«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КҮЛІМДЕГЕН КӨКТЕМІМ

Мен өз басым ұжымдық ортада осы мерекенің аталып өтуі кезінде бірқатар салт-дәстүрімізді, мәдени құндылықтарымызды, ұлттық тағамдарымызды танып қаламын. Алайда, ортамызда оларды жетік білетін аға буынның аздығынан мағлұматтардың толық ұсынылмайтыны өкінішті.

Қазақтың әрбір әрекетінде терең мағына жатыр. Осы наурыз айын ата-бабамыздың жыл басы деп қабылдауының өзі үлкен ойға қалдырады. Бұл 22 наурыз күні – аспан денелерінің ең бастапқы нүктелеріне келіп, күн мен түн теңелетін, жан-жануарлар төлдеп, адамдардың ауызы аққа тиетін, жер бетіне шаттық орнайтын кез. Жыл басын наурыздан бастау ертеректе көптеген мемлекеттердің дәстүрінде болған. Бүгінгі тарихшылар бұл дәстүрдің ғасырдан-ғасырға өткен сайын үлкен өзгерістерге ұшырап, көп елде ұмыт болғанын айтады.  

Қазақтың ұғым-сенімінде бұл күні Қыдыр баба келіп, халыққа құт-береке, бақ-дәулет сыйлайды. Сайын даланың төсінде бәйшешектер құлпыра өсіп, бел-белестерге көк төселеді. Наурыз айында бұл көріністерді еліміздің оңтүстік өңірлері жақсы тамашалай алады. Жұрт жеті түрлі дәмнен наурызкөже жасап, ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан салт-дәстүрін сақтауға тырысады. Осылайша, Ұлыстың ұлы күнін тойлайды. Бүгінде біздің түсінігімізде Ұлыс күні – ынтымақ пен сенімнің, кешірім мен көңілдің мерекесі.

Төл мерекеміз мен білім алып жүрген Петропавл қаласындағы Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатында да ерекше тойланады. Осы күні ұрпақты салт-дәстүрді білуге үгіттейтін бірнеше іс-шаралар өткізіледі. Мысалы, көрме ұйымдастырылып, дастарқанға әртүрлі тағам қойып, алтыбақан теуіп, ойын-сауық өткізіп, бәріміз мәре-сәре боламыз. Жеті түрлі дәмнен даярланған көже ішіп, төс қағыса амандасып, жылы лебізімізді білдіреміз.

Іңкәр САУЫРБАЕВА,

11-сынып оқушысы.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp