туралы спортшы өзінің “Instagram” әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
“Бүгін сіздермен жақсы жаңалықпен бөліскім келіп отыр. Мен Қазақстан спортшылар одағының Қызылорда облысы бойынша филиалын басқара бастадым. Туған өңірімде спортты дамыту бойынша үлкен жоспарларым бар. Өз алдыма биік мақсаттар қойып отырмын және оларды міндетті түрде жүзеге асырамыз деп үміт артамын!” – деп жазды ол.
Спортшы аталмыш филиал ресми түрде 2020 жылдың 1 қыркүйегінде тіркелгенін мәлім етті. 31 жастағы Илья Ильин мамыр айында Қызылорда қаласындағы “Мұз айдыны” спорт кешенінің директоры болып тағайындалған болатын.