«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КҮРЕ ЖОЛ БОЙЫНДА ТҰРСА ДА, КҮРМЕУЛІ МӘСЕЛЕЛЕРІ АЗ ЕМЕС

Бар табиғат өзара жарасқан ба?
Ақ мамықтар ұшып жүр ақ аспанда.
Қала жатыр оранып ақ тұманға,
Сірә, дала кіршіксіз, ақ бұдан да…
Көліктің терезесінен айналадағы аппақ әлемнен көз алмай отырып, Мұқағали Мақатаевтың өлең жолдары ойыма келіп, тіліме оралды. Ұшқындаған ақ мамықтан аспаны мен жері астасқан, шеті көрінбейтін туған өлкенің сайын даласы неткен байтақ еді?! Осы күнге дейін өңіріміздегі бірталай елді мекенге барсақ та, әлі де табанымыз тимеген ауылдар аз емес екен-ау. Бұл жолы қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, іргесі сөгілмеген Аймақ, Амандық ауылдарының тыныс-тіршілігімен таныспаққа жолға шықтық.

Ақ ұлпаның жел тұрса аққұлақ боранға ұласатынын ескеріп, Тайынша ауданына қарасты бұл ауылдарға Көкшетау арқылы жолға шықтық. Халықаралық жолды қар алған күннің өзінде тез тазаланады ғой. Ақмола облысының орта­лы­ғынан 50 шақырым қашықтықта орна­лас­қан Амандық округінің ғажайып таби­ғатын тамашалап келеміз. Бурабайдың көгілдір таулары да алыстан көз ұшына ілінді, ақ күміске малынған ормандар сайлардың бауырына тығылып, аю жүнденіп ұйып тұр. Округте барлығы 500-ге жуық шаңырақ түтін түтетіп отыр. Тұрғын­да­рының көбі – қазақ. Амандық, Жаңадәуір, Иличьевка, Аймақ ауылдарының бір-бірінен алшақтығы әрі кетсе 10-15 шақырым. Округ әкімінің міндетін атқару ісіне енді ғана кіріскен Ке­рейбай Әнуарбекұлы ауылдардың бүгінгі ахуалы туралы сөз бастады.
– Ауылдар облыс орталығынан алшақ болса да, Көкшетаудың дәл іргесінде, автомобиль және темір жолдардың бо­йында тұр. Ауыл тұрғындары еңбекқор. Мал шаруашылығын дамытып, 800-ге жуық жылқы, 1 мыңнан астам ірі қара, қой-ешкі өсіреді. Округте 15 шаруашылық субъектісі бар. Тұрғындар жемшөп, жаздық жайылым жағынан таршылық көріп отырған жоқ. Кіндік қаны тамған жердің бо­лашағына алаңдайтын атқамінер азамат­тар ауылдарда баршылық. Мәселен, Аман­дық ауылының тұрғыны Оралбай Тірманов мал ұстап, жер игілігін көріп, ауыл тұрғындарына жұмыс ұсынып отыр. “Жанмұқан” шаруа қожалығы да жаңа-дәуірліктердің жағдайын жасауда. Жұмыс болған соң тұрмыс та түзеледі емес пе? Ильичевка ауылына оңтүстік өңірлер­ден 14 отбасы қоныстанды. Мұндай отба­сы­лар Жаңадәуірде де бар, – деді әкім.
Ауыл – ұлттық құндылықтардың мәйегі, тіл, салт-дәстүріміздің, мемлекет іргесінің қалыптасуы мен дамуының алтын бесігі. Ал мектеп қай кезде де ауыл тұрғын­дарының жүрегінде үміт отын жағып, бо­лашаққа деген сенімін ұялататын білім мен мәдениеттің орталығы болып саналады. Мектебі жабылған елді мекендердің тағ­дырын талай көрдік, білім беру мекемесі жоқ ауылдың болашағы да күмәнді. Бір­ден Амандық ауылындағы білім ордасына барудың бір себебі де сол болатын. 1976 жылы салынған екіқабатты мектептің іші ұядай жылы, сырты да жинақы. Орта мек­теп директоры Нұрсұлу Баймағам­бетова бүгінде мұнда 105 бала оқитынын айтты. Мектепалды даярлық тобына 11 бала бар­са, шағын орталықта 19 бүлдіршін тәрбие­ленуде.
– Жаңадәуір ауылында мектеп болма­ған­дықтан, сол ауылдың 20 баласын “ГАЗель” көлігімен күнде әкеліп, оқытамыз. Екі ауыл арасындағы 15 шақырымдық жол­дың сапасы жақсы. Сондықтан тасымал мәсе­лесінде түйткіл жоқ. Мектебімізде 21 мұғалім сабақ береді. Бес маман “Дип­ломмен – ауылға!” бағ­дарламасы аясында жұмыс істеп жатыр. Олардың біреуі ғана осы ауылдың тумасы. Қалғандары – бізде еңбек етуге ниет ет­кен өзге ауыл жастары, – деген Нұрсұлу Сұлтанқызы білімдегі жетістіктеріне де тоқтала кетті.
Мектеп 2017 жылы ұлттық бірыңғай тес­тілеуден аудан бойынша бірінші орын ал­ған екен. Биыл 6 оқушы пән олимпиада­сына қатысып, олардың 5-еуі жеңімпаз атанған. Жыл сайын Абай оқуларының облыстық кезеңінде жүлделі орындарға ие болатындарын, ал жігіттер қазақ күресінен облыстық додаларда әрдайым қанжыға­лары майланып оралатындарын, оқушы­лардың басқа да жетістіктерін айтқан кезде жанарында мақтаныш сезімі жылт еткен мектеп басшысы:
– Балаларымыздың болашағының зор екеніне күмәнім жоқ. Мектепке биыл күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болса, әлі талай белестерді бағынды­рамыз, – деді. Ұзақ жылдар бойы күрделі жөндеу көрмеген білім беру мекемесі сырт көзге бүтін көрінгенімен, есік-терезелері, едені әбден тозыпты. Қасбетті де әрлеу керек. Былтыр Петропавлдан комиссия келіп, мұндағы жағдайды көріп, қажетті құжаттарды білім бөліміне тапсырып, биыл мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізі­леді деп сендірген. Әрі биылғы бюджет есебінен жаңа парталар, орындықтар сатып алынбақ. Мектептегі интернеттің жыл­дамдығын арттыру мақсатында арнайы қондырғы орнатқан уақыттан бері бұл мәселе де күн тәртібінен түскен екен. Енді ұстаздар қауымы электронды журналға, мұғалімдер олимпиадасына, онлайн ре­жімдегі іс-шараларға қатысу мүмкіндігіне ие болып отыр. Мұндай игіліктердің ауылға жеткеніне тұрғындар дән риза. Балалары сапалы білім алса, шаруашылықтары өрге басса, басқа жақтан жерұйық іздеудің қажеті бар ма?! Округ әкімі 500-ден астам тұрғыны бар бұл ауылда арақ-шараптың сатылмайтынын айтты. Ішер сулары таза, дәрігерлік қосындары бар.
Ал іргедегі Аймақ ауылының тұрғында­рын толғандырып отырған мәселелер аз емес. Елді мекенде 200-ге жуық үй бар. Тоғыз жолдың тора­бында тұрған бұл елді мекенде бірқабатты мек­тептен басқа жастардың тұрақтап қалуына негіз болатындай жағдай жоқ. Ол турасында осы ауылдың ақсақалы Жұмабай Тұрғымбаев ашынып айтты. Үлкен ауылда медициналық пунктің, мон­шаның, мәдениет ошақтарының жоқты­ғына қынжылды.
– Осы ауылда қаншама нысан болды. Сол кездегі шенеуніктер бәрін талан-та­ражға салып, кетіп қалды. Біз қала бер­дік. Ауыл тұрғындарының дені – зейнет­кер­лер. Жастар – іргедегі Көкшетауда. Ауы­рып қалсақ, аудан орталығына бара­мыз. Оған төтесінен түсудің өзі қиямет-қайым. Былтырлары құдықтың насосы істен шы­ғып, бір жыл бойы ауызсусыз отыр­дық. Аудан басшылығына бірнеше мәрте барып, әйтеуір, жөндеттік. Құтқа­рушы­ларды да ұзақ күтеміз. Былтыр төрт үй отқа оранды. Өртсөндірушілер жеткен­ше, бір кісі өртеніп кетті. Айтып-айтпай не керек, ауылымыз Алаштың ардақты перзенті Сәкен Сейфуллин салдырған бірқабатты мектептің арқасында ғана тұр. Жеріміз де кім көрінгеннің қолында кетті, – дейді қарт.
