«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КЕЛЕСІ ҚАРСЫЛАС – “HUMO”

Шайбалы хоккейден өтіп жат­қан ашық ел біріншілігі аясында жергілікті “QULAGER” команда­сы сырт алаңда атыраулық “BEIBARYS”-пен кездесті. 

Атырау қаласында өткен кез­десудің алғашқы ойынында жерлес шабуылшы Евгений Попитич есеп ашты. Екі минут өтер-өтпес уақытта айдын иелері есепті теңестіріп, одан кейін соққан тағы бір шайбаның арқасында алға шықты. Қызылжарлық хоккейшілер де қарап қалған жоқ, Ильгиз Нуриев пен Станислав Логинов қарсылас қақпасына қатарынан екі шайба тоғытты. Атыраулықтар да осал емес екен, бір минуттың ішінде таразы басын теңестіре білді. Ойынның аяқталуына жеті минут қалған кезде жерлестеріміз белсенділік танытып, Станислав Логинов жеңіс шайбасын салды. Есеп – 4:3.

Келесі күнгі қарымта кездесу айдын иелерінің пайдасына шешілді. Тартысты өткен ойында атыраулықтар есеп ашса, оларға жерлесіміз Евгений Попитич жауап қайтарды. Бұдан соң қарсылас команданың хоккейшілері қызылжарлықтардан екі рет айлаларын асырып, қақпамыздан саңылау тапты. Ал Станислав Логинов есеп айырмасын қысқартқанымен, атыраулықтар Андрей Янков күзеткен қақпаға тағы бір шайба салды. Осылайша, ойын 2:4 есебімен аяқталды.
Қоржынында 67 ұпайы бар қызылжарлықтар турнир кестесінде алтыншы орында келеді. Бүгін жерлестеріміз сырт алаңда Ташкенттің “HUMO” командасымен кездеседі.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp