«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАҚПАЛ — МАҚТАНЫШЫМЫЗ

Қоғамдық тәртіп күзетінде де ер-азаматтармен бірге иық тірестіріп, жауапкершілік үдесінен көрініп жүрген қыз-келіншектер аз емес. Солардың бірі – Петропавл қалалық ішкі істер басқармасының аға инспекторы Мақпал Жәменова. Мақпалдың құқық қорғау органына келгеніне биыл, міне, 10 жыл толды. Тарих үшін бұл қас қағым сәт болып көрінгенімен, жеке тұлғаның өз ортасында қабілет-қарымын көрсетуі үшін жеткілікті уақыт. Мақпал осы жылдар ішінде өз ұжымымен тіл табысып, еңбекқорлығының арқасында, адамгершілік қасиеттерімен, басқа да жақсы мінез-құлқымен әріптестерінің ілтипатын иеленді.

Ол – майталман қызметкер ғана емес, өнерімен ұжымды тәнті еткен аяулы ару. Бүгінгі күні тәртіп сақшысы – ішкі істер департаментінің вокалдық тобының мүшесі. Өнерлі полицейлерден жасақталған аталмыш ұжым бірнеше мәрте түрлі конкурстарда бақ сынап, жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Атап айтар болсақ, облыс деңгейінде өткізіліп жүрген дәстүрлі “Мамыр жұлдыздары” конкурсында Гран приді жеңіп алды. Еліміздің ішкі істер министрлігі өткізетін байқауларға да сан рет қатысып, жүлделі орындарды еншілеп қайтты. Бұл жеңісті сәттерге Мақпалдың да қосқан үлесі зор.

Вокалдық топқа өңірімізге белгілі әнші Дидар Малаев жетекшілік етеді. Ол Мақпал туралы сөз қозғағанда алдымен оның дарынды, қабілетті екенін алға тартты. “Бұлбұл дауысты Мақпал – бұл топтың белді мүшесі. Үйреткенді тез ұғып алады, әсіресе, қазіргі әндердің табиғаты күрделі, кәсіби әншілердің өзі жанды дауыспен сахнаға шығуға жүрексінеді емес пе? Ал біздің өнерлі қыз-жігіттер сазды әуендерімен тыңдарманның жүрегіне жол тауып жүр”, – дейді топ жетекшісі.

Ауыр әрі жауапты полиция қызметімен бірге өнер жолын қатар алып жүрген Мақпалдың ән айтуға әуестігіне ата-анасының ықпалы зор болса керек. Өйткені, олар да өнерден құр алақан жандар емес.

“Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі” демей ме?! Мақпалдың қызы Саяжан да – полиция қызметкерлерінің өнерлі балаларынан жасақталған вокалдық топтың мүшесі. Бүлдіршіндер департамент ішіндегі айтулы мерекелердің көркі, жарқын дауыстарымен кез келген тыңдаушыны тәнті етеді. Өнерлі жеткіншектің анасына деген құрметі де ерекше. “Бауырларыммен бірге мен де анамның айтқанын екі етпеймін. Өйткені, оның жұмысы ауыр, анашым үйде жоқ кезде біз бір-бірімізге қарайласып, көмектесіп жүреміз”, – дейді Саяжан.

Мақпалдың отбасы үшін аналар мерекесінің орны бөлек. Төрт баланың анасы бұл күні жұбайының, балаларының ерекше ілтипатына бөленеді.

Нұрбек БАЕКИН,

облыстық ішкі істер департаменті

баспасөз қызметінің

жетекші маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp