«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӘКІМБЕК АҒА

Қызыл алаңда жүрсең де әкім боп, аға,

Ел- жұртың сені таныды ақын деп, аға.

Бабалар кеткен ауылға атыңды бұрып,

“Қош!” айтып кетіп барасың, Кәкімбек аға!

Жеңіл болса екен… алдыңда сынақ тұр, аға.

Жаратқан Аллам мінгізсін бір Пырақ-Құлаға.

Құлагер жортқан құба бел құлазып бүгін,

Абыз даламның аспаны жылап тұр, аға.

Түсіңде Ақан серінің самғап қыраны,

Кісінеп келген көруші ең әруақ-құланы.

Өзіңді сүйген қазақтың бар сағынышы

Фәни мен бақи арасын жалғап тұрады.

Сырыңды терең ұғындық сөз түйініңнен,

Қалың қазаққа үн қаттың өз биігіңнен.

Боз ала таңда түсіңе жиі кіретін

Бірге еріп, аға, кеттің бе жезкиігіңмен?!

Біреуі өзің болсаң да “қос қолдың”, аға,

Шалғайда жүріп ауылға кеш қондың, аға.

Бауырдың барын сездіріп, керуенін бастап,

Жұртта қап қойған Қалпаққа ес болдың, аға.

Өмірден озып барады бір кемел ақын,

Өзіңдей енді жаныма кім келер жақын?!

Қаныштан кейін Жездінің кенін ақтарған

Қазақтан шыққан сен едің инженер ақын.

Алыста жүріп түргенде білегіңді, аға,

Қазақтың қамы ауыртты жүрегіңді, аға.

“Кәкімбек бар” деп ауылдан мақтанатынбыз,

Бір өзің билеп тұрғандай Кремльді, аға.

Бірегейі едің бір Алла рахым еткеннің,

Бір өзің жайлы сыр шертіп жатыр өткен күн.

Мауқыңды басып, арманын тыңдаңыз енді,

Қасына кетіп барасың Ахметтердің.

Ақындар рухы өлмейді, жасыма, халық!

Бір Алла шырақ жағады басына жарық.

Тәуелсіз елдің бүгінін айтады Кәкең,

Сәкен мен Мағжан ағаның қасына барып!

Аманжол ӘЛТАЕВ,

айтыскер ақын.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp