Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде «Басты игілік – халықтар достығын қазақстандықтардың бір ғана ұрпағы сомдаған жоқ. Бүгіндері біздің тарихымыздағы көп жағдайды қайта ойлай келіп, біздің осы байлығымызды жоғалтуға, жақсы дәстүрімізді ұмытуға қақымыз жоқ» деп атап көрсеткен болатын. Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлтаралық келісімге жетудің бірегей институты ретінде бекіп, қалыптасса, беделді саяси құрылымның аясында біріккен, басты қызметі бір шаңырақ астында өмір сүретін халықтың тату-тәтті тірлігі мен ауызбірлігіне бағытталған этномәдени орталықтарға жүктелетін міндеттер ауқымы өте кең. Қоғамның әлеуметтік-саяси өміріне белсене араласумен қатар өзара үнқатысуды, берік сенім мен тәжірибелік құндылықтарды тиімді диалог алаңына айналдыра білген түрлі диаспора өкілдері өңірдің дамуына, экономиканың өркендеуіне, әлеуметтік мәселелердің орнықты шешілуіне жұмыла атсалысып келеді.
Этномәдени ұйымдар төрағаларына «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 25 жыл» мерекелік медалін тапсыру рәсіміне қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов құттықтау сөзінде биыл ширек ғасыр мерейтойы кеңінен атап өтілетін Қазақстан халқы Ассамблеясының барша қазақстандықтарды бір арнаға, ортақ мақсатқа топтастырушылық, жетелеушілік, достыққа, бейбітшілікке негізделген тұрақтандырушылық рөлін ерекше атап өтті. Небір тар жол, тайғақ кешу сындарында сыр бермеген, ұлтаралық, дінаралық бірлікті сақтауды, саяси тұрақтылықты нығайтуды жасампаздықпен үйлестіре білген институт елімізді пандемия індеті жайлаған күрделі кезеңде де қоғамның ажырамас бір бөлігіне айналып, өзінің басты миссиясынан тайған жоқ. Керісінше, қиын кезде көптеген саяси, мәдени, рухани іс-шаралардың кеңінен қанат жаюына ұйытқы болып, сенім үдесінен көріне білді. Қазақстан халқы облыстық Ассамблеясының, этномәдени ұйымдардың бастамашылдығымен, белсене қатысуымен өткізілетін «Ауыл – ел бесігі», «Салт-дәстүр», «Память во имя будущего», «Өз еліңді тану», «Караван милосердия», «Бір ел – бір тағдыр», «Өзім туралы» тағы басқа сан-салалы іс-шаралар мен акциялардың жас ұрпақ үшін танымдық, өнегелі мәні айрықша. Достық үйі қабырғасында жүзеге асырылатын жобалар қазақ халқының тарихын, мәдениетін, басқа да ұлттық құндылықтарын терең танып-білуге, жан-жақты мағлұматтар алуға арналған. Қазақ тілін меңгеруге үндейтін «Мәміле» пікірсайыс клубының үйретері көп.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылды Волонтер жылына айналдыру бастамасы өңірде кеңінен қолдау тауып, бұқаралық сипат алды. Ассамблея жанынан құрылған волонтерлер штабы, этномәдени орталықтардың жастар қанаты кононавирустың жеке бастарына үлкен қауіп төндіргеніне қарамастан өздеріне жүктелген тапсырмаларды адал орындады. Көпбалалы отбасылардың, қарттар мен мүгедек жандардың екі мыңға жуық өтініш-тілектерін орындады. Этномәдени бірлестіктердің өкілдері «Біргеміз!», «Караван милосердия», «Таза ауыл», «Мың алғыс, «Донор күні», «Мектепке жол», тағы басқа акциялардың бел ортасынан көрініп, қайырымдылық шараларына 7 млн. 865 мың теңге аударды.
Ғ. Нығыметов этномәдени орталықтардың төрағалары мен белсенді мүшелеріне өңірдегі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға қосқан зор үлестері үшін алғыс білдіріп, мерекелік медальдарды салтанатты түрде табыс етті.