Әлем католиктері Рождество мейрамын атап өтуде. Биылғы жылы діни мереке желтоқсанның жиырма төртінен жиырма бесіне қараған түні басталды. Сегіз күн бойына жалғасатын діни мерекенің алғашқы түнінде Иса пайғамбардың құрметіне шіркеуге келіп, құлшылық еткен барлық солтүстікқазақстандықтарды облыс әкімінің орынбасары Владимир Бубенко мен өзге де діни ұйымдардың өкілдері құттықтады.
– Елімізде дінаралық татулық пен этностар арасындағы достық нық орнаған. Осы жағынан Қазақстан көптеген мемлекеттерге үлгі болуда. Діни мерекелерді бірлесе қарсы алу – татулықтың нышаны. Қасиетті мерекелеріңіз құтты болсын! Жаратушы тілектеріңізді қабыл етсін! – деді өз сөзінде облыс әкімінің орынбасары Владимир Бубенко.
– Жаратушыға деген сенім, ең алдымен, адамның жүрегінен орын алуы тиіс. Біз өз дұғамызда осыны барша халыққа тілеп жатамыз, – дейді Петропавлдағы рим-католик приходының басшысы Дариуш Пашинский.
Католиктердің Рождество мерекесіне өңіріміздегі өзге де діни бірлестіктердің өкілдері ортақтасып, өз құттықтауларын жеткізді.
– Елбасымыз өз сөзінде Қазақ елін мекен еткен әр этнос өзінің діни, мәдени құндылықтарын сақтауға құқылы екендігін айтқан. Қазір ішкі тұрақтылық, ынтымақ бар. Еліміздің дамуына, ең алдымен, осы фактор әсер етіп отыр деуге толық мүмкіндік бар, – дейді “Қызылжар” облыстық мешітінің наиб имамы Қасымхан қажы Исаев.
Самат ЕСМАҒИ,
“Солтүстік Қазақстан”.