
Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына орай “Тіл – татулық тірегі” атты кездесу өтті. Өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді насихаттап, сөз өнері арқылы көпұлтты еліміздегі татулық, бірлікті көрсетуге бағытталған шараға Петропавл қаласы мен аудандардан мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдері, “Нұр Отан” партиясының “Жас Отан” жастар қанаты, “Қызылжар жастары” жастар қоғамдық бірлестігі, Қазақстан халқы Ассамблеясы, БАҚ өкілдері және М. Қозыбаев атындағы СҚМУ студенттері қатысты.
Ынтымағы жарасқан елінің жарқын болашағы үшін қолынан келгенше еңбек етіп, сөз өнері арқылы қазақ тілінің байлығын дамытуға атсалысып жүрген талапты жастармен кездесуді облыс әкімі Ерік Сұлтанов ашып, жүргізіп отырды.
– Тәуелсіздіктің басты белгісі – қазақ тілінің мемлекеттік дәрежесін нығайту – ел саясатының басты стратегиялық бағыттарының бірі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет дамуының жаңа кезеңінде қазақстандық патриотизмді тіл мәселесімен тығыз байланыстырады. Осыған орай бүгінгі таңда еліміздегі өзге ұлт өкілдері қазақтың тілі мен мәдениетінің маңыздылығына көңіл бөлуде. Бұған дәлел: соңғы жылдары Қазақстанда қазақ тілінде еркін сөйлейтін өзге ұлт өкілдерінің қатары қалыңдап келеді, – деді өңір басшысы.
“Дөңгелек үстел” басында өткен маңызды кездесу барысында облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Кемел Оспанов облыс бойынша қазақ тілін дамыту саласындағы алға басушылық пен қол жеткізген жетістіктерге тоқталып, қазақ тілін насихаттау мақсатында өзге ұлт өкілдері арасында өткізілген түрлі деңгейдегі сайыстардың жеңімпаздарын атап өтті.
“Мемлекеттік тіл – менің тілім” тақырыбы аясында пікір алмасып, ой бөліскен өзге ұлт өкілдері қазақ тілінде еркін сөйлеп, бар өнерлерін ортаға салды. Қызылжар ауданындағы Белое орта мектебінің қазақ тілі мұғалімі Светлана Магуянова кездесуге келген қонақтарға жылы лебізін мемлекеттік тілде жеткізіп, украинша екі шумақ өлең айтып берді. Шал ақын ауданындағы Еңбек негізгі мектебі “Еркетай” шағын орталығының тәрбиешісі Марина Венингтің ұлты – неміс. Марина 2013 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаған қыз-келіншектер қатарынан орын алған. Елбасымен болған жүздесуді ол ерекше тебіреніспен еске алып, қазақша таза сөйлейтінін мақтан тұтты. Уәлиханов ауданындағы Кішкенекөл ауылының №1 орта мектебінің ағылшын тілі мұғалімі Ульяна Габрикова өз ойын үш тілде жеткізіп, жастардың заман талабына сай бола алатындарын тағы бір дәлелдеп берді.
Кездесу соңында өңір басшысы Ерік Сұлтанов Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы аясында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге қосқан үлесі үшін “Солтүстік Қазақстан облыстық “Радзіма” беларусь мәдени орталығы” қоғамдық бірлестігінің төрайымы Мария Чернышованы, Айыртау ауданы бойынша мемлекеттік кіріс басқармасының бас маманы Виктор Галущакты, “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы” ұлттық компаниясы” акционерлік қоғамы инвесторларға қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Елена Давыденконы, Петропавл қалалық ішкі істер басқармасы учаскелік инспекторының көмекшісі Гариф Хамзаевты, сондай-ақ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Ксения Сербинаны Алғыс хатпен марапаттады.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