«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КОММУНИСТЕР ҰСТАНЫМЫ АЙҚЫН

Қазақстан Коммунистік халықтық партиясынан ұсынылған Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Тұрғын Сыздықов Қостанай қаласында “Баян сұлу” акционерлік қоғамының кондитерлік фабрикасы ұжымының өкілдерімен кездесіп, жиналғандарды өзінің сайлауалды тұғырнамасының басты бағыттарымен таныстырды.

Алдымен, ол Қазақстан Коммунистік халықтық партиясының қызметі ғылыми социализм идеялары, маркстік-лениндік ілім мен прогрессивті қоғамдық ойларға негізделіп құрылғанын атап өтті.  

“Біз қоғамдық дамудың біртұтас материалистік теориясы ретінде марксизм-ленинизмнің ғылыми және идеологиялық негіздеріне сүйеніп қызмет атқарамыз. Марксизм – коммунистер үшін қоршаған әлемнің өзгеруімен бірге үнемі дамып отыратын, қоғамның дамуындағы қордаланған және жаңа деректерді ой елегінен өткізетін шығармашылық ғылым”, – делінген Т. Сыздықовтың сайлау-алды тұғырнамасында.

Сонымен қатар, тұғырнамасының тағы бір қағидаты – Батыс мәдениетінің теріс ықпалы жайында мәселе көтерген Тұрғын Сыздықов: “Руханилықтың мәнін түсіретін Батыс құндылықтары мақсатты түрде астамшыл тұтынушылық сана қалыптастыруда”, – деп атап өтті.

Кездесу барысында партияның Қостанай облыстық комитетінің бірінші хатшысы Алпысбай Әлімбаев жиналған жұртты аймақтық сайлауалды штабтың жұмысымен таныстырды.

* * *

Кеше Қазақстан Коммунистік халықтық партиясынан ұсынылған Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Тұрғын Сыздықов Қостанай қаласында “Большевичка” АҚ тігін фабрикасы ұжымының өкілдерімен кездесті.

Кездесу басында Тұрғын Ысқақұлы сайлауалды тұғырнамасының негізгі аспектілерін ұсынды.

“Коммунистер үшін марксизм қоршаған өмірдің өзгеруіне, қоғамдық дамудағы жаңа құбылыстар мен деректерді жинақтап, мәнін түсінумен байланысты ұдайы дамып келе жатқан жасампаз ғылым болып табылады. Бүгін мен қазіргі заманда адамгершілік құндылықтарын өзгертетін негізгі мәселелер туралы партияның атынан мәлімдеп отырмын, – деді кандидат. – Коммунистік ойларды іске асыру адам мен табиғаттың үйлесуіне септігін тигізеді”.

Тұрғын Сыздықовтың айтуынша, адамгершілік құндылықтар жүйесін өмірге деген қанағатсыз көзқарас алмастырды. Бұл өскелең ұрпақты тәрбиелеуде бірқатар күрделі мәселелер туындатуда.

Соңғы жылдары әлемді толқытқан саяси және экономикалық дағдарыстар жиілеп кетті. Экономика мен қаржы салаларын дендеген трансұлттық корпорациялардың үстемдігі қоғамның ыдырауына алып келді.

Батыс қоғамы сүйеніп келген орта тап бірте-бірте моральдық тұрғыда азып-тозған тоғышар тұтынушыға айналып барады.

Партияның Қостанай облыстық комитетінің бірінші хатшысы А.Әлімбаев кандидаттың сайлауалды штабы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, тиісті ақпараттық қызмет атқарып жатқанын айтты. “Бұл жұмыстарда “Қазақстан Коммунисі” газеті, партия сайты, интернет пен әлеуметтік желілер белсенді қолданылуда”, – деді ол.

(Ресми ақпарат). 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp