Облыс әкімі Ерік Сұлтанов Тайынша ауданына жұмыс сапары барысында “BIOHIM” ЖШС өндірістік кешенінде болды. Өңір басшысы нысан басында инвесторлармен кездесіп, кәсіпорынды іске қосуға байланысты атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
“BIOHIM” ЖШС-іне ықтимал инвесторлар “ҚазМұнайГаз” АҚ мен “BioLinekz” ЖШС қаржы құймақ, қазіргі таңда кешенді қайтадан іске қосу үшін ол “BioOperating” компаниясына берілген. Жақын күндері инвесторлар диірменге ревизия жүргізеді, кейін крахмал мен балауыз өндіретін цехтар тексерілмек. Сонымен қатар, ертеректе Ресей, Англия, Түркия мен Қытайдан әкелінген құрылғыларды қайтадан жаңғырту жоспарланған. Кешеннің жылу жүйесі де қалпына келтіруді қажет етеді. Өңір басшысы Ерік Сұлтанов бүгін атқарылар жұмысты ертеңге қалдырмай, жедел кірісуді тапсырды.
– Қазір қазандықты іске қосу керек, содан кейін диірмен мен қоймалардың жұмысын жандандырған жөн. Ағымдағы шығындарды диірменді іске қосқаннан кейін түсетін қаржымен жабуға болады. Себебі, ұнға деген сұраныс жоғары. Яғни, қазір құйып жатқан қаржыларыңызды қайтарып аласыздар. Өндірісті іске қоссақ кешеннің жұмысына жан бітер еді, – деді әкім.
Кешенді су, телефон және электр желілеріне қосу үшін техникалық шарттар алынған. Су қоймасы жөнінен қиындық туындамайды. Кездесу барысында облыс әкімі кәсіпорынды қайтадан іске қосуға байланысты бірқатар нақты тапсырмалар берді. Ал инвесторлар өңір басшысына жан-жақты қолдауы үшін алғысын білдіріп, жобаны жүзеге асыруға дайын екендіктеріне сендірді.
– Кешенді жұмыс жүргізу жоспарланған. Құрал-жабдықтарды түгендедік. Желтоқсан айында диірмен мен цехтар тексеріледі. Сонымен бірге сыртқы және ішкі су, электр желілерін қалпына келтіру жұмыстары қатар атқарылуда, – деді “BioLinekz” ЖШС жобалау жөніндегі директоры Жандос Есенбай.
Облыс әкімі Тайынша ауданына сапары барысында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жеке жоба бойынша салынған ауданаралық уақытша ұстау изоляторына да соқты. Бұрын ең жақын изолятор Ақмола облысының аумағында болатын.
Облыс әкімінің баспасөз
қызметі.