«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Кәсіпкерлікті нақты қолдау

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауын үлкен зейінмен оқып шықтым. Биыл дүниежүзін қамтыған пандемия өміріміздің барлық саласына өзгеріс енгізді. Көптеген қиындықтар туындап, кедергілер кездесті. “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” Жолдауы сол тығырықтан шығарып, ел экономикасының дамуына серпін бермек.

Мемлекет басшысының шағын және бизнеске қолдау шараларын арттыру туралы тапсырмасын кәсіпкерлер жылы қабыл алды. Үстіміздегі жылы коронавирусқа байланысты бұл сала айтарлықтай зардап шеккені белгілі. Бизнес субъектілері наурыз айынан бастап толық қуатында жұмыс жүргізе алмай отыр.

Ендігі кезекте отандық өнім өндірушілерге жан-жақты қолдау көрсетілмек. Үкімет пен “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасына нақты механизм қалыптастыру жөнінде тапсырма берілді. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы кәсіпкерлерге жұмыс істеуге кедергі келтіру өте ауыр қылмыс ретінде қаралатындығын да жеткізді. Ол үшін арнайы нормативтік құжат әзірленбек. Президент: “Мемлекеттік құрылымдардың кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуы, кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтіру мемлекетке қарсы ең ауыр қылмыс ретінде қабылдануы керек”, – деп атап айтты. Осы орайда, кәсіпкерлерге жұмысын жүргізуге кедергі келтіру фактілері біздің өңірде де кездесетінін атап айтқан жөн.

Президент кәсіпкерлік саланы қолдаудың арқасында 2025 жылға дейін жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 35 пайызға жетуі қажеттігін, осы бағытта жұмыс істелетінін баса айтты. Сондай-ақ, алдағы уақытта агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға арналған 5 жылдық мемлекеттік бағдарлама қабылданатындығы да қуантады. Үкіметтің болжамы бойынша, мемлекеттік қолдау шаралары, заңнаманы және реттеушілік ортаны жақсарту алдағы уақытта шағын және орта бизнестің өсуіне ықпал етеді.

Бағыттар айқындалып, тапсырмалар берілді. Енді оны жүзеге асыру мақсатында жұмыс жүргізуіміз керек. Алдағы уақытта біз жергілікті бизнес өкілдерімен, өңірлік кеңес мүшелерімен бірге Жолдауды талқылап, ұсыныстарымызды жергілікті атқарушы органдарға беретін боламыз.

Арман ОРАЗҒҰЛОВ,

облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp