«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ МАҢЫЗЫ ЗОР

Өңірдің өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуында оң көрсеткіштер болғанымен кей салалар бойынша «әттеген-ай» дегізген тұстар баршылық. Әсіресе, мал шаруашылығы саласында ішкі өнім көлемі іргелес жатқан Ақмола және Қостанай облыстарынан төмен. Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен отырыста осы және өзге де мәселелер талқыланды.

Облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереевтің айтуынша, Тимирязев, Аққайың, Шал ақын және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда мал шаруашылығы саласы өгіз аяңмен ілбіп келеді.
– Мал шаруашылығын дамыту үшін қазіргі заманға сәйкес келетін ірі шаруашылықтар құрылуы тиіс. Өңірімізде 5496 ұйымдасқан шаруашылық болса, соның 19 пайызы ғана мал өсірумен айналысады. Өңірімізде өндірілетін еттің 21,6 пайызы, сүттің 32 пайызы, жұмыртқаның 79,5 пайызы ғана осы шаруашылықтарға тиесілі, – деді Асқар Жоламанұлы.
Бұл көрсеткіштерді осыдан екі жыл бұрынғымен салыстырғанда ет пен жұмыртқа өндірісінде 3-5 пайыздық өсім бар. Алайда, Ақмола мен Қостанай облыстарында ет өндірісі сәйкесінше 58 және 32,8 пайызды құрап отыр. Бір сөзбен айтқанда, мал шаруашылығы өнімдерін өндіруде өзіміз сияқты аграрлы өңірлердің аяқ алысына ілесе алмай келеміз.
Биыл атқарылар жұмыс өткен жылдағыдан да ауқымды болмақ. Үкімет басшысы Асқар Маминнің тапсырмасына сай 2020 жылда жалпы өңірлік өнімнің көлемін 4,3 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін ауыл шаруашылығында – 4, өнеркәсіпте – 7, құрылыста –8, көтерме және бөлшек саудада 5,5 пайыз өсім қажет.
Басқарманың басшылары өткен жылды қорытындылап, биылғы атқарар жоспарларымен таныстырды. Әсіресе, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы түрлі мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен мал басын көбейтудің орнына, табиғи өсімге малданып отырғаны белгілі болды. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов аталған басқарма басшылығына жұмыс жоспарын қайта жасауды тапсырды.
Облыстық жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Балахонцевтің айтуына қарағанда, биыл сегіз әлеуметтік маңызды автобус бағытына және «Долматово–Петропавл», «Петропавл–Дубровное», «Петропавл–Саумалкөл–Имантау» бағытындағы ауылдарды көлік қатынасымен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен 200 млн. теңге қаржы бөлініпті.
Өңірімізде қылмыстық ахуал тұрақты екенін тілге тиек еткен облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаев өткен жылы 6382 қылмыстық іс тіркелгенін айтты. Қоғамдық орындарда, көшелерде, топпен жасалатын қылмыстардың саны азайыпты. Кісі өлтіру, бопсалау, қарақшылық, ұрлық және бұзақылық та төмендеген. Десек те, өңірде ауыр және аса ауыр қылмыс саны көбейген. Облыстың бас тәртіп сақшысы Марат Сағынтайұлы мұны қолданыстағы заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес бірқатар қылмыстар бойынша жауапкершіліктің қатаңдатылуымен түсіндірді. Мысалы, қазір бірнеше мәрте жасалған ұрлық ауыр қылмыс санатына жатқызылады. Егер 2018 жылы ұрлықтың ауыр түрі бойынша 20 факті тіркелсе, өткен жылы оның саны 167-ге жеткен.
Барлық сала басшыларының жоспарын тыңдаған облыс әкімі Құмар Ақсақалов өткен жылы жеткен жетістіктерге тоқтала келе, үстіміздегі жылы басымдық беру керек тұстарға тоқталды.
– Біздің ауыл шаруашылы саласында әлеуетіміз жоғары болғанымен, аудандардың дені бұл мүмкіндікті тиімді пайдалана алмай отыр. Аққайың, Қызылжар, Тимирязев аудандары өткен жылдарда қол жеткізген көрсеткіштерін еселемек түгілі, қайталай алмады. Есіл, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда өсім жоқ. Жергілікті атқарушы биліктің жерді тиімсіз пайдаланып отырған ауыл шаруашылығы құрылымдарын қатаң бақылауға алмауы салдарынан осындай олқылықтар орын алады. Аудандарда жыл сайын ешқандай нәтиже көрсетпейтін кәсіпорындар санын азайту әкімдердің міндетіне жатады. Жылдан-жылға көлемі ұлғайып жатқан субсидия бергенімізбен, қайтарымын көрмесек, оның қандай пайдасы бар? Алдағы уақытта субсидия нәтижелі жұмыс істеп жатқандарға ғана берілуі керек. Мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпорындардың санын көбейту маңызды, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Өңірімізде білім саласының жай-күйіне көп көңіл бөлінеді. Үстіміздегі жылы 60 білім беру нысанын жөндеу үшін 3 млрд. теңге қаржы бөлінген. Бүкіл мектепке заманауи бейнебақылау камерасы орнатылып, олар облыстық полиция департаментінің жедел басқару орталығына жалғанады. Сонымен қатар облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Сұлтанғазиевке екі-үш апта көлемінде іске қосылатын магниттік резонанстық, компьютерлік томографияға түсу үшін тұрғындар әрі кетсе 1,5-2 күн ғана тосуы керек екенін айтып, осы мәселені бақылауды ұстауды тапсырды.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp