«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НАННЫҢ ҚАДІРІН КЕТІРМЕЙІК

Біздің бала кезімізде әкем бөлке нанды тураған соң оның дастарқанға түскен үгіндісін сыпырып-сиырып жеп отыратын. Бізді де “Нанның қоқымын көп жесең, бай боласың”, – деп қолпаштап қоятын. Ал нанның жерде жатқанын көрсе, аса ашу шақыра қоймайтын әкемнің түсі бұзылып, дауысы қатқыл шығатын еді. Бірде мен осындай бір оқиғадан кейін: “Әке, неге сонша ашуланасыз? Қатып қалған нанға бола жүйкеңізді тоздырып”, – дегенім сол еді, ол, тіпті, ашуға булықты. “Көтер деген соң, көтер! Нанды аяқтың астына ойсыз адам ғана тастайды”, – деп қатулы қабағын жазбастан сыртқа шығып кетті. Кешкі дастарқан басына жиналып, баршамыз әкемнің баппен турап жатқан бөлке нанына қарап отырғанымызда ол сөз бастап:

Айналайындар, мен сендерге “нанды жерге тастамаңдар!”, “нанды баспаңдар!” деп қанша айтамын. Сендер тоқшылық заманының баласысыңдар. Ал біз бала кезімізде бір үзім нанға зар болып, аштықтың тауқыметін көріп өстік. Ондай заман қайта айналып келмесін. Мен туған жылы елімізде ашаршылық болып, бір үзім нан таба алмай, талайдың өмірі қиылғанын өздерің тарихтан оқып, біліп жүрсіңдер. Менің үлкен үш бауырым аштықтың бұғауында қалып, жас өмірлерін қиды. Ата-анам тойына тамақ жемегеннен ауруға шалдығып, өмірден ерте озды. Ұлы Отан соғысы жылдары егіс даласында қалған масақты жинап, қаншама адам жан сақтады. Баласы немесе бауыры аштан өлмес үшін бір уыс бидайды ұрлаған қаншама адам қылмыскер атанды. Ол туралы кітаптар да оқып, бейнеқойылымдар да көріп жүрсіңдер. Әрине, бүгінгі заманның балалары оны түсіне бермейді. Қарындарың бір күн де ашып көрген емес. Бірақ сендер дастарқанның үстінде тұратын тағамға құрметпен қарауды ұмытпауларың керек. Әсіресе, нанды жерге тастаған адамнан мен жақсылық күтпес едім, – деген еді.

Талай жыл өткен соң бұл әңгімені еске алуымның өзіндік себебі бар. Бірде қоқыс шығарайын деп, үй сыртындағы жәшіктердің қасына бардым. Күннің көкжиекке батып, ымырт үйіріле бастаған кез еді. Қара көлеңкеде аяғымның астында не жатқанын байқау қиын. Бір кезде дәл қоқыстың қасына жете бергенімде табаным қатты бір нәрсеге тигендей болды. Әлгі затты үстінен басып қалып едім, оның күртілдеп барып сынған дыбысы естілді. Бұл дыбыстан кеуіп қалған нанның үгілгенін бірден сездім. Ішкі жан-дүниемді бір қорқыныш билеп кеткендей болды. “Нанды басып кеттім-ау, оны жерге тастаған кім екен?” – деп бұл қылығымды біреудің мойнына артқым да келді. Төмен еңкейдім де, нанның үгіндісін топырағымен қоса уыстап алып, қоқыс жәшігіне салдым. Бірақ ол жерде жатқан нанның кесектері біреу ғана емес екен. Тіпті, оларды әдейілеп шашып тастаған сияқты. Әкемнің нақыл сөзін өмір бойы санамда сақтаған мен еңкейіп жүріп, көзіме іліккен нанның түйірлерін жинап алдым.

Мұндай жайлардың қоқыс жәшігінің жанында, көше бойында жиі қайталанатынын білемін. Өйткені, кейбір адамдар қаңғып жүрген ит-мысықтарға аяушылық білдіріп, пакетке салынған нан түйірлерін төменгі жаққа тастап кетеді. Ал оны жануарлар жұлмалап ашады да, жемей шашып тастайды.

Қала тұрғындарының тағы бір әдеті – көшеде көгершіндерге нанның, тәтті тоқаштардың қоқымын шашады. Тіпті, аяғын енді басып жүрген балаға да сондай әрекеттер үйретеді. Ондай жанашырлық та құптарлық іс дейік, бірақ, желінбеген нанның түйірлері сол бойы аяққа басылып, далада қалатындығы көңілге кірбең ұялатады.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp