«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАХАББАТҚА ҰЛАСҚАН ДОСТЫҚ

«Ауылында бар Ағаның қызқарағай,

Тал бойында бір мін жоқ қыз баладай.

Ақ балтырлы ақ қайың арасында,

Жалғыз өсіп асқақтап тұр дарағай.

Қызқарағай, қызқарағай…

Жалғыз өсіп асқақтап тұр дарағай».

Республикалық радио­лардан арагідік КСРО-ның халық әртісі, бұлбұл үнді әнші Бибігүл Төлегенованың орындауындағы «Қызқарағай» әнін тың­дай қалсақ, бейнебір тамылжыған табиғат аясына еніп кеткендей ерекше күйде болатынымыз жалған емес. Таңғажайып әлемге жетелейтін әннің сөзін жерлесіміз Мақсұтжан Әубәкіровтің жазғанын қызылжарлықтардың көбі біле бермейді. Еліміздің рухани астанасы – Алматыға барған сапарымызда жерлесіміздің зайыбы Сабира Қаликенқызымен дидарласудың сәті түсті.

Көптеген дереккөздерде Мақсұтжан Әубәкіровтің туған жері Ақжар ауданындағы Қа­рабұлақ ауылы деп көрсетілген. Алайда жақсының жары жұбайы­ның Есіл ауданындағы ел ішінде «Бай-Еңбек» атанып кеткен Ең­бек ауылында дүниеге келгенін айтты. «Мәкең кішкентай кезін­де ата-анасы Николаевка ауылы­ның маңындағы Қарабұлақ елді мекеніне қоныс аударыпты. Сол жерде, өсті, оқыды, ержетті. 1936 жылы туған. Жақындары соғыс­қа алып кетеді деп қорқып, дү­ниеге келген жылын 1938 деп көрсетіпті», – деді Сабира тәтей.

Петропавл қаласындағы мек­тепте оқыған Сабира Қаликен­қызы Алматыдағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық универ­ситетін физика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шығады. Оңтүстік астанада оқу оқып жүрген Қызылжардың қыз-жігіттері жиі бас қосатын болған. «Біздің жас кезімізде қыз бен жігіт болып жүру деген түсінік мүлде болмады. Мынау ұл, ана қыз деп бөле-жармай, барлығымыз тонның ішкі бауын­дай жақын араласатынбыз. Уни­верситет қабырғасындағы іс-ша­ралардан кейін пәтер жалдап, қона салатынбыз. Қыздар төрде, жігіттер босағада жатады. Жігіт­тер қызға қолдарының ұшын да тигізбейтін», – деп жастық шақ­ты еске алды.

Алғашында аға-қарындастай сыйласқан Мақсұтжан мен Са­бира достықтың махаббатқа ұласатынын аңғармаған. Бір-біріне бауыр басқан олар 1961 жылы отау құрды. Апамыздың айтуынша, Мақсұтжан жас болғанымен ел ағаларымен етене араласқан екен.

Көркем сөздің зергері Ғабит Мүсіреповтің үйіне жиі ат ізін са­лып, жерлесінің шығармашылы­ғымен танысуға әуес еді. Саби­ра апай шай үстінде отбасылық мұрағатында сақталған сурет­терді көрсетті. Мұқабасы ескір­ген фотоальбомнан Ғабеңнің «Қазақ әдебиеті» газетінің фо­тотілшісі Б.Сәрсенов түсірген суретін тауып алдық. Суреттің сыртындағы «Мақсұт ініме! 24.12.81 г.» деп жазылған қол­таңба көзіме оттай басылды. Ол кезде белгілі тұлғалардың суретін ең жақын адамдарына ғана тарту еткенін ескерсек, Ғабеңмен Мақсұтжанның қалай сыйласқа­нын аңғару қиын емес.

Жақсының жары әңгіме ара­сында «Қызқарағай» әнінің қа­лай жазылғанын айтып берді. «Бір жұма бойы жазды. Жазады, ұйқасы келіңкіремей тұр деп сы­зып тастайды. Ұйықтап жатсам, оятып алады да өзгерткен жерін көрсетіп, қалай шыққанын сұ­райды. Мен болсам «жақсы» деу­мен шектелемін. «Ғабаға ұрыса­ды. Ол кісі тым талапшыл, сын­шыл», – деп көрсетпес бұрын бірнеше рет қарап шықты. Үйіне барып, оқып, Ғабит ағасына ұна­ғанын естігенде есі шығып, қуанғаны көз алдымда. Арада көп уақыт өтпей, «Есіл бойы – Қызылжар» дүниеге келді», – деді Сабира апамыз.

Мақсұтжан Әубәкіров музы­калық аспаптарда шебер ойнаған. Күй тартқанда Нұрғиса Тілен­диевтің өзі сүйсініп, тамсанып отырады екен. «Мақсұт-ай, ака­демиялық білімің болмаса да, оқыған, дипломы бар мамандар­дан артық орындайсың ғой. Нет­кен шеберлік», – депті бір естелігінде көрнекті композитор, профессор Базарбай Жұманиязов.

Сабира апамыз «Мәкең өте балажан болды» деп жұбайының отбасындағы орнын айта баста­ғаны сол еді әңгімені қызы Әлия қостай кетті. «Бір күні қайын атам радиодан «Қызқарағай» әнін тыңдап, таңдай қақты. «Әннің сөзін жазған менің әкем», – дедім ол кісіге. Сөзіме сеніңкіремеді. Мен үйде жоқ кезде радио редакциясына ха­барласыпты. Әкемдей талантты жанмен құда болғанын мақта­ныш санады», – дейді Әлия.

Бір күні Сабира апамызға бірқатар радио, телеарна маман­дары хабарласып, «Қызқарағай», «Есіл бойы – Қызылжар» әндері үшін төленген қаламақыны алып кетуін өтініпті. Біраз уақыттан бері жиналған гонорар қомақты қаражатқа айналған екен. «Әкеміз өзі кетсе де, бізді әлі күнге дейін асырап жүр», – деген сөзді ұл-қыздары бүгінге дейін айтатын көрінеді.

Әбу Сәрсенбаев, Хамит Ерға­лиев, Кәкімжан Қазыбаевтармен туысқандай араласқан Мақсұт­жанның есімі әдеби ортада үлкен құрметпен аталады. Сабырхан Асанов, Асқар Сүлейменов, Шот-Аман Уәлиханов, Есләм Зікібаевтармен әзілдері жара­сып, бір заманның жырын жаза білген ол қазақ әдебиетінің да­муына бір кісідей атсалысты. Өз атағының шыққанынан бұрын ұлт руханиятының ілгері басқа­нына баса назар аударды.

«Мақсұтты үйдің ішкі мәсе­лесі, әлеуметтік ахуалы алаңдат­қан емес. Маған сенді. Бірақ қо­нақ шақырарда телефонның құ­лағында отыратын. Шақырыл­ған меймандар үйге сыя ма, сый­май ма? Оған бас ауыртпайтын. Телеарнада жұмыс істеген жыл­дары әріптестері біздің үйімізді «Телеарна асханасы» деп әзілде­сетін. Өз үйлерінде жүргендей тоңазытқышты ашып, керек­терін алып, дастарқан жайып жүре беруші еді. Ол кезде қазіргі­дей дәмхана, мейрамхана деген жоқ. Үйімізге келіп бір кесе ыс­тық шай ішкен адамдардың бар­лығын дос санап, бауыр тұттық», – деді жақсының жары.

Мақсұтжан Әубәкіров көзі тірісінде туған-туыстарын, жора- жолдастарын ерекше сыйлаған. Алматыға келген бір сыныптасы Қызылжарға қайтарда билет алар ақшасы болмай, қаламгерден қарыз сұрайды. Еліне аман-есен жеткенін айтып хабарласқаннан кейін хабар-ошарсыз кетіпті. Дос санап жүрген жанның бұл қылығына ренжіген Сабираға жұбайы: «Қарызын бермей жүр деген әңгімені доғар. Достардың арасында ақша жүрмейді. Қызылжардағы бір досымды пойыз­ға отырғызып жібере алғаным үшін қуанамын. Бастысы, аман болсын. Сен де қарыз жайлы әңгімені ұмыт», – деп бұл әңгі­менің нүктесін қойған екен.

Мақсұтжан Әубәкіровтің ерекшелігі – кітапты бір рет оқу­мен шектелмей, кемінде үш мәр­те парақтап, мазмұны жадында сақталғанша тыным таппайты­ны. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ кітаппен дос болып, кітапхананың есігіне қара құлып ілінгенше тапжылмай отырады екен. Ұл-қыздары әкелерінің: «Кітаптардың көбін жас күнімде оқып тастағаныма қуанамын. Қатарластарымның бәрі емти­ханға дайындалып жүргенде мен демалып отырушы едім. Оқың­дар. Күндердің күнінде жемісін береді», – деген сөзін өмірлік бағдарға айналдырған.

Мақсұтжан Әубәкіров ақын Ғафу Қайырбековпен дос бол­ған. Оқжетпестегі шипажайлар­дың бірінде демалып жатқан Мә­кеңе Ғафу ақын:

«Көкшетау деген жақсы тау,

Жаман болуға жоқ сылтау.

Бас қаңғырып барады,

Не қыламыз Мақсұт-ау», – дейтін көрінеді. Мақсұтжан бол­са досының бетін қақпай, сұраға­нын беретін болған.

Қаламгер 1996 жылдың күзінде дүние салды. 1998 жылы журналистика саласының май­талманы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Зейнолла Серікқалиұлы қа­ламгердің «Бір үмітпен өмір сүр» атты кітабын жарыққа шығарып, оның шығармаларына екінші өмір сыйлады.

Сабира апамыз ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере-жиенінің қызығына бөленіп отыр. Оның бар байлығы балала­ры мен жарынан қалған көркем естеліктер.

«Мақсұтжан Мағжан туралы кітап жазбақшы болды. Ол арма­нына жетпеді. Ауырып, дүние салды. Мағжан жайлы көп бі­луші еді. Марат Ақпанов деген сыныптасым бір күні Мәкең екеуімізді Алаш арысының жары – Зылиқа Құрманбайқызының үйіне апарды. Ол кісі ақ батасын берді. Қызылжар үшін алаңдай­тынын, сағынатынын айтты. Жан жарымның туған жері – ма­ған да ыстық. Ондағы халықтың тілеуін тілеп отырамын», – деп әңгімесін аяқтады Сабира апай.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

«Soltüstık Qazaqstan».

«Шын ғашық адам сүйгенін ешқашан жарнама­лап, дәріптемейді. Өз басым махаббаттың қа­сиетін жоғалтпау керектігін қанша айтсам да, сүйгенімді жырлаған емеспін. Отбасылық сырыңды неғұрлым құпия ұстасаң, соғұрлым бақытты боласың. Лирик ақынжа­зушылар менсіз де көп. Бәріміз бірдей отбасылық өмірімізді на­сихаттасақ, ұлттық құндылықтар, адамгершілік қасиет, сыйластық пен түсіністікті жазатын ақынжазушы табыл­май қалуы да мүмкін. Сондықтан үйімнің маңайынан шығып, ұлт болашағына қызмет етуді мақсат тұттым. Менен ма­хаббат, сезім жайлы өлең сұрайтындар да кездеседі. Олардан үндемей құтыламын. Себебі ғашықтық тақырыбындағы жыр­ларымды жарымнан басқа жандар оқымауға тиіс».

Мақсұтжан Әубәкіровтің күнделігінен.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp