Автожүргізушілерге алдағы уақытта қажет болатын бірнеше кеңес бергенді жөн көріп отырмын. Өйткені, ерте ме, кеш пе сіздің жолыңыз жол-патрульдік полиция қызметкерлерімен тоғысары сөзсіз.
Көлігіңізді тоқтатқан жол полициясы қызметкері аты-жөнін, лауазымы мен қызмет атқаратын бөлімін толық тізбектеп өтуге міндетті. Мүмкін, олар жедел-алдын алу іс-шараларын жүргізіп жүрген болар, ондай жағдайда құжаттарыңызды тексерткен соң, жайыңызға кете бересіз. Ал егер сізге жол жүру ережесін бұзды деген айып тағып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырса ше? Мұндай кезде жүргізушілердің басым бөлігі қарсылық білдіріп, өзінің кінәсіз екендігін дәлелдеуге тырысады. Ең бастысы, сабырлық сақтаңыз. Жолыңызды бөгеген қызметкердің алдында ақталуға асықпаңыз. Одан да жол полициясы қызметкерінен өзіңіздің тарапыңыздан кеткен қателіктің бүге-шігесін, жол ережесін бұзғандығыңызды айғақтайтын дәлелдерді сұраңыз.
Жол полициясы қызметкерінен сіздің жол жүру тәртібін бұзғандығыңызды тікелей көрген адамды немесе ереже бұзушылықты тіркеген техникалық құралды талап етіңіз. Жүргізуші шынымен ереже бұзған болса, ол өз қатесін сол жерде мойындап, айыппұл мөлшерімен келіскені дұрыс. Мұның неліктен маңызды екендігін түсіндірейін. Қазақстан Республикасының “Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы” Кодексінде көрсетілгендей, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама сол бойда толтырылса, ондағы әкімшілік жаза ретінде салынған айыппұл сомасын 7 тәулік ішінде 50 пайыз жеңілдікпен өтей аласыз. Сіздің барлық материалдармен танысуға құқығыңыз бар, сондай-ақ, жол-патрульдік полициясы қызметкері сіздің кінәңызбен қатар, құқығыңызды да түсіндіруге тиісті. Бейнежазбаларды, құжаттарды және т.б. материалдарды көрсетуге міндетті. Ал сіз барлық материалдармен танысқан соң, хаттаманың мазмұны мен жасалуы бойынша түсініктеме, ескертпе жасауға құқылысыз. Сонда ғана сіз әкімшілік құқық бұзғандығыңызды мойындау-мойындамау туралы қорытынды жасай аласыз.
Әкімшілік құқық бұзушылық фактісі анықталғаннан кейін, толтырылған хаттамаға қол қоюдан бас тартудың реті жоқ. Қол қоймауға, хаттамамен таныспауға құқығыңыз бар, бірақ, қандай тәртіп бұзғандығыңыз туралы материалдың мазмұнын білгеніңіз жөн. Хаттамаға қол қою сіздің әкімшілік құқық бұзғандығыңызды мойындау болып саналмайды, ол тек сіздің фактімен танысқаныңызды растайды. Сіз хаттаманы алудан бас тартсаңыз да, ол екі тәулік ішінде сізге тапсырыс хат арқылы жеткізіледі. Сондықтан жол-патрульдік полициясының қызметкері хаттамада нені көрсеткенін мұқият қарап, оның көшірмесін алған дұрыс. Хаттамада сізге түсініксіз мәліметтер болса, анықтап, келіспеген жағдайда жазбаша ескертпе жасай аласыз. Оқиғаға куәгерлер болса, олардың тегі, аты, әкесінің аты, тұратын мекен-жайлары хаттамада көрсетілгендігіне көз жеткізуді ұмытпаңыз.
Хаттамада жеке тұлғаның, яғни, сіздің түсініктемеңіз болуы керек. Егер түсініктемеңіз көлемді болатын болса, хаттамадан бөлек параққа жазыңыз. Хаттамамен қоса берілетін құжаттар тізілімінде түсініктеменің, қолдаухаттың, өтініштің, ескертулердің бар-жоғы көрсетілуі тиіс. Сондықтан хаттамаға қол қояр алдында құжаттардың толық тіркелгендігіне көз жеткізуге кеңес беремін, әйтпесе, олардың біреуі жоғалған жағдайда, оның болғандығын дәлелдей алмайсыз.
Сонымен қатар, әуесқой автожүргізушілер істің сотта қаралуы туралы жол-патрульдік полициясының қызметкеріне өтініш білдіргені жөн. Ол әкімшілік жазаға тарту туралы қаулы шыққанға дейін жүзеге асуы керек. Егер сіздің бөлек параққа өтініш жазуға уақытыңыз болмаса, түсініктеме жазған бағанада “Істі сотта қарауыңызды сұраймын”, – деп көрсетуді ұмытпаңыз.
Ольга КУРОЧКИНА,
Солтүстік Қазақстан облысы адвокаттар алқасының адвокаты.