Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев өңірге жұмыс сапары аясында білім саласы өкілдерімен, этномәдени бірлестіктер және құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен бірқатар кездесу өткізді. Сапардың негізгі мақсаты – өңірде мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының жүзеге асырылу барысымен танысу, қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайту және «Жаңа Қазақстан» идеясын ілгерілету.
Сапар барысында Мәлік Отарбаев Петропавл қаласының «Орман» шағынауданында орналасқан №28 жалпы мектепке барды. «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында салынған оқу ордасы 600 оқушыға арналған және қазіргі заманға сай жабдықталған. Мектепте сапалы білім беріліп қана қоймай, оқушылардың шығармашылық, зияткерлік және спорттық әлеуетін дамытуға мүмкіндік жасалған. Сонымен қатар инклюзивті білім беру ортасын құруға ерекше назар аударылған.
Өңірдің ұстаздар қауымымен кездесуде Мәлік Отарбаев білім беру жүйесінің алдында тұрған негізгі сын-қатерлерді атап өтіп, өскелең ұрпаққа ұлттық тәрбие берудің маңыздылығына тоқталды. Оның пікірінше, құндылықтарды қалыптастыру, азаматтық жауапкершілікке тәрбиелеу және сыни ойлауды дамыту –мектептен басталуы тиіс. Ал «Жаңа Қазақстанға» жету үшін қоғамдық сана өзгеруі тиіс.
Облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов білім беру саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Атап айтқанда, облыс мектептерінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдауға арналған мамандандырылған кабинеттер ашылып жатыр. Қазіргі таңда мұндай 27 кабинет жұмыс істеп тұр, алдағы уақытта тағы екеуін ашу жоспарланған. Сонымен қатар барлық білім беру ұйымдарына енгізілген «Адал азамат» бағдарламасының да берері мол. Оның аясында мектеп оқушылары мен ересектер арасында экологиялық және азаматтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан» акциясы белсенді түрде жүзеге асырылуда.
Кездесу барысында ұлттық стратегиялық бағыттарды айқындайтын қоғамдық алаң – Ұлттық құрылтайдың қызметіне де ерекше назар аударылды. Президент кеңесшісі дәл осы құрылтайда мемлекет пен азаматтық қоғамның күш-жігері біріктіріліп, ұлттық бірлікті нығайту, әділеттілік қағидаттарын орнықтыру және прогрессивті идеяларды дамыту жұмыстары жүргізілетінін атап өтті. Ұлттық құрылтай ұрпақтар арасындағы байланыстырушы буынға айналып, қоғамдағы диалог пен орнықты даму идеясына жол ашуда.
Мәлік Отарбаев жұмыс сапары барысында Достық үйіне соғып, этномәдени бірлестік өкілдерімен кездесті. Облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов ассамблеяның татулық пен бірлікті сақтаудағы рөліне тоқталды. «Ассамблея –130-дан астам этностың басын бір арнаға тоғыстырған ұйым. Бір шаңырақ астына біріккен белсенді жандар өңіріміздегі татулықты сақтауда, ұлттардың бірлігін нығайту жолында ауқымды жұмыс атқарып жүр. Олар ұйымшылдықтарын көктемдегі су тасқыны кезінде де дәлелдеді», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының құрамында жұмыс істейтін ақсақалдар кеңесі де ерекше белсенділік танытып келеді. Олар «Адал азамат» жобасын жүзеге асыру арқылы қоғамда бірлік пен тұрақтылықты, сенім мен жауапкершілікке негізделген жаңа әдепті қалыптастыруға ықпал етуде. «Қазақстанда тұрып жатқан әр ұлттың өкілі өз тілін, мәдениетін білуі тиіс. Бірақ әрбірінің жүрегі Қазақстан деп соғуы керек деп ойлаймын», – деді Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов.
Президенттің кеңесшісі жиын барысында ассамблея өкілдеріне алғысын білдіріп, олардың жұмысын жоғары бағалады.
Мәлік Отарбаев құқық қорғау органдарының өкілдерімен де кездесті. Полиция департаментінде өткен жиынға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты. Онда Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда көтерген міндеттеріне сәйкес «Заң және Тәртіп» қағидатын іске асыру мәселелері қаралды. Кеңеске қатысқан полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов, облыс прокурорының орынбасары Александр Трикачев және ІІМ ардагері Ақан Сыздықов қылмыс деңгейін төмендету, интернет-алаяқтық пен есірткі қылмыстарына қарсы күрес, құқық бұзушылықтардың алдын алу және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында атқарылған жұмыстарды баяндады.
Кездесу барысында заманауи жоғары технологиялық шешімдерді қолдану және халықпен тікелей диалогқа негізделген сервистік модельді одан әрі жетілдіру мәселелері де қаралды. Бұл – құқық қорғау саласына сенімді арттыруға, азаматтардың қауіпсіздігі мен құқықтарын тиімді қорғауға бағытталған маңызды қадам.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».