Өңірімізге Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының әртістері гастрольдік сапармен келді. Олар жергілікті көрермендердің назарына қырғыз драматургі Сұлтан Раевтың “О, қыздар” спектаклін ұсынды.
Қойылымда нәзік жандардың өмірге көзқарасы, арманы мен мақсаты, бүгінгі күннің өткір мәселелері кеңінен қамтылды. Алақандай ауылдан өз орнын таба алмай, қалаға қоныс аударған қыздарды қандай бақыт күтіп тұр? Өмір біз ойлағандай емес. Жатақхананың аядай бөлмесін паналап, аз-кем жалақыға күн көріп, өмірдің теперішіне көндіге алмай жүрген төрт қыздың арманы асқақ, тағдырлары қилы. Қыз – ұлттың ұяты, халықтың шырайы. Спектакльдің көтерген жүгі осыны айғақтайды.
– Жергілікті көрермендердің ықыласы мен құрметі айрықша болды. Спектакльге біз екі ай көлемінде дайындалдық. Жалпы, көрші облыстағы жұртшылыққа өз өнерімізді ұсынып, шығармашылық байланысты одан әрі дамытудың маңызы зор, – деді Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының актрисасы Маржан Бөкешова.
Бүгінде аталмыш шығармашылық ұжым Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрымен тығыз қарым-қатынаста. Жергілікті актерлер де көкшетаулық әріптестерінің шығармашылық шеберлігін жоғары бағалайды.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА, “Soltústik Qazaqstan”.