Жантайып жатқан жалпақ санды орнынан қозғасақ, жасырын жатқан мәселелер бой көтереді. Өңіріміздегі 336 жалпы білім беретін мектепте инклюзивтік біліммен ақыл-есі кем және дамымаған, сөйлеу, көру, есту қабілеті бұзылған мүмкіндігі шектеулі балалар білім алуда. Алайда, бірде-бір мектепте педагог-дефектолог және педагог-логопед жоқ. Бақ-сақ, “Мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгі штаттарын және педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген адамдар лауазымдарының тізбесін бекіту туралы” Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 30 қаңтардағы қаулысында аталмыш мамандар қарастырылмаған екен. Осының кесірінен мүгедек балалар толыққанды арнайы коррекциялық-педагогикалық қолдау ала алмай отыр. Сондай-ақ, аталмыш қаулы 2020 жылға дейін инклюзивтік білімге жағдай жасалған мектептердің үлесін 70 пайызға жеткізуді көздеген білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жолын да кескестеуде. Жоғарыда қабылданған құжаттардың зерттеліп, зерделенбегендігінен жергілікті жерде инклюзивтік білімді дамыту жұмысы тұраламаса да, “Былай тартсаң, арба сынады, былай тартсаң, өгіз өледінің” күйін кешіп отыр. “Инклюзивтік білім беріп жатқан мектептердің барлығын бірдей дефектолог, логопед мамандармен қамту мүмкін болмағандықтан, мүгедек балалармен жұмыс істейтін мұғалімдердің біліктілігін арттыру үшін әдістемелік ұсынымдар таратылды”, – дейді Құдабай Илюкин.
Жыламаған баланың аш қалатынын білетін білім саласының мамандары Білім және ғылым министрлігіне қолдарын байлаған мәселелерді шешетін бірқатар ұсыныстарын жіпке тізгендей қылып берген. Мәселен, мектепке дейінгі тәрбие беру мекемелерінде мүмкіндігі шектеулі балалар кіріктірілген топтарға арнайы педагог (логопед, дефектолог, тифлопедагог, сурдопедагог), ал тірек-қимыл аппараты зақымданған және көру қабілеті нашар балалардың әрқайсысына үйлестіруші тағайындау қажет. Сондай-ақ, жалпы білім беретін мектептердегі арнайы сыныптарда жұмыс істейтін педагогтер мен тәрбиешілерге қосымша қаржы төлеуді қарастыруды, техникалық және кәсіптік білім беру мамандықтары бойынша үлгілік оқу жоспарлары мен үлгілік білім беретін оқу бағдарламаларына “Арнайы педагогика” және “Инклюзивтік білім беру” пәндерін енгізуді ұсыныпты. Қайсысының назарға алынатыны әлі белгісіз. Сол себепті де ұсыныс жасаушылардың жоғарыға қарап, болжам жасаудан әрі аса алмай отырған жайы бар.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.