2000 жылдары өздеріне тиесілі жерлерін “Байжол АГРО” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне беріп, осылайша, одан түскен өнімнің үлескері болуға үміттенген Аймақ, Амандық ауылдарының тұрғындары бү­гін­де ұлтарақтай жерлерінен айырылып қал­ған екен. Серіктестік ауыл жерлерін банкке кепілдікке қойып, қарызын қайтара алмай, ісі жүрмей, жабылып қалған. Ауыл тұрғын­дары бүгінде жерле­рін қай­тара алмай, тіпті, оның кімге беріл­генін біл­мей дал. Түрлі мекемелердің есігін қа­ғып, тұлыпқа мөңіреген бұзаудың күйін кеш­кендеріне бірнеше жылдың жүзі бол­ыпты.
Ақсақал айтқан қазақтың біртуар ақыны Сәкен Сейфуллин салдырған мектептің де жағдайы мәз емес. Білім ордасының та­рихы жайында мектептің тәрбие ісі жөніндегі меңгеруші Жарғанат Әділбек­қызының мақаласын газетімізге жария­лаған болатынбыз (“Soltústik Qazaqstan” газеті, 16 қаңтар 2020 жыл). 1961 жылы ашылған бірқабатты білім беру мекемесінде бүгінде 94 бала екі ауы­сыммен оқуда. Мұнда таңертең мектепал­ды даярлық тобында 7 бала оқыса, түстен кейін шағын ғана бөлме шағын орталыққа айналып, 8 балаға тәрбие береді. Мек­тептегі 22 мұғалімнің екеуі “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша келген. Жылу жүйесі шіріген, терезелері қаусап, төбесі сары судан сарғайып кеткен. Әжет­ханасы далада, суды да құдықтан тасиды.
– Шағын мектептерді қысқартып, үлкен білім беру мекемелеріне ауыстыру туралы сөз қозғалған сайын ертеңгі күнге алаңдаймыз. Биыл Амандық ауылын­дағы мектептің толық жөнделетінін естіп жатырмыз. Біздің мектепті тексерген ко­мис­сия “болашағы жоқ мектеп” деген ұй­ғарымға келіпті. Бұл мектептің болаша­ғына сенбесе, 500-ден астам тұрғыны бар ауылдың да келешегіне балта шапқылары келе ме? Күре жолдың бойында тұрған ауылда мектеп болмаса, бұл елді мекеннің болашағы да бұлыңғыр болары бесенеден белгілі. Ауыл тұрғындарының дені осы мектеп үшін тұрып жатыр емес пе?! Ол жабылатын болса балаларымызды Қара­ғаш немесе Амандық ауылдарының мектебіне беруге тура келе ме деп қауіптенеміз. Қақаған қыста, боранды күндері кішкентай бала­ларды күн сайын 15 шақырым жердегі көр­ші ауылға тасу оңай ма? Не дұрыс оқу оқы­майды, не ұйқысы қанбайды, не жарытып тамақ ішпейді. Жаңадәуір ауылының балаларын таңғы алтыда алып кетеді. Ол шағын ауылда 20 бала оқыса, бізде 100-ге жуық. Оқушылар бірнеше сабақ үшін басқа ауылда жүреді. Соны білетін әке-шешесі баласын қаңғыртып қоя ма? Қалаға көшеді де кетеді. Мектеп жабылса, ауылдың да іргесі сөгіледі. Біздің қорқатынымыз да осы, – дейді негізгі мектеп директоры Орал Құттығожин.
Мектепте спортзал да болмаған екен. Бірнеше сыныпты қосып, спортзал ашып­ты. Абырой болғанда, ауыл жанашыр аза­маттарға кенде емес. Мектеп түлектері қол­ғабыс етіп, коньки, шаңғы, теннис үстелін сыйлаған.
– Ниет болса, адам баласының қолы­нан бәрі де келеді екен. Ауыл болып мектепті жылыттық. Терезелердің бәрін тығындап, әрбір сыныпқа компьютер қойып, интер­нетке қостық. Мұның барлығы ауыл тұр­ғын­дарының, мектеп түлектері мен мұға­лімдерінің арқасында жүзеге асырылып жатыр, – дейді мектеп директоры.
Көрші тұрған ауылдардың тұрмысы бір-біріне ұқсас болғанымен, олардың жағ­дайы әртүрлі. Тұрғындары ауылдың өркендеуін қалайтынын, балала­рының болашағы үшін алаңдайтынын аңғардық.
Біз қалаға бет алғанда қылаулап жауған қалың қар ақтүтек боранға ұласатын сыңай танытты. Шалғайда жатқан қазақ ауылдарының келешегіне деген алақұйын көңіл басылар емес.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ, “Soltústik Qazaqstan”.

Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp