«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Маркетинг — табыс жолы

Коронавирус салдарынан енгізілген шектеу шараларына байланысты көптеген дәмханалар табыссыз қалған болатын. Олардың бірқатары табыс табудың жаңа жолын іздеуде. Бес айдан бері жұмысы тұралап қалған петропавлдық “Ravioli” дәмханасының басшылығы тағамдарды тапсырыс бойынша жеткізу қызметін қолға алды.

Он бес жыл бұрын жұмысын бастаған “Петров П.П.” жеке кәсіпкерлігі жартылай дайын өнімдер мен кондитерлік тағамдар шығарумен айналысады. Петропавлдықтарға бұған дейін “Петрович” атауымен белгілі болған дәмханада шағын банкеттер өткізіліп, тапсырыс бойынша әртүрлі тағамдар пісіріліп келген. Екі жыл бұрын басшылық ребрендинг жүргізіп, атауын өзгерткен. Заман талабына сәйкес тағамдарды мекенжайға дейін жеткізу қызметін ұйымдастыру мақсатында “Аға сеньорлар” жобасы аясында Әсет Мырзабаев есімді елге танымал сарапшыны шақыртқан. Алматы қаласынан келген тәжірибелі маман дәмхананың қызметкерлеріне жарнама жасау мен маркетинг негіздерін үйретуде.

– Карантин кезінде біздің табысымыз азайды. Бұл уақытта 15 қызметкеріміз жұмысқа шыққан жоқ. “Аға сеньорлар” жобасына қатысуымыздың мақсаты – жаңа қызмет түрін игеру. Қазір облыс орталығында бірқатар дәмханалар тапсырысты үйге дейін жеткізумен айналысуда. Біздің өнімдеріміздің сапасы жақсы болғанына қарамастан, тапсырыс аз. Бұл жарнаманың жоқтығынан болуы мүмкін. Біз бұған дейін кәуапты тек жаз уақытында пісіріп келген едік. Енді жыл он екі ай дайындауға әзірміз. Себебі, тағамның бұл түріне деген сұраныс қашан да жоғары екенін көрдік, – дейді дәмхана есепшісі Светлана Абдрафикова.

“Аға сеньорлар” жобасы “Бизнестің жол картасы – 2025” бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Арнайы шақыртылатын сарапшылардың жалақылары бюджет қаражаты есебінен төленеді. Ал кәсіпкерлер олардың жүріп-тұруына кететін шығындарды ғана өтеулері керек. Әсет Мырзабаев – маркетинг саласында 6 жылдық өтілі бар тәжірибелі маман. Сондай-ақ, ол әр жылдары Малайзия, АҚШ және Біріккен Араб Әмірліктерінде көтерме-бөлшек сауда саласында тәжірибе алған.

– Мен жергілікті жерде маркетинг ісінде кемшін тұстардың бар екенін байқадым. өкінішке қарай, теория мен тәжірибе үйлесім таппай отыр. Менің пікірімше, алдымен тұтынушылардың көңілінен шығатын сервистік қызмет түрлерін қалыптастыру қажет. Осыған орай жергілікті қызметкерлер алдына бес тапсырма қойып отырмын. Олар – әлеуметтік желілердің көмегімен бұл қызметтің танымалдығын арттыру, онлайн-жарнамалар жасау, банкет залдың дизайнын өзгерту және дәмхана қызметкерлерін бизнесті жүргізудің жаңа технологияларына үйрету, – дейді Әсет Мырзабаев.

Сарапшының айтуынша, ол алдағы уақытта тағамдарды мекенжайға дейін жеткізу қызметін үйретпек. Атқарылатын іс көп. Себебі, бұған дейін кәсіпкерлікте бұл жұмыстарды жүргізетін арнайы маман болмаған. Тіпті, онлайн-маркетингке мүлдем көңіл бөлінбеген. Сондықтан, ең алдымен, әлеуметтік желіде дәмхананың жеке парақшалары ашылып, кәсіпкерліктің сайты қалпына келтірілген. Сонымен қатар “Яндекс” пен “2gis” мобильді қосымшаларында дәмхананың мекенжайы тіркелді.

Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,

облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp