Қазақстан бойынша Ахметовтердің саны 73627 болса, Сұратай есімі, менің білуімше, дүниежүзінде екі-ақ адамға берілген. Қазір жалғызсырап қалдым. Екеуміз де бір ауылдан едік. Ол кісі біздің әкемізбен жасты болды. Сондықтан оның өзіммен шамалас және жастары кіші балалары осы күнге дейін мені “Әке” дейді.
Ауылдастарымыз жан-жаққа көше бастағанда адасым Зеренді жаққа көшіп кетті. Ал мен Тайынша қаласында тұратынмын.
Елдің бүкіл жаңалығы Көкшетау қаласының орталық базарында айтылатын. Сол қалада менің інім тұрады. Бір күні ол базарда жүргенінде “Сұратай қайтыс болыпты” дегенді құлағы шалып қалып, қай Сұратай екенін анықтап сұрамастан, қасына келін мен бажасын және тағы бір азаматты алып, Тайыншаға бір-ақ тартады ғой.
Жаз айы, кешкі уақыт. Үйде шалқамнан түсіп, теледидар көріп жатқанмын. Терезеден бірнеше адам тізіліп өткенін, араларында інім мен келін барын байқап қалдым. “Елден бір суық хабар әкелмесе жарар еді…” – деп ойлап қойдым. Келіншегім ауызүйде көрші әйелмен бірге шай ішіп отырған. Кіре бере інім: “Сұратай қайда?” – депті. Ойында ештеңе жоқ әйелім: “Сұратай ана жақта жатыр…” – десе керек, інім есінен тана жаздап, орындыққа сылқ етіп отыра кетіпті. “Жатыр” деген сөзді “оң жақта жатыр” деп ұғып қалса керек.
Келіншегім бірдеңені сезіп, түсіне қойғандай: “Сұратай ана жақта телевизор көріп жатыр”, – деп анықтай айтқанда інімнің қуанғаннан тіпті есі шығып кете жаздапты. Арнайы келген сапарларының мән-жайын түсінгесін, ініме еріп келген бажасына: “Ал, құда, құрқол келген жоқ шығарсың, әкелгеніңді қалдырып кет енді”, – деп қалжыңдап жатырмын…
Сөйтсе, дүниежүзіндегі жалғыз адасым қайтыс болған екен. Елге барғанда үйіне арнайы барып, туыс-туғандарына көңіл айттым. Сонда менен екі жас кіші баласы: “Әкем өзі өлсе де, көзі болып қалған адасы бар ғой”, – деп мені құшақтап, құлағыма жағымды сөз айтқаны бар еді.
Менің қалай “өліптірілгенімді” естіген тілектестерім: “Сен жүзге келесің”, – деген еді. Сол тілектері шын көңілден шыққан секілді…
Сұратай ӘЙТІМОВ.
Аққайың ауданы,
Смирново ауылы.