«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ИНВЕСТИЦИЯ САЛУҒА МҮДДЕЛІ

 

Кеше облыс әкімі Құмар Ақсақалов облысымызға жұмыс сапарымен келген австралиялық “Iluka Еxploration Kazakhstan” компаниясының атқарушы директоры Энтони Торнтон бастаған делегацияны қабылдап, өңірге инвестиция тарту мүмкіндіктерін қарастырды.

Негізінен тараптардың танысуы мақсатында өткен кездесу барысында облыс әкімі меймандарға өңіріміздің инвесторлар үшін қолайлы әрі мүмкіндігі зор екенін кеңінен айтып берді. Бүгінде өңірімізде игерілмей жатқан пайдалы қазбалар қоры қымбат металдарға, құрылыс және технологиялық шикізаттарға, жерасты сулары мен минералдарға мол. Ал Тайынша, Есіл, Уәлиханов ау­дандары титанцирконий, алтын, уран қорларына бай.

Әлемдегi iрi цирконий және диакси титан өндiрушiсi болып табылатын австралиялық “Iluka Resources Limited” трансұлттық компаниясының Қазақстан нарығына келгеніне екі жыл болған. Шетелдік инвестор өңірімізде өндіріс көзін ашуға ниет танытып отыр.

− Біздің компания АҚШ, Бразилия және Шри-Ланка сияқты бірқатар мемлекеттерде жерасты сирек кездесетін металдарды өңдеумен айналысады. Сіздердің облыстарыңызға да қаржы салу мүмкіндіктерін қарастыруға келдік. Болашақта облыс аумағында цирконий, қалайы, титан сияқты сирек кездесетiн металдарды өңдеу бойынша құны 500 млн. АҚШ доллары тұратын зауыт құрылысын салу жоспарымызда бар, − деді компанияның атқарушы директоры Энтони Торнтон.

Инвестициялық компания өткен жылы облыс аумағында аэрогеофизикалық зерттеу жұмыстарын жүргізген. Өңірімізде жобаны жүзеге асырмас бұрын шілде айында сирек кездесетін металдар қорын анықтау бойынша барлау жұмыстарын қолға алмақ.

− Бiз облысымызға қаржы құюға келген инвесторларды қуана қарсы аламыз және ынтымақтастыққа мүдделiмiз. Жобалардың кедергісіз әрі уақтылы іске асуын қамтамасыз ету бойынша қолдау көрсететін боламыз. Бiз сiздерге жұмыс үшiн қолайлы жағдай жасауға дайынбыз және ұсыныстар күтемiз, − дедi Құмар Іргебайұлы.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp