Елімізде жұмыссыздық көптеген адамдар үшін әлі шешімі қиын мәселе болып қалуда. Осы мәселелерді шешу үшін 2011 жылы қабылданған “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасының логикалық жалғасы болып табылатын, ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 19 маусымдағы №639 қаулысымен бекітілген “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы жасалды.
Бағдарламада өзіңді өмірден табуыңа көмектесетін үш бағыт қарастырылған. Біріншісі, инфрақұрылымдар мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту арқылы ауылдастарды жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуді, екіншісі, шағын несиелер беру арқылы жеке өз ісін ашу және дамыту жөнінде ауылдықтардың бастамаларын қолдау арқылы ауылда кәсіпкерлікті дамыту жолымен жұмыспен қамтуды көздейді, онда бір жекеменшік қосалқы шаруашылыққа берілетін шағын несие сомасы – 3 миллион теңгеге дейін, ал соңғы қарыз алушы үшін сыйақы ставкасы 6 пайыздан аспайтын болады. Бағдарламаның үшінші бағыты – мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру аясында қажетті мамандыққа оқыту мен болашағы жоқ елді мекендердің тұрғындарын қоныс орындарын ауыстыру арқылы жұмыспен қамтуы. 2014 жылы Мамлют ауданында осы бағдарламаға 357 адам қатысты.
Ауданда бірінші бағыт аясында жалпы сомасы 162,5 миллион теңгенің 5 жобасы жүзеге асырылды, жұмыспен қамту орталығы арқылы 48 адам жұмысқа орналастырылды. Ал екінші бағыт аясында 65,0 миллион теңге бөлінді. Бүгінде бұл бағдарламаға 36 адам қатысушы болып табылады, олардың 24-і өз істерін ашты және 12 адам өз бизнесін кеңейтті. Соның ішінде 51,9 миллион теңгенің кредитін алған 29 адам – мал шаруашылығымен, 0,8 миллион теңге алған бір адам – құс шаруашылығымен, сомасы 7,3 миллион теңгенің кредитіне қол жеткізген төрт адам қызмет көрсету саласында жұмыс тапса, 5,0 миллион теңге кредит алған екі адам өндіріспен айналысады. Осы бағыт бойынша 32 жұмыс орны құрылып, осынша адам жұмысқа орналастырылды.
Бағдарламаның үшінші бағытының қажетті мамандықтарға оқыту арқылы жұмыспен қамту бөлігі бойынша биылғы жылы ауданда 21 адам жаңа мамандық алды, оны қаржыландыру 3201,0 мың теңгеге түсті. Барлық бағдарлама қатысушылары тұрақты жұмыс орындары бойынша жұмысқа орналастырылды. Ауданда кәсіптік даярлықтан өту үшін 1 қыркүйектен бастап тағы 6 адам оқуға тартылды.
Сол сияқты ауданда биылғы жылы жоспардағы 21 адамның орнына 33 адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылып, оларға 4764,0 мың теңге бюджет қаржысы жұмсалды. Ал “Жастар тәжірибесі” бағдарламасы бойынша 2492,0 мың теңгенің қаржысы игеріліп, 13 жас түлек жұмысқа тартылды.
Осы үшінші бағыттың болашағы жоқ ауылдардың тұрғындарын ірі қоныстарға көшіріп, оларды жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша да қыруар жұмыс атқарылуда. Атап айтқанда, 2013 жылдан бастап Мамлютка қаласында 7 бір пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді, құрылысқа 46,8 миллион теңге қаржы бөлінді. Қазірде төрт үйдің құрылысы аяқталды, олар жұмыспен қамту орталығының балансына тапсырылды. Сонымен бірге, келесі үш үйдің құрылысы аяқталуға жақын.
Қоныс аударатын отбасыларын көшіруге республикалық бюджеттен 325,0 мың теңге қаражат бөлінді. Қазіргі уақытта 5 отбасына 242,760 мың теңге демеуқаржы төленді.
Осы “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасының аясында атқарылып жатқан істердің барлығы ауданда жұмыссыздықты азайтып, әсіресе, ауыл тұрғындарының жеке өз істерін ашып, бизнеспен айналысуларына мүмкіндік жасауға және олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға бағытталған.
Өнербек САМОМБЕТОВ,
Мамлют аудандық жұмыспен қамту
орталығының маманы.