Құрметті солтүстікқазақстандықтар!
Қымбатты жерлестер!
Сіздерді Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!
Егемендік алған алғашқы жылдары экономикалық және әлеуметтік дағдарыстарды еңсеру, қылмыс деңгейін азайту және ең бастысы – қазақстандықтардың мемлекет пен ұлттық бірлікке сенімін нығайту сияқты ең күрделі міндеттерді шешу қажет болды.
Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың дана және сындарлы стратегиялық саясатының арқасында ширек ғасырда дамыған экономикасы, тұрақты саяси жүйесі мен біртұтас қоғамы бар жаңа мемлекет құрылды.
Қазақстандықтар көптеген сындарды бастан кешті, оның бәрі бізді шыңдап, бұрынғыдан да күшті етті.
Экономикалық, демократиялық, құқықтық және әлеуметтік жаңғыртулар, қоғамдық келісім, саяси тұрақтылық – осының бәрі Қазақстанның әлемдік қауымдастықта өзінің лайықты орнын алуын қамтамасыз етті.
Біздің республикамыз ТМД-ның көптеген елдері және барлық Орталық Азия аймағы үшін серпінді дамудың нағыз үлгісіне айналды.
Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына біздің өңірдің тұрғындары да сүбелі үлес қосты. Бүкіл елімізбен бірге Солтүстік Қазақстан облысы да өркендеп, дамып келеді.
Облыста жалпы өңірлік өнім соңғы жиырма жыл ішінде 13 есе өсті және 837 млрд. теңге болды. Тұрғындардың жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім 19,5 есеге ұлғайды және 1,5 млн. теңгеге жетті.
Инвестициялық саясатта да үлкен жетістіктерге қол жеткізілді. 1997 жылмен салыстырғанда негізгі капиталға тартылған қаржының мөлшері 37 есе өсті. 2015 жылы 155 млрд. теңге инвестиция тартылды.
Мерекелік жылы солтүстікқазақстандық диқандар рекордтық астық жинады. Гектар берекелігін 17,8 центнерден айналдырып, Отан қамбасына 5 млн. 738 мың тонна астық құйды.
25 жыл ішінде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 167 млрд. теңгеге дейін ұлғайды. Қазір біздің кәсіпорындар бәсекеге қабілетті өнімдер шығаруды қамтамасыз ете отырып, осызаманғы нарықтық жағдайда табысты жұмыс істеуде.
Индустриялық бағдарлама бойынша 40-қа жуық әртүрлі өндіріс іске қосылды, бұл 2 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді.
Солтүстікқазақстандықтар агроөнеркәсіптік және индустриялық кешендерде, тұрғын үй құрылысында, кәсіпкерлікті дамытуда және басқа да салаларда қомақты табыстарға қол жеткізді.
Бұл жетістіктердің барлығы біздің азаматтардың бірлігі мен келісімінің, мемлекетіміздің тұрақтылығының арқасында мүмкін болды. Тәуелсіз Қазақстанның басты құндылығы өзінің еңбегімен, тарихын және салт-дәстүрлерін көздің қарашығындай сақтауымен туған жерінің абыройын асқақтататын адамдар екендігі даусыз.
Қымбатты жерлестер!
Бүгіндері батыл мақсаттары мемлекеттің, экономика мен қоғамның дамыған институттарымен үйлесім тапқан Қазақстан кемелдену және гүлдену кезеңіне аяқ басып отыр.
Әлемнің бәсекеге қабілетті 30 елінің қатарына кіру жоғары мақсатын алдымызға қойып отырмыз. Бұл мақсатқа жету жолдарының алгоритмі − “100 нақты қадам” Ұлт жоспары жасалды.
Басты мақсаты жасампаз еңбек болып табылатын Жалпыға Ортақ Еңбек қоғамының парадигмасында әлеуметтік жаңғырту жүзеге асырылуда. Қазақстан халқы тарих пен қазіргі заманды, дәстүрлер мен ұлттың жаңғыртылған әлеуетін бір арнаға тоғыстыратын “Мәңгілік Ел” идеясының төңірегінде топтасқан.
Бізге басты миссия − өңірімізді дамыту, бүгінгі жетістіктерді сақтау мен жетілдіру, өскелең ұрпақтың келешегін қамтамасыз ету және Мемлекет басшысы белгілеп берген стратегиялық міндеттерді табысты жүзеге асыру жүктелген.
Сіздерді тарихи оқиға − еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!
Баршаңызға, әр отбасына, туған-туысқандарыңызға денсаулық, молшылық, бақыт пен біздің Отанымыз − Қазақстан Республикасының игілігі жолындағы еңбектеріңізге табыс тілеймін!
Ерік СҰЛТАНОВ,
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.