Биыл кәсіптік-техникалық білім беретін 25 колледжді тамамдаған 3539 түлектің 2331-і жұмысқа орналасса, 301 адам екі қолға бір күрек таба алмай жүр. Айыртау, Есіл, Қызылжар және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда колледж түлектерін жұмысқа орналастыру сылбыр жүргізілуде. Әсіресе, жұмыс берушілердің жас маманнан еңбек өтілін талап етуінен, еңбекақының аздығынан түлектер тұрақты жұмыс таба алмай отыр. Әрі жұмыс берушілердің түлектердің кәсіби біліктілігіне күмәнмен қарайтыны да жасырын емес.
Осы орайда облыс әкімі Құмар Ақсақалов оқу үдерісінің тек 25 пайызы тәжірибеге негізделген колледж түлектерін сұранысқа сәйкес даярлау үшін кәсіпорындар мен білім беру ұйымдары бірлесіп жұмыс істеуі керектігін айтты. Әсіресе, зауыттар мен ауыл шаруашылығы құрылымдары басшыларына кәсіптік-техникалық оқу орындарын қанаттарының астына алып, оқу үдерісіне белсене қатысуды тапсырды.