Өзінің де, өзгенің де өміріне жауапкершілік танытпайтындардың жүгенсіздігінен жол-көлік оқиғалары орын алып, қара жолда жан тапсырғандардың саны жылдан-жылға артып келеді. “Жол мұраты – жету” дегенімізбен, “темір тұлпарды” тізгіндегендердің асығуы, жолда жарыса жүйткуі, біреу жолын кесіп кетсе, соны басып озғанша аптығуы, спирттік ішімдік ішіп, көлік басқаруы көп жағдайда қайғылы жағдайға душар етеді. Әсіресе, мас жүргізуші қоғамға қауіп төндіреді. Өткен жылы өңірімізде мас күйде рөлге отырған 1312 жүргізуші ұсталып, оның 969-ы көлік басқару құқығынан айырылды. Ал үстіміздегі жылы “темір тұлпарын” мас күйде тізгіндеген 24 адам ұсталды. Оның үшеуі жүргізуші куәлігінен айырылды.
Осындай жауапсыздықтың салдарынан жиі орын алатын қайғылы жағдайлардан жүрегі шайлыққан тұрғындар Қылмыстық және Әкімшілік кодекстерге масаң күйде рөлге отырған немесе машина айдауға мүлдем құқығы жоқ адамның көлік құралдарын басқарғаны үшін жауапкершіліктің едәуір күшейтілгенін қуана құптады. Үстіміздегі жылдың 11 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілген түзетулер есіргендердің есін жинатары анық. Десек те, аталған заң күшіне енген күні Мамлют ауданындағы Дубровное ауылының маңында “УАЗ” көлігін тізгіндеген 35 жастағы мас жүргізуші жолдың бойында сынған “темір тұлпарын” жүк көлігіне тіркеп жатқан 1986 жылғы ауылдасын соқты. Зардап шегуші алған дене жарақатынан оқиға орнында көз жұмды. Белгілі болғандай, бір адамның өмірін үзген жүргізушінің көлік басқаруға құқығы жоқ екен. Тіпті, өткен жылы жүргізуші куәлігінсіз рөлге отырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке де тартылыпты. Енді ол 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Заң бойынша көлік құралын бірінші рет мас күйде басқарған жүргізуші 7 жылға дейін көлік құралын басқару құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынады. Жәбірленушінің денсаулығына қылмыстық белгілерсіз зиян келтірілсе немесе көлік құралдарын, жүктерді, жол құрылыстары мен өзге де құрылыстарды не өзге мүлікті бүлдірсе – көлікті басқару құқығынан жеті жылға айырылып, 20 тәулікке қамалады. Егер жүргізуші әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде бұл бассыздықты тағы қайталайтын болса, 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 8 жылға көлік басқару құқығынан айырылады.
Жүргізуші мас екенін растайтын тексеруден өтуге қарсылық білдірсе 8 жылға дейін жүргізуші куәлігінен айырылып, 15 тәулікті темір тордың арғы жағында өткізеді. Көлiк құралын басқару құқығынан айырылған жүргiзушi рөлге отырар болса айыппұл төлеп, 10 тәулікке қамалады. Егер осы әрекетін қайталар болса, тағы да 15 тәулікті қоғамнан оқшау орында өткізеді.
Қылмыстық кодекске масаң күйде көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол-көлік оқиғасын жасағаны үшін жеке жауапкершілікті көздейтін жаңа бап енгізілді. Бұдан былай мас жүргізушінің кесірінен абайсызда адам өлсе, 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру қарастырылған. Ал абайсызда екі немесе одан көп адам қаза тапса, өмір бойына көлік басқару құқығынан және 7 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады.
Сонымен қатар көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруымен байланысты құқық бұзушылықтар көлік құралын басқару құқығынан өмір бойына айыруды көздейтін қылмыс санатына ауыстырылды. Мәселен, Қылмыстық кодекстің 346-бабында көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы не көлік құралын басқаруды осындай адамға беру, сол сияқты лауазымды адам немесе меншік иесі не иеленушісі осындай адамның көлік құралын басқаруына жол берсе, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылады. Сонымен қоса, бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салынады не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына жіберіледі, не болмаса, бір мың екі жүз сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартылады. Бес жылға дейін бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру да қарастырылған.
Заң бойынша, көлік басқарып отырған адамның қолында жүргiзушi куәлiгi немесе оның орнына берiлген басқару құқығына арналған уақытша куәлiгi, көлік құралын тіркеу және заңнамада белгiленген өзге де құжаттары болмаса, “ескерту” түрінде балама жаза енгізілгенін айта кету керек.
Мұның барлығы заңға бағынбайтын, өзгенің де, өзінің де өмірі үшін қам жемейтін жауапсыз жүргізушілерді қатаң жазамен тоқтатуға бағытталып отыр. Қоғам мас күйде рөлге отырған жүргізуші айналасына қауіп төндіретін қылмыскер екенін түсінсе, бұл мәселе де шешілер еді. Ал өткен жылы мас жүргізушілердің кесірінен орын алған 21 жол-көлік оқиғасында бір адам қаза тауып, 33 жолаушы зардап шеккені әрқайсымызды ойлантуы тиіс.
Айдын БАЙМАТОВ,
облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция подполковнигі.