«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ирина МАТВЕЕВА

1960 жылы Петропавлда өмірге келген. Облыс орталығындағы педагогика институтының филология факультетін тамамдаған.  

Облыстық мұражайлар бірлестігі әдебиет бөлімінің ғылыми қызметкері.

2005 жылы “Арман аясында” атты жыр жинағы шықса, 2010 жылы “Күзгі жұлдыздар” деп аталатын екінші кітабы жарық көрді.

 

ЖАҢБЫР КӨРДІМ ТҮСІМДЕ

Ақ қыраулы мына қыстың ішінде,
Нөсерлеткен жаңбыр көрдім түсімде.
Нөсерлеткен ақ сел көрдім түсімде,
Қала, көше ақ тұманды пішінде.

Сөніп кеткен жұлдыздардың шырағы,
Төселіпті қырдың уыз тұманы.
Маза бермей сытырлаған тамшылар
Түніменен тереземді ұрады.

Таң нұрымен таласатын Күн қайда,
Еспейді екен жылы леп те бір майда.
Мен сағынам жаздың жылы жаңбырын
Қыс та болса, түсіме еніп тұрғай да…

* * *
Өтіп жатыр мезгіл деген ғажайып,
Күнтізбенің бір парағы азайып.
Кешегі күн өтті-кетті беймәлім,
Жаңа күнге басқаша жыр жазайық.

Өзгеріс жоқ, бұрынғы аспан – сол аспан,
Жолдар жатыр көкжиектен әрі асқан.
Біреу тауып іздеп жүрген бақытын,
Бәзбіреулер қолда бардан адасқан.

Анау өзен баяғыша ағады,
Көк толқыны сүйкеп өтіп жағаны.
Әр күніңнен бақыт іздеп жүргенде
Сағынышың сарғайтады сананы.

Байыз таппас тірлік деген дәл осы,
Жанға маза бермейтіні о несі?
Бақыт деген қолға қонбас құс сынды,
Таусылмайды бұл адамның дәмесі…
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp