“Кең даладан, бос даладан не пайда, бос далада Бостандығың болмаса!” – деп Қадыр ақын ата-бабамыздың аңсаған асыл арманы – Азаттыққа үн қосып, аға ұрпақтың жас буынға деген аманатын жеткізген еді. Сол аманаттың орындалғанына да 25 жылдың жүзі болды. Бұл мерзім аз ба, көп пе, бірақ қазақ ұлтының тарихындағы ең шешуші де сындарлы кезеңдер осы бір оймақтай ғана уақыт теліміне тиесілі. Таусылмайтын жыр, түгесілмейтін ән болған тәуелсіздік Қазақ халқы үшін ең қастерлі ұғым екенін айтудың өзі артық болар. Себебі, дүниежүзінде алты мыңға жуық ұлт пен тіл болғанымен, Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып, тең дәрежеде мойындалғаны 193 мемлекет қана. Ал сол 193-тің бірі – Қазақ елі болуы ұлы бақыт емес пе?!
Тәуелсіздігімізді тұғырлы ету жолында неге қол жеткіздік, ұлттық құндылығымызды ұлықтай алдық па, әлемдік сахнада әлеуетімізді таныттық па деген сұрақтар төңірегінде “Сегіз сері” атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Қайырлы Ғафуровпен, “Барбанг” күрді этномәдени бірлестігінің төрағасы Рашид Надировпен, Есіл ауданындағы Бұлақ орта мектебінің мұғалімі Жанар Қалиевамен, “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ “Солтүстік Қазақстан облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты” филиалының бөлім басшысы Күлзағира Нұртаевамен, Ақжар аудандық мәслихатының хатшысы Айбек Хоршатпен тілдескен едік.
– Тура бір айдан кейін жерінің асты да, үсті де сарқылмас байлыққа толы Қазақ елі өз Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық тойын зор салтанатпен атап өткелі отыр. Жалпы, біз тәуелсіздіктің қадірін жете түсініп жүрміз бе?
Жанар ҚАЛИЕВА:
– Біз тәуелсіздік жылдарында жеткен ең басты жетістігіміз – тәуелділік дегенді білмейтін ұрпақ тәрбиеледік. Осы ұрпақ үшін тәуелсіздік аса қадірлі болмауы мүмкін. Себебі, олар ата-анасы сияқты “екінші сортты” болудың не екенін білмейді, ешқандай қыспақ көрген жоқ, еркіндікте ержетіп келеді. Олар біз сияқты “Тәуелсіздік алғалы неден ұттық, неден ұтылдық” деп ой толғамайды. “Мен қазақпын” деген мақтаныш сезім өте мықты. Олар ешкімге дес бермейді, бет қараттырмайды. “Әр заманның өз Мұсасы бар” деп Мәуләнә айтпақшы, жаһұдилердің бойындағы құлдық сана сипаттарын болдырмаймын деп, құлдық көрген соңғысы көз жұмғанша, оларды Мұса пайғамбар қырық жыл шөл далада айдап жүрді емес пе? Әпсана ма? Әпсана. Бірақ әр әпсананың артында адамзаттың жүріп өткен жолындағы үлкен тәжірибе даналығы жатыр емес пе?! Астарлы әпсана тәуелсіздік алған соң барлық салада отарсыздану шараларының қажеттігін білдіреді. Бұл шараларды жүргізуде біз “Тәуелсіздіктің қадірін білмейді” деп кінәлайтын ұрпақтың қосар үлесі зор болмақ.
– Өткен ширек ғасырда елдің жадында мәңгі сақталар, қазақ қыранының қанатын қатайтқан қандай елеулі оқиғалар болды?
Айбек ХОРШАТ:
– Қыран бүркіт асқар таудың шыңынан кең далаға қарай қанат қағып, қалықтап ұшқанда өзін қалай еркін сезінсе, өзінің табиғи болмысы мен жаратылысына сай өмір сүрген болса, осы табиғаттың бір бөлігі болып табылатын біз де тумысымыздан еркіндікті аңсаймыз, азат өмір кешуді қалаймыз. Ал тәуелсіздік ше? Ол да еркіндіктен туындайды. Тәуелсіздік – ол ешкімнен қаймықпау, ешкімге бағынышты болмау, ойыңа келген алғашқы ісіңе еркін кірісу, жалтақтамау.
Еліміз тәуелсіздігін алған тұста алғашқы жасалған қадам – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың “Семей полигонын жабу туралы” Жарлыққа қол қоюы болды. Елбасының осы тарихи шешімі, батыл қадамы бүгінде дүниежүзіне мәлім тарихи факті ғана емес, ядролық державалар басшыларына тағылым көрсетуі деп те бағалаған дұрыс. Мұны егемендік алған еліміздің әр азаматы естен шығармауы тиіс.
Қайырлы ҒАФУРОВ:
– Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін қазақ мәдениеті үшін жаңа кезең басталды. Мұндайда “өшкеніміз жанды, өлгеніміз тірілді, ұмыт қалған мұрамыз жаңарды” дейміз. Мәдениетіміздің қайта түлеуіне, өткен ғасырлардан қазына боп қатталып, тарих боп тасада қалған барлық мұраларымыз Елбасының бастамасымен шетінен аршыла бастады. Айтыс өнері қайта жаңғырды. Мәдениет пен ғылымда, өнер мен әдебиетте ұшан-теңіз еңбек атқарған алыптарымыздың және басқа да тұлғалардың мерейтойларына арналған алқалы жиындар өтті.
Мұның барлығы біздің өңірге де оң әсер етті десе де болады. 1999 жылы өзім еңбек етіп жүрген Өнер колледжі – музыкалық-эстетикалық бейімдегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат кешенінде қобыз сыныбы ашылды. Ұлттық мәдениетіміздің алтын діңгегі саналатын қобызға деген қызығушылық бүгінде басым. 2000 жылы облыстық филармонияда қазіргі “Сегіз сері” атауына ие ұлт аспаптары оркестрі құрылды. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры ашылып, оған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев арнайы келді емес пе?! 2004 жылы белгілі әнші Жанат Айтбаевтың жетекшілігімен дәстүрлі ән сыныбы ашылды. Одан кейін қаншама жағымды жаңалықтар болды. “Абылай хан резиденциясы” мұражайкешені, Қарасай мен Ағынтай мемориалдық ескерткіші сияқты ұлттың ұлы тұлғаларын дәріптеген тағылымы мол тарихи орындар өңіріміздің әр ауданында пайда болды. Осылайша, төл мәдениетімізге мән беріліп, тарихи тұлғаларымыздың бейнелері ғасырлар қойнауынан нұрын шашты. Тәуелсіздіктің өткен ширек ғасырында атқарылған ең елеулі жұмыс осы болды ғой деп ойлаймын.
– Тәуелсіздіктің елең-алаң сәтінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев: “Тәуелсіздіктің біздің бәрімізге артар міндеті мол. Енді еңселі ел болудың жолына шындап түсуіміз керек. Әулетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда”, – деген еді. Өткен уақыт бедерінен қарағанда, бұл пікірдің бәсі төмендемейді. “Тәуелсіздік берген зор мүмкіндікті ұлттық мүддені ұлықтауда пайдалана алдық па?” – деген сауалға жауап іздеп көрсек.
Жанар ҚАЛИЕВА:
– Тәуелсіздік – бізді тіпті өзіміз болжай алмаған биікке шығарды. Алайда, тәуелсіздіктің берген мүмкіндігін толық пайдалана алмаған тұстарымыз бар. Егер тілдің жағдайына тоқталсақ, қазір “Мектептерде балалар қазақша сөйлемейді”, “Мұғалімдер қазақ тілін үйретпей жатыр”, “Билік орыстілді” деген пікірлер жиі айтылады. Тәуелсіздік рухына қатысты Президент Нұрсұлтан Назарбаев аз айтқан жоқ. “Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін”, – деді. Нәтиже бар ма? Өзіміз тілімізді шұбарлап жүргенде өзгеге жөн сілтей алмасымыз анық. Қазақ қазақ тіліне қатысты мәселеде ешкімге өкпе айта алмайды. Рас, бұрынғы Кеңес Одағында орыс тілінің абыройын көтеруге қатысты қаулы болды. Ал қазір ше? Қазіргі жағдай, шынымен де, біздің ұлттық санамыздың толық оянбай жатқанын білдіреді. “Құлдық санадан арыла алмай жүр” дегеннің бірі – осы. Қалалы жерлерде, өзге этнос өкілдері басым тұратын аймақтарда әлі күнге азаматтарымыз өзара өзге тілде сөйлеседі. Отбасында да солай. Ал мұндай жағдайда туған тіліміздің көсегесі көгере қоймасы анық. Осыған қарап, тілдің мәселесін шешуде қарапайым халық өз міндетін орындай алмай отырғанын түсінуге тиіс.
Қайырлы ҒАФУРОВ:
– Қазақ қоғамы үшін тілмен қатар қазақ ауылдарының іргесінің сөгілуі де өзекті мәселе. Қазіргі қоғамда неше түрлі пікірлер бар. Тілдің жағдайына көңілі толмаған халық ауылдың ахуалының төмендеуіне де Үкіметті кінәлайды. Алайда, олардың бірі де өзіне “Туған ауылымызды сақтауда не істедік?” деген сауалды қоймайды. Шынында да, кіндік қаны тамған ауылын сақтау үшін не істеді?
Иә, қазір ауылдың қадірі болмай тұр. Оның құтын қашырған да – өзіміз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында әртүрлі себептермен жөні түзу басшыға жарымай, басындағы бағы ұшқан көптеген ауылдардың іргесі сөгіліп, халық облыс орталығына ағылды. Менің ойымша, бұл біздің өзіміздің кертартпа мінездеріміздің салдары. “Пәледен машаяқ қашыпты” дегендей, “менен аулақ” деген көзқарас қанымызға сіңіп кеткен. Сонымен қатар, өз пайдасын ел мүддесінен артық қойып, жиған-тергенін қалтасына басқан кеңшар басшыларының қылығынан қаймығып қалған ауыл тұрғындары сенім арта алатындай бір азаматқа ауылдың тағдырын тапсыруда батыл қадамға бара алмады. “Ауылдағының аузы сасық” дегендей, оған бағынбай, сырттағы біреуге жерді беріп, пайын алғанды қанағат тұттық. Осы кезде масылдыққа да етіміз үйреніп алды. Жерімізді алған шаруа қожалығы жемшөп береді. Үкімет бір кездері өздері бұзып алған клубты қайта салсын, ауыл әкімі жұмыс тауып берсін деген масылдық сұраныс жыл өткен сайын үдемесе, басылған жоқ. Ал сол ауылдың қасында өзге бір елді мекенде іргесінің сөгілуіне жол бермеген, бар дүниені талан-тараж қылмай, жұртты жұмылған жұдырықтай еткен, қазіргі таңда аты аңызға айналған сұңғыла басшылар бар емес пе?! Солардың бүгінгі жай-күйіне қарап, қазақтың алтын бесігі болған ауылды сақтау да өз қолымызда екен ғой деген ой келеді.
Рашид НАДИРОВ:
– Мен қазақ тілінде білім алдым. Жоғары білім алып жүрген кезде орыстілді қатарластарымызға қызығатынбыз. Олар үшін барлық есік ашық еді ғой. Ал қазір олар бізге қызығады. Осы орайда қазақ тілінің жағдайы мүшкіл деген пікірмен келіспеймін. Өзге этнос өкілдері көп шоғырланған біздің өңірде балалардың 67 пайыздан астамы қазақ тілінде білім алып жүр. Оған мемлекеттік тілді меңгерген өзге этнос өкілдерін қоссаңыз, “Қазақ тілі кенжелеп қалды” деп байбалам салуға еш негіз жоқ. Шетелде тұрып жатқан қазақтардың өзі ана тілдерін сақтаған. Олардың елге оралғандары қаншама?! Солармен жергілікті қазақтардың бір-бірімен түсінісе алмай жүргенін көрдіңіз бе? Қазақстандағы, Қытайдағы, Германиядағы, Австралиядағы қазақ бір-бірімен емін-еркін сөйлеседі. Мәселен, өзімнің ана тілімнің тағдыры қыл үстінде тұр. Бүгінде күрділердің жері Түркия, Сирия, Ирак, Иран елдеріне тиесілі. Ал сол елдерде өмір сүріп жатқан күрділер бір-бірімен сөйлескен кезде амандық-саулық сұрағаннан әрі аса алмайды. Себебі, түсінбейді. Бүгінде күрді тілінде 6-7 диалект бар. Ал қазақ тілінде диалектінің болмауының бір сыры – жеті атаны сақтауда деп ойлаймын. Қазақтар жеті атаға дейін қан араластырмайды, туыстық қалыпты бұзбайды. Ал осы жеті атаға дейін қазақ халқы ұлын үйлендірерде, қызын ұзатарда мыңжылдық құданы алыстан іздеген, басқа румен туыс болуға тырысқан.
Айбек ХОРШАТ:
– Бір ағамыз айтушы еді: “Тіл мәселесі мұз сияқты, қатты қыссаң сынып кетеді, сондықтан оны жайлап алақанның жылуымен еріту керек”, – деп. Мен – сол пікірді қолдайтындардың бірімін. Бүгінде мемлекеттік тіл саясаты да кезең-кезеңмен дамып, біртіндеп діттеген мақсатқа жетуде. Қазақ тілі еліміздің мемлекеттік тілі ғана емес, түркі әлемінің жетекші тілдерінің біріне айналып келеді. Қазір қазақ тілін көрші елдерден өзге Әзірбайжан мен Армения, Беларусь, Польша, Мажарстан, Оңтүстік Корея, Германия, Ұлыбритания, АҚШ мемлекеттерінің белді оқу орындарында оқытады. Әйгілі Кембридж университетінде қазақ тілі, тарихы мен мәдениеті туралы арнайы пән бар.
– Әрине, қазақ үшін тілдің мәселесі мен ауылдың ахуалы аса маңызды. Десек те, тәуелсіздікпен келген мүмкіндіктердің тағы бірі – қазақтың тарихы тереңінен зерттеліп, зерделене бастады емес пе? Сондай-ақ, жазушыларымыз не жазарын білмей абдырап қалды дейтін пікірлер бар. Қазақстан шикізатқа бай ел ретінде өндірістік әлеуетін жүзеге асыра алды ма? Осы мәселелер жайында пікірлеріңізді білгім келеді.
Жанар ҚАЛИЕВА:
– Менің ойымша қазақ жазушыларында тоқырау болған жоқ. Себебі, танымал жазушылардың да, кейбір жас қаламгерлердің де қазіргі қоғамдағы адамдардың тірлігін арқау еткен шығармалары аз емес. Әсіресе, публицистика, көсемсөз жанры әжептәуір дамыды, бұрынғы бағытын өзгертті. Мемлекеттік тіл, қазіргі ауыл, адами ізгі құндылық және тағы да басқа бүгінгі күн мәселелеріне алаңдаушылық білдірген шынайы дүниелер молынан болмағанымен, бар. Осы орайда айтарым, жазушылардың жазғанын оқитын қоғам болмай қалды және ол еңбектерді кітап қылып шығаратын жағдай болған жоқ. Тәуелсіздік туралы жазылған шығармалардың өзі бір төбе. Тарихымызды тереңнен зерттеп, қазақ үшін тың мәліметке толы құнды кітаптар шығара бастадық емес пе?
Күлзағира НҰРТАЕВА:
– Шынында да, тарихымызды құныға зерттедік. Себебі, осы күнге дейін Қазақстан тарихын өзгелер зерттеп келді. Сақ, үйсіндер туралы ирандықтар мен түркі жазбаларында кездессе, кеңестік дәуірде қазақ жерін орыс ғалымдары зерттеді. Бір сөзбен айтқанда, тарихымыз қазақ ұлтының көзқарасы тұрғысынан зерттелген жоқ. Тәуелсіздік жылдары тарихшы ғалымдарымыз қазақтың тарихындағы ақтаңдақ тұстарды қайта зерттеп, жалпақ жұртқа мәлім фактілерді өз көзқарасы тұрғысынан зерделеді. Мәселен, біздің оқушы кезімізде 1837-1847 жылдар аралығында болған Кенесары Қасымұлының көтерілісі монархиялық қозғалыс деп оқытылды. Яғни, оқушыларға қазақтың соңғы ханы ел ішіне іріткі салған бүлікші ретінде сипатталды. Бүгінгі таңда біз оны оқушыларға “Кенесары Қасымұлы хандық билікті қайта құруды көздеді. Ұлттық тәуелсіздікті жеңіп алуға, шетелдік үстемдікті, отарлық езгі мен қанауды жою үшін күресті” деп оқытамыз. Сондай-ақ, бізге тың жерлерді игеру партия көрегендігі, мемлекет жеңісі ретінде дәріптелді. Ал оның көлеңкелі жағы туралы тек тәуелсіздік алған жылдары ғана айтыла бастады. Ең алдымен, Қазақстанға келген тың көтерушілер арасында қылмыскерлер де болды. Соның салдарынан тәртіп бұзушылықтар, қылмыстар жиіледі. Тың игеруге байланысты жайылымдар мен жемшөп дайындайтын алқаптардың көлемі тарылды. Сырттан келушілер көп болғаны соншалық, қазақтар атақонысында отырса да қыспаққа ұшырады. Экологиялық жағдай күрт нашарлады. Аса көп алқап жыртылып, нәтижесінде көп жерлер тіршілікке жарамсыз болып қалды. Топырақ эрозияға ұшырап, жердің құнарлылығы азайды. Қазақ халқының ұлттық ерекшеліктері аяққа тапталды. Қазақ мектептері, балабақшалар, қазақ тіліндегі газет-журналдар азайды. Осының барлығы қазақ халқының бір бөлігінің өз ана тілін ұмытуына әкеп соғып, халықтың ерекшеліктері, ұлттық намысы біртіндеп жоғала берді. Бүгінгі таңда тәуелсіз Қазақстанның балалары мұны да білуі тиіс. Осының барлығы ашық жазылған Қазақстан тарихының бірнеше томдықтары жарық көріп, біз соларды кеңінен пайдаланып отырмыз.
Рашид НАДИРОВ:
– Өндіріс саласы дегенде, өзім фармацевтика саласында еңбек етіп жүргендіктен, дәрі-дәрмекке қатысты өз ойымды білдіргім келеді. Менің ойымша, фармацевтика өндірісін дамыту емдік шөптерге бай біздің елдің экономикасының жоғары инновациялық дамуының жетістігі болатындығы даусыз. Отандық өндірушілер фармацевтика саласының 15 пайызын ғана төл өніммен қамтамасыз етіп отыр. Себебі, бізде дәрі шығаратын ірі өндіріс орындары өте аз. Қателеспесем, олардың саны бес-алтау ғана. Ал мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін отандық дәрі-дәрмектердің үлесі кем дегенде 30 пайызды құрауы қажет. Бүгінде импорттық дәрі-дәрмектердің жеткізілуі есебінен елімізде фармацевтикалық өнім нарығы анағұрлым серпінді дамуда. Алайда, бұл дәрінің бағасына әсер етуде. Осы орайда, еліміз отандық дәрі-дәрімектің үлесін 50 пайызға жеткізу жөнінде арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдап отыр. Осының арқасында Қазақстан фармацевтика саласындағы әлеуетін жоғары деңгейде пайдаланатын болады деген үмітім бар.
– Елдің бірлігі мен татулығы тәуелсіздікті мызғымастай етіп нығайтудың ең құдіретті құралы екенін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев азаттықтың алғашқы күндерінен көре білді. Оның саяси ерік-жігері мен қажырлы еңбегі Қазақстанның тұрақты дамуының берік іргетасы ретінде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге арналды. Себебі, ел өміріне түбегейлі өзгерістер әкелген әлеуметтік-экономикалық және саяси бетбұрыстарды халықтың жаппай қолдауына ие еткен негіз бұл – қоғамдық келісім.
Күлзағира НҰРТАЕВА:
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: “Қазақстанның көпұлтты мемлекет болып қалыптасуын тарихтың өзі жасап берген. Біз оған өкінбейміз, себебі, ол елді ұлттық бөлінуден сақтайтын маңызды фактор болып табылады”, – деп атап көрсетті.
Ресей империясының құрамында болған кезеңде және Қазақстанда жүргізген саяси-әкімшілік реформалар барысында алғаш рет қазақ халқының құрамында үлкен өзгерістер басталды. Қазақ халқының ұлттық құрамы моноэтникалық тұтастықтан полиэтникалық сипатқа ие болды. Көпұлтты болуымызға көптеген себептер бар ғой. Қазір бұл маңызды емес. Бүгінде 130-дан астам этнос өкілін бір шаңырақ астында тату ұстауда Елбасымыздың саясатының дұрыс екеніне көз жеткізіп отырмыз. Елдің ел болуы, ең алдымен, оның бірлігіне, ынтымағына байланысты екені тарихта да, біздің заманымыз үшін де жаңалық емес. Ол – ақиқат. Тәуелсіздік жылдары ел ішіндегі әлеуметтік қиыншылықтарға шыдағандар қазіргі таңда да Қазақстанды дамыту жолында адал еңбек етуде. Ал тарихи Отандарына кеткендердің де елге қайтып оралғандары бар. Бұл Қазақстанда этносаралық ахуалдың жайлы екендігін білдіреді емес пе?
Рашид НАДИРОВ:
– Тәуелсіздік жылдары “келісім – тұрақтылық – бірлік” үштағаны Қазақстан дамуының және Мемлекет басшысы саясатының ең басты қағидасына айналды. Қазақстандағы барша этностардың тілін, ділін сақтап, ұлтына, нәсіліне қарамастан, тең құқылы екенін әйгілей отырып, оларды ел иесі – қазақтың маңына ұйыстырудың, сол арқылы күллі халықты ұлы істерге жұмылдырудың бірегей, әмбебап құрылымы – Қазақстан халқы Ассамблеясын дүниеге әкелді. Ассамблея алғаш құрылған күннен бастап бірлігіміздің бастауы, тірлігіміздің арқауы болып келеді. Еңсесі биік, іргесі берік ел болуымызға Қазақстанды “Отаным” деп санайтын әрбір азаматтың үлесі бар. Елбасының байсалды этносаралық қатынас саясаты әрбір азаматтың ұлттық болмысын сақтауына толық мүмкіндік береді. Мәселен, біздің өңірде “Бохтар” ауған этномәдени бірлестігі бар. Оған Петропавлда өмір сүретін он бес шақты ауған этносының өкілі мүше. Саны аз болса да, олардың да өздерінің ұлттық келбетін, салт-дәстүрін, тілін сақтауы үшін Қазақстан бар жағдайды жасап отыр.
– Тауқыметті көп кешкен, тағдыры аянышты, езіліп-жаншылған, жабығып-жапа шеккен, тарығып-зарыққан халық жер бетінде екеу болса, соның біреуі – қазақ. Соның салдарынан қазақ кезінде атамекенін тастап, жан-жаққа шашырап та кетті. Жер бетінде тарыдай шашылған қазақтың басы атамекенде түйісті. Бұл ұлы шешімнің бүгінгі нәтижесі қандай?
Айбек ХОРШАТ:
– 40 жыл бойы Еуропадағы “Азаттық” радиосының қазақ бөлімін басқарған, осы жылдар ішінде Алаш-азаттық идеясын жер жүзіндегі қазақ баласына қажымай-талмай насихаттаған, Қытай мен Кеңес Одағындағы коммунистік партиямен берілмей күрескен шетелдегі қазақ диаспорасының көрнекті өкілі Хасан Оралтайдың бір естелігін оқып едім. Ол “Азаттық” радиосында істеп жүрген кезеңде Қазақстанның өз тәуелсіздігін жариялау бақытына ие болдым деп ерекше қуанышпен еске алады: “Қазақстан Одақ тарағаннан кейін тәуелсіздігін дереу жарияламағаны бізді, шынында да үрейлендіріп еді” – дейді. 1991 жылы 16 желтоқсан, дүйсенбі радиода жұмыс күні болмаса да, жұмысқа барып, Алматыдағы тілшілеріне: “Жоғарғы Кеңеске бар, Қазақстан тәуелсіздігін жарияласа, дереу маған хабарла”, – деп тапсырады. “Қазақстаннан сүйінші хабар естігенде қуанғанымнан жылап жібердім. Дереу асығыс түрде 5 минуттық хабар дайындап, өзім оқып Қазақстанды тәуелсіздігімен құттықтадым: “Қазақстанның тәуелсіздігі бүкіл Қазақстан жұртшылығына құтты болсын! Әсіресе, ұзақ ғасырлардан бері патшалық Ресейдің, сондай-ақ, советтік империяның отаршылдық-қанаушы, тіпті, мүлдем қырғындап жойып жіберу саясатының құрбаны болған, ана тілі мен тарихы, ұлттық әдет-ғұрпы мен діні әдейі өгейсітіліп, түбегейлі түрде орыстандыру саясатына тап болған қазақ халқы үшін қайта өрлеудің құтты қадамы болсын! Бір елдің тәуелсіздігін иеленуі оның ең табиғи құқы…”. Бұл – халқын шын сүйген, тәуелсіздікті жылдар бойы аңсаған Алаш азаматының тебіренісінің дәлелі. Себебі, еліміздің тәуелсіздік алуы жырақта жүрген отандастарымыздың келешек тағдырын айқындап берді. Жат жерде жүрген отандастарымыз сол кезеңнен бастап лек-легімен атамекеніне орала бастады. Жеріміз байтақ және оның байлығы шексіз. Бос жатқан жерге әркім көз салуы мүмкін. Сондықтан да сол жердің бәріне қазақтың қоныстанып, өріс жайғаны дұрыс, алыс-жақын шетелдердегі отандастарымыздың атамекенге оралуының арқасында елімізде қазақтың үлесі артты. Бүгінде елімізде қазақ халқының үлесі 70 пайыздан асса, өңірімізде бұл көрсеткіш 34,6 пайызды құрайды. Тәуелсіздік алған жылдан бері өңірімізге түрлі елдерден 35275 қандасымыз көшіп келген. Қарамызды қалыңдатып, ұлттық келбетімізді қазақыландырған отандастарымыздың елдің дамуына, нығаюына қосқан үлесі зор болғандықтан, бұл ұлы көштің басын қайырудың қажеті жоқ.
Күлзағира НҰРТАЕВА:
– Бүгінде елге оралған қандастарымыз Қазақстан халқының шамамен 10 пайызын құрап отыр. Бұл көрсеткіш еліміздің қазіргі таңдағы күрделі демографиялық ахуалына да оң серпін берді. Әрі олар тарихи Отанынан жүздеген, ондаған жылдар бойы сырт жүрсе де, өзінің ұлттық мәдениетін сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып, атадан балаға мирас етіп, этномәдени мұраларының қалпын бұзбай келе жатқан ұлттық нақыштағы дәстүріміз, өнеріміз қазақ мәдениетінің кейбір ұмыт бола бастаған тұстарын толықтырып, жандандыруда. Сондықтан дәстүрлі мәдениетіміздің жұрнағын таратушы бауырларымыздың ұлттық мұраларының сақталуы мен өзгерісін, тарихи Отанға қоныстану үдерісіндегі жергілікті ортаға бейімделу мәселелерін, олардың еліміздің саяси, әлеуметтік, мәдени дамуындағы рөлін зерттеудің маңызы зор. Олай болса, басқа халықтар әлемінде өмір сүрген қазақ диаспорасының ұлттық болмысын, мәдени мұраларын зерттеу арқылы ұлттық идеяны қалыптастырып, қазақ халқының біртұтастығын қамтамасыз ете аламыз.
– Қазақ елі, Мәңгілік Ел, Ұлы Дала елі деген киелі ұғымдар уақыт көшімен қилы дәуірді бастан өткерген халқымыздың өткені мен бүгінгі хал-күйінен хабар беретіндей. Отанға деген шынайы махаббат, кейінгі ұрпақ алдындағы парасатты парыз аталарымыздың ұлы мұратына айналды. Қазақ хандығын құрудан басталған қасиетті борыш “Мәңгілік Ел” идеясына негіз болып, Қазақстанның өсіп-өркендеуіне жол ашатын тың серпіліске бастады. Енді алдына межелі мақсаттар қоя білетін, ертеңіне сеніммен қарайтын, ділі мен дініне берік, жастары алғыр, рухы биік, жақсылыққа жаны құштар халық тарихта “Мәңгілік Ел” болу үшін не істеуіміз керек?
Жанар ҚАЛИЕВА:
– Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасындағы басты мақсаттардың бірі – мектеп оқушыларының бойында “Мәңгілік Ел” жалпыұлттық патриоттық идеясының рухани-адамгершілік құндылықтарын және саламатты өмір салты мәдениетін қалыптастыру. Осы орайда оқыту сапасын арттыруда білім беру үдерісінің барлық қатысушыларының ең үздік білім ресурстары мен технологияларына тең қолжетімділікті қамтамасыз ету, жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене бітімі және рухани дамыған азаматын қалыптастыру қажет. Елбасы өз баяндамасында: “…Жаңа Қазақстандық Патриотизмнің идеялық негізі осы мемлекет құраушы, жалпыұлттық құндылықтарда жатыр”, – деп негізгі құндылықтарға тоқталып өтті. Білім беру үдерісінде бала тұлғасының дене бітімі және зияткерлік аспектілерін ғана емес, баланың жоғары рухани-адамгершілік табиғатын ашу қажет.
Осыған байланысты бүгінгі білім саласында көздегеніміз – жаһандық көшке ілесу. Білім, ғылым, техника дамымаса, мемлекеттің басқа елдерден оза шабуы мүмкін емес. Бұл білім саласында түрлі реформалардың қолға алынуына түрткі болып отыр. Осындай өзгерістерге ата-ана түгіл, мұғалімдер де ренжиді. Алайда, қазір біз жас ұрпақтан білімді, білікті және сол білімін кез келген жерде, ортада дұрыс пайдалана алатын тұлға жасай алмай отырмыз. Әлемдік тәжірибеге сүйеніп жасалған реформалар өзінің білімі мен біліктілігін пайдалана алатын, әлемдік бәсекеге қабілетті жас ұрпақты даярлауға жол ашуы керек. Сондықтан да осындай уақытша өзгерістерге қарсылық білдірсек, өзгелердің тәжірибесін пайдаланбасақ, озық білім-ғылымның парқын біле алмауымыз мүмкін. Білім-ғылымының арқасында дамыған 30 ел күн сайын алға жылжуда, олар бізді тосып тұрмасы анық. Олардың жетістігін игеретін және өзінікін ұсынатын, Қазақстанды Мәңгілік Елге айналдыруда салмақты үлесін қосатын ұрпақ даярлауда қажет қазақстандық білім жүйесін қалыптастырудағы осындай өткінші қиыншылықтарға шыдамдылық танытқан дұрыс.
Қайырлы ҒАФУРОВ:
– “Екі адамның басын тек бір мәдениет біріктіргенде ғана олар бір ұлтқа жатады” деген пікір бар. Қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті тұлғаның ұлттық санасының қалыптасуындағы бірегей және негізгі құрал болып табылады. Қазақ халқының ұлттық мәдениетінің қайнар көздеріне үңілуде үлкен мән жатыр. “Мәдениетінің тарихы жоқ халықтың болашағы да жоқ” деген ақиқат бар. Осы орайда, “Мәңгілік Ел” идеясын жүзеге асырып, Ұлы дала елін құруда өнердің қосар үлесі зор болмақ. Біз ән салуға құмар халықпыз. Қазақ халқының еңбегі, салт-дәстүрлері, халықтық ойындары мен мерекелері – осының бәрі музыкада өз көрінісін тапты. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың “Мәңгілік Ел” бастамасы ұлы мақсаттарға жетелейтін игі қадам болса, елдің елдігін танытатын төл өнерді дамытуда біздің де аянып қалмасымыз анық. Бүгінгі таңда өңіріміздегі жас буынның бойына қазақтың исі сіңген төл-өнерді сіңіруде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Алайда, арман, тілек көп қой. Мысалы, елімізде Мәди, Жүсіпбек Елебеков атындағы конкурстар ұйымдастырылып тұрады. Батысқа қарай ойыссақ, күйшілердің атындағы байқаулардың өзі бір төбе. Шіркін, бізде де осындай республикалық деңгейдегі Үкілі Ыбырай атындағы конкурс ұйымдастырылса деген тілек бар. Осыдан екі жыл бұрын еліміздегі ұлт-аспаптар оркестрлерінің басын қосқан Сегіз сері атындағы “Гауһар тас” республикалық фестивалі ұйымдастырылған еді. Құдай қаласа, бұл фестиваль ендігі жылы – Сегіз серінің 200 жылдық мерейтойы қарсаңында өткізілмек. Осындай мәдени мәні зор шараларды өткізуді дәстүрге айналдырсақ, рухани көкжиегіміз кеңейеді. Себебі, өңіріміздегі жастардың төлөнерге деген қызығушылығы жоғары. Әрі оларға үйрете алатындай мықты мамандар да бар. Алайда, бізде орта жоқ. Оқушыларымыз қанша дарынды болғанымен, оларда көру жоқ. Бұл тұрғыда біз Орталық, Оңтүстік және Батыс Қазақстанмен бәсекелесе алмай отырмыз.
– Осы күнге дейін жасалған қадамдардың қарымын бағамдай келе, елдің ертеңінен не күтесіздер?
Күлзағира НҰРТАЕВА:
– 1997 жылы ұлымды дүниеге әкелген кезде жоқшылықтың, тарлықтың, қиыншылықтың салдарынан болар, келер күнге үміт артпайтын едім. Өмірге әкелген балаларымыздың ертең сапалы білім алып, шет тілдерін меңгеріп, өзге елдердің жоғары оқу орнында оқиды деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмейтін еді. Тіпті, Елбасымыз “Қазақстан – 2030” Стратегиясын жариялаған кезде де оны құр қиял деп қабылдаған едік. Бүгін сол бағдарламаны толығымен орындап, болашаққа тағы да жоспар құрып отырмыз. Осы орайда, біз елдің ертеңінен тек жақсылық күтеміз.
Дайындаған
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
ТҮЙІН СӨЗ: Айтылған ойлардың астарына үңілсек, небір қиямет-қиындықтарды басынан кешкен, “тарихтың тағдырлы көші” дейтін ұзақ жолда өмір сүрген елдің бүгін қабырғасы қатайып, бұғанасы бекіген. Тәуелсіз мемлекетіміздің өзіміз күнде айтып жүрген “отыздық” емес, онның бірі боларлық мүмкіндігі бар. Бабалар қалдырып кеткен Ұлы дала алдындағы жауапкершілік бізді бүгін осыған міндеттейді. Ендеше, тарихқа есесі кеткен халқымыздың бүгінгі тағдыры біздің қолымызда екенін ұмытпайық.