
Бірнеше күнге созылған жаңбырдан кейін орақ науқаны қайта қызды. Жауапты науқан Тайынша ауданында да қарқын алған сәтте. Мұнда жоспарлы жұмыс 44 пайызға орындалған.
Үстіміздегі жылы аталмыш аудандағы егіс алқабы 570,2 мың гектарды құрайды. Бүгіндері танап басында жүрген 220 комбайнның көмегімен оның 184,3 мың гектары орылып үлгерілді. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Айгүл Хамзинаның айтуынша, жергілікті шаруалар 121,5 мың гектар бидай, 42,7 мың гектар арпа және 1,8 мың гектар бұршақ бастырған. Сәйкесінше, қоймалар мен элеваторларға 157,4 мың тонна астық жеткізілді. Астықтың әр гектарға шаққандағы орташа түсімі әзірше 9,7 центнерді құрауда.
Соңғы күндері толассыз жауған жаңбырдың кесірінен майлы дақылдар алқабындағы жұмыстар кестеден кешіктіріліп жүргізілуде. Жалпы, 157,7 мың гектарға егілген майлы дақылдардың тек 47 мың гектары орылған. Бұл – жалпы аумақтың 30 пайызы. Қазіргі уақытта диқандар 1,6 мың тонна рапс және 24,5 мың тонна зығыр жинап үлгерді. Майлы дақылдардың түсімі былтырғы көрсеткіштен жақсы. Аталмыш дақылдардың орташа гектар берекелігі 7-8 центнерден айналуда.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, бүгіндері өңір бойынша 1 млн. гектар алқаптың астығы орылып, 1,5 млн. тонна дақыл қамбаға құйылды. Жалпы, облыс бойынша әр гектардың орташа көрсеткіші 14 центнерді құрап отыр. Әзірше астықтың шығымдылығы бойынша Қызылжар ауданы көш бастауда. Облыс алқаптарында бүгінде 3 мың техника жұмыс істеуде. Оларға 7,5 мың тонна жанар-жағармай бөлінген. Жоспар бойынша облыс диқандары орақ науқанын қыркүйек айының соңына дейін аяқтауды көздеп отыр.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.